Нарық қоғамына бейімделіп, отбасылық кәсіпті ерте қолға алғандардың бірі – жалағаштық Құсбековтер әулеті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық жаппай ала дорба арқалап, базар жағалап кетті. Сол кезде Жалағаш ауданында алғашқылардың бірі болып дүкен ашып, халыққа қызмет жасаған бұрынғы құрылысшы Болатбек Құсбеков – бүгінде ауданға белгілі кәсіпкер.
Аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысында қолтаңбасы қалған Болатбек ағаның есімі аудан жұртшылығына етене таныс. Ол 1977 жылы қала орталығындағы политехникумды бітіріп келген соң, аудан орталығындағы ПМК-5 құрылыс мекемесінде еңбек жолын бастады. Кейін өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында бірінші учаскеде прораб, механикаландырылған колоннаның учаске бастығына дейін көтерілді. Сол кезеңде 18 пәтерлік тұрғын үй, мәдениет үйі, Қаракеткен мен М.Шәменов ауылындағы мектеп, ауылдық клуб және тағы сол сияқты көптеген құрылыс жұмыстары қарқын алды. Осы салада елеулі еңбек еткен ол аудандағы сәулетті нысандардың бой көтеруіне атсалысып, абыройлы қызмет атқарды. Содан соң тоқсаныншы жылдары сауда сөрелерінде азық-түлік тапшылығы байқалған тұста ел экономикасын еселеуге кірісіп, жергілікті халықты ұнмен қамтамасыз етті. Сол кезеңдерде алғашқылардың бірі болып аудан орталығынан «Бағдәулет» сауда орнын ашып, кәсіпкерлік бағытында халыққа қызмет көрсете бастады. Ал қазір атакәсіпті қолға алып, қорасын төрт түлікке толтырып отыр.
Кәсіпкер 2005 жылы өзінің жеке шаруа қожалығын ашып, аграрлық саланы қаржылай қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрді. Атакәсіпті дамытуды қолға алған шаруашылық иесі мал басын көбейтумен қатар, ет, сүт бағытында жұмыс жасап, экологиялық таза, жергілікті өнімді тұтынушыларына үлестіріп келеді. Мал асылданбай, өнім молаймайтынын білген ол 2011 жылы «Агронесие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы арқылы 7,9 млн теңге несие алып, қаржыны 2 бас асылтұқымды бұқа мен 48 бас аналық сиыр алуға жұмсады. Бүгінгі күнде мұндағы мал төлін қоспағанда аналық сиырдың саны 100-ден асады.
Кәсіпкер Мәдениет ауылының маңайынан мал өсіруге қолайлы 41 гектар жайылымдық жер алып, үй тұрғызып, қоражай салған. «Мал баққанға бітеді» демей ме?! Малдың құнарлы жем-шөбінен бастап, түрлі ауруларға қарсы екпелерінің уақытылы салынып тұруын, қоражайының санитарлық тазалығын, тіпті қоражай ішінің қалыпты температурасына дейін иесі қадағалап отыруы керек. Күтімсіз мал басы көбеймейді. Бұл тұрғыдан келгенде кәсіпкер ыждағатты. Таң азаннан тұрып малды сауу, өріске шығару, қорада қалатын төлдерін суарып, жемдеу, қора жайын тазалау секілді жұмыстарды Болатбек ағамыз бен ұлы Нұрдәулет атқарады.
– Ата-бабамыздың тұрмысына тұтқа болған төрт түлік малдың тұяғы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тым азайып, мал шаруашылығы кенжелеп қалған болатын. Еліміз еңсесін тіктеген соң ел экономикасының әлеуетін күшейтіп, халықтың әлеуметтік жағдайын нығайту үшін аграрлық салаға көңіл бөлініп, кешенді шаралар қабылданды. Нәтижесінде көптеген бағдарламалар өмірге келді. Мен де «Сыбаға» бағдарламасынан сыбағамды алғандардың бірімін. Бүгінде шаруашылықтағы Зеңгі баба түлігінің басы жүзден асып жығылады. Олардан жыл сайын 60-70 бас төл алынады. Жайылымдық жердегі үйге арнайы күн электр құрылғысы орнатылған. Шүкір, адал еңбектің арқасында жыл сайын төлге төл қосылып, малдың басы көбейіп келеді. Жылқы малы да бір үйірден асады. Жылқыны үйірінен іріктеп алып, бордақылаймыз. Сауыншылар 80-ге жуық сиырды сауып, одан шыққан сүтті мектеп, балабақша асханаларына, сауда дүкендеріне өткізеді. Тек мал шаруашылығымен ғана шектелмей, кәсібімізді одан әрі кеңейту бағытында кент орталығынан әлеуметтік нысан салдық, – дейді Болатбек Әубәкірұлы.
Иә, кәсіпкер сүт, айран, қатық, сүзбе, қаймақ, құрт, ірімшік секілді өнімдерді төмен бағамен аудан халқына ұсынып отыр. Бұл шаруа қожалығы мал азығы мен шөпті де өздері дайындайды. Жыл сайын 30 гектар жерге жоңышқа, 50 гектарға күріш егіп, оны жиын-терім науқанында ысырапсыз жинап алады.
Береке дарып, құт қонған Құсбековтер шаңырағындағы ұл-келіндері қазіргі таңда ата-анасының кәсібіне демеу болып, шаруашылық жұмыстарды жүргізуге қолғабыс етуде.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
Жалағаш ауданы.