ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр құрылыс пен тұрғын үй тапсыру саласындағы өңірлердің көрсеткіштерін жариялады, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі.
«Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 2019 жылғы қантар-шілде айларында 111,5 пайызды құрады. 8 өңірде оң динамика байқалады. Атап айтқанда, Қызылорда (275,5%), Қарағанды (193,6%), Атырау (129%) облыстары көш басында. 3 өңірде көрсеткіштің төмендегені байқалып отыр. Олар: Маңғыстау облысы (-30,4%) және Нұр-Сұлтан (-12,5%), Шымкент (-34,4%) қалалары», - деді Роман Скляр Үкімет отырысында.
Министрдің айтуына қарағанда, 7 айдың қорытындысы бойынша елімізде 6,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ол 2018 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіштің 96,3 пайызын құрған.
«Республика бойынша барлығы 55 849 баспана пайдалануға берілді. Оның ішінде 24 013 жеке тұрғын үй бар. Тұрғын үйді тапсыру көлемінің артуы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 7 өңірінде жалғасуда. Тұрғын үйді тапсыру бойынша көш бастағандар: Түркістан (130,9%), Қызылорда (128,7%), Қостанай (118,6%) облыстары. Тұрғын үйді тапсыру қарқыны бойынша төмен көрсеткіштер Маңғыстау облысында (87,7%) және Нұр-Сұлтан қаласында (64,1%) байқалады. Жылдық жоспарға (105,0%) қол жеткізу үшін осы өңірлерде жұмысты жандандыру қажет», - деп түйді Роман Скляр.