Ақжармада Басапа баба мешіті ашылды

Қасиетті құрбан айттың соңғы күні Сырдария ауданының Ақжарма аулында 200 адамға арналған мешіттің ашылу салтанаты болып өтті.

Имандылық үйінің көк желегін қию рәсімінде ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы аруақтарға бағыштап құран оқыды.

Осы ауылдың тумасы, жас ақын Ерасыл Бәйментай арнау жыр айтты.

«Нұр-Отан» партиясы Сырдария аудандық филиалының орынбасары Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында халықтық істердің қарқын алып отырғанын тілге тиек етті. Аймағымызда соңғы үш айда 3 мешіт есік ашыпты. Қазір облысымызда 171 мешіт болса, бұған енді Басапа ишан имандылық үйі қосылып отыр. Сонымен бірге ол имандылыққа ұйыған ауылдың ұйтқысы болып отырған кәсіпкер Қайрат Нұрсейітовке алғыс білдірді.

Бұл мешіттің бой көтеруіне «Ақжарма и К» шаруа қожалығының төрағасы, кәсіпкер Қ.Нұрсейітов мұрындық болған. «Қызыл Жарты Ай» қорынан көмек алуға қол жеткізіп, елдің қолдауына  сүйенген кәсіпкер сауапты істің негізгі салмағын өз арқасына салыпты.

Мұнан соң осы шараға арнайы келген Біріккен Араб Әмірлігі «Қызыл Жарты Ай» қоғамының Алматыдағы өкілі Асим Фадль Мохаммед сөз алды. Ол қазақ елінің дін ісінде өте игілікті жұмыстар атқарып келе жатқанына ризалық білдірді. Бұл мешіттің де рухани ағарту орны болатынына сенім артты.

Сонымен бірге Басапа ишан ұрпақтары – еңбек ардагері Ширек Ысқақов, Мұрат Сейітасқаров, Алматбек Әбілқасымұлы секілді кісілер де ыстық лебіздерін білдіріп, сөз арасында Басапа ишанның өмір жолынан деректер келтірді.  

Өзі дүниеден өткен соң да соңына мейірім шапағат қалдырып, ұрпақтарына атын ұмыттырмаған бұл кісі кім?  

  Басапа 1922 жылы Бұхарадағы «Мирараб» медресесін тәмамдап, елге оралып, Ақжарма елді мекеніндегі мешіт салдырып, елді имандылық жолына үндеген, жас балаларды дін ісіне үйреткен. Меккеде бірнеше жыл дәріс берген мұсылман қауымына белгілі ірі ілімдар Ақишанның шәкірті болған. 1937 жылы сталиндік репрессия қуғынымен Сібір түрмесіне айдалып, 1946 жылы сол жақта дүние салған.

Мына бір оқиғаны еске түсіру Басапа ишанның өте қасиетті кісі екенін айғақтай түседі.

1952 жылы осы өңірге түйеге жеккен арбасы бар, сақалдары беліне түскен екі орыс келеді. Жөн сұрағандарға «Басапа имамдық еткен мешіттің орнына бір аунап қайтайық деп едік» дейді. Діні бөлек адамның мешіттің орнына аунайын деп келгені дүйім жұртты таңдандырады. Бұлар Сібір лагерінде Басапамен бірге болып, оның  әулиелігіне тән­ті болған оралдық орыстар екен.

Басапа ишанның екі ұлы Сәпиулла, Сайфулла Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Екі қыз Әсия мен Зүбайдадан тараған ұрпағы бар.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 тамыз 2019 г. 1 044 0