Үміт ұясы: оңалту орталығында оң өзгеріс бар

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов сенбі күні Талсуат ауылындағы балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінде, мүгедектерге арналған оңалту ғимараты мен №2 мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Ем алушылардың жағдайын көріп, жылу беру маусымына дайындық барысымен танысты.
Балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2012 жылы пайдалануға берілді. Мекемеде 219 қызметкер, 100 адамға арналған стацио­нар, 50 орындық жартылай стационар бар.
– 3 жастан 18-ге дейінгі ақыл-есінде ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдерге арнайы қызмет көр­сетеміз. Оңалту, сауықтыру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде бізде 110 бала емделуде. Ата-аналардың күндізгі  жартылай стационарға сұранысы көп. Өйткені, бала күндіз осында, кешке үйінде болады. Ата-анасы жұмысқа тұруға, отбасындағы басқа да балаларға көңіл бөлуге уақыт табады. Бізде  мамандардың көмегі арқасында өз отбасына сауығып оралғандар көбейіп келеді, – дейді орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Күміскүл Жомартова.
Ем алушы балалар үшін барлық жағдай жасал­ған. Олар­дың арасында респуб­ли­калық өнер, спорт саласы бойынша түрлі жарыстарға қатысып, топ жарып жүргендері бар. Аймақ басшысы балалар толық ем алып, сауығуы үшін мекеме қызметкерлері аянбай еңбек етуі тиіс деп тапсырды.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған оңалту орталығы да 2012 жылдан бастап жаңа ғимаратта қызмет көрсетіп келеді. Аталған мекемеде 150 төсек-орынды жартылай стационар және 171 қызметкер жұмыс істейді. Орталықта ем алушылар аймақ басшысымен кездесу барысында ғимарат ауласына спорт алаңын салу туралы өтініштерін білдірді.
– Біз бұл жерді «үміт ұясы» деп те атаймыз. Өйткені, орталық өмірдің қиындығына түскен жандарға үміт сыйлап, болашаққа талпынуға көмектеседі. Жеті бағыт бойынша жұмыс жасайтын оңалту мекемесінде денсаулығыңды түзеп қана қоймай, өзінді рухани байыта аласың. Әзірге өзге өңірлерде жоқ мұндай денсаулық орнында ем алушылар қолдауды сезініп, жасалып жатқан шаралардың барлығын көзбен көріп отыр. Біздегі бір тілек, аулаға спорттық алаң болса деген ұсынысымыз бар. Жаз мезгілі ұзақ, келушілер далада, таза ауада дене шынықтырумен айналыссақ дейміз, – деді орталықта ем алушы Сағатбек Қуанышбайұлы.
Ұсынысты қолдай­тынын айтқан Қуанышбек Ысқақов спорт алаңын салу үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
№2 мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2016 жылы жұмысын бастаған болатын. Мұнда 400 орынға арналған стационар және 20 орындық жартылай стационар жұмыс істеп тұр.
– Бізде 8 бағыт бойынша жұмыс жүйесі бар. Қызмет көрсету сапасы да артып келеді. Өкінішке орай, жылма-жыл ем алушылар көбейіп барады. Өйткені, бұл кісілерді үй жағдайында ұстап отыру өте қиын, 24 сағат дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Жүйке ауруына шалдыққандардың орталыққа көптеп шоғырлануының бір себебі де сол, – дейді орталық директорының әлеуметтік қызмет жөніндегі орынбасары Темірхан Көрегенов.
Аймақ басшысы жоғарыда аталған нысандардың жұмысына оң бағасын берді. Алайда, ғимараттардың аулаларын көгалдандыру жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді. Уақытылы сенбілік жұмыстарын ұйымдастырып, ағаш отырғызып, көгалдандыру шараларын дұрыстап жүргізу қажет екенін баса айтып, мекеме басшыларына тиісті тапсырмасын жүктеді.
Ержан ҚОЖАСОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 тамыз 2019 г. 942 0