Жаңашылдық көкжиекті кеңейтеді

     «Алма піс, аузыма түс!» деп жатқаннан шаруасы шалқыған кімді көрдіңіз? Кәсіпкерлік дегенде аты ауызға алдымен ілінетін, экономикасы облыс бойынша алдыңғы қатарда тұратын Сырдария ауданында да мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүзеге асуда. Тіршілік түйткілін тап басып, ауданда жоқ жаңашылдықты қолданысқа енгізуде көш соңында қалған жоқ. Кәсібін дөңгелетудегі көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,9 процентке жоғарылаған. Биылғы қаңтар-шілде аралығында 278 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

– Аймақ басшылығы кәсіпкерлікті дамытуды алдыңғы орынға қойды. Өйткені, біз осы саланың дамуы арқылы көптеген мәселенің шешімін таба аламыз. Биылғы алты айда аудан бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты арқылы 241,4 млн теңге тұратын 83 жоба қаржыландырылды. Олардың басым бөлігі мал басын көбейту, бордақылау, монша ашу, шаруашылығына қажетті техникалар алу тәрізді мақсатты көздейді. «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 36 адамға 9,4 млн теңге қайтарымсыз қаражат грант негізінде берілді, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмат Сәдуақасов.

Ауданда «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы да тысқары қалған жоқ. Бұл бағытта 133 млн теңге тұратын 37 жоба қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының субсидиялау, кепілдендіру бағыты аясында 172,7 млн теңгенің 5 жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылды.

– Аталған бағдарламаның грант беру тетігі аясында 10 адам 3,1 млн теңгенің грантын ұтып алды. Аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес-Кеңесші» курсын 80 адам, «Бастау-Бизнес» курсын 80 азамат оқып, сертификат иеленді, – дейді А.Сәдуақасов.

Жалғыз «ветаптека»

Өткен жылы Дана Ашабаева облыс басшысының қолынан «Ең үздік жас кәсіпкер» номинациясын алып, 1 млн теңге сыйақыны иемденген. Лайықты. Ол аудан орталығындағы жалғыз ветеринарлық дәріхананы ашты. Ауданда жалғыз.

– Өзім И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық колледжін мал дәрігері мамандығы бо­йынша бітіргенмін. Қызылордада біршама жыл ветеринарлық дәріханада жұмыс істедім. Тұрмысқа шығып, өз теңімді тауып Тереңөзекке қоныс аударғанда мұнда ондай нысан жоқ екенін аңғарып, өз қаражатыма аштым. Қазір ғимаратты жалға алып отырмын. Енді өз алдына ғимаратын салып, бөлек шығып, кәсібімді үлкейткім келеді. Бұл ретте Қызылорда өңірлік инвестициялар орталығынан 2 млн теңге несие алдым, – дейді Дана Ашабаева.

Мемлекеттік бағдарламаларды жіті меңгерген жас кәсіпкер мал шаруашылығына мән берілген уақытта ветеринарлық кәсіпке де тоқтам болмайтынын айтады. Өйткені, бір сала дамыса, оған қатысты қосалқы салаларда да дүмпу болатыны анық.

– Қазірдің өзінде ит, мысыққа ем-дом жасаймын. Үй жануарлары тұрақты егіп тұруды қажет етеді. Аурулардың алдын алу жағы тағы бар. Болашақта ветеринарлық клиника ашу да жоспарда бар. Қазір сол мақсатқа сай тер төгіп жатырмын, – дейді арманшыл жас.

Алматыдан келіп,

монша ашты

Жас кәсіпкер Ердос Бақторазов оңтүстік астанада білім алған. Демалыста ауылға келсе, монша таппай қиналатын. Оның кеудесіндегі арман оты сол кезде тұтанған еді. «Бір кәсіптің тұтқасын ұстап, қалыптас­қанда ауылдан талапқа сай монша ашамын» деп армандады. Иә, содан бері де көп уақыт өткен жоқ...

– Жұртшылықтың ұнамдысына айналсын деп атын да «Керемет» қойдық. Біраздан бері ойда жүрген іс еді. Алты ай бұрын іске қостық. Он сегіз адам бір мезетте түсе алады. Өз ақшамызға алғашқы аяқ алысын байқадық. Енді қосымша құрылыс жүріп жатыр. Арғы жақтан отбасылық монша ашып жатырмыз, – дейді Е.Бақторазов.

Отбасылық монша 24 адамға арналған. Алты кабина салу жоспарда тұр. 220 шаршы метр жерді алып жатыр. Бұл нысанда бассейн де болады деп отыр кәсіпкер. Әзірге үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қараша айында тағы бір адамды жұмыспен қамтымақ.

– Жалпы осы іске өзімнен 16 млн теңге қаражат шықты. Ал кәсібімді үлкейтуге мемлекеттік бағдарлама бойынша Қызылорда өңірлік инвес­тициялар орталығынан «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы арқылы 10 млн теңге төмендетілген пайызбен несие алдым. Қазір кәсіпкерлерге қолдау көп. Осылай ісіміз де өркендей бермек. Көгілдір отынға әзір қосыла қойған жоқпыз, сондықтан көмір жағамыз. Оның да бағасын ел ағалары қалтаға қонымды етіп, төмендеткен еді, – дейді жарқын болашаққа жаңа көзқараспен қарайтын жас.

Ердос бұған дейін жолаушылар тасымалымен айналысты. Қазір де бұл кәсіпті тоқтатқан жоқ. Өзінің иелігіндегі екі газель автокөлігімен қала мен кент арасына қатынап жүр.

Дәулет ҚЫРДАН.

Сырдария ауданы.


 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 тамыз 2019 г. 476 0