ҒАЛЫМНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ

ҒАЛЫМНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫҚызылордада физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асан Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған «Қазіргі заманғы математика: проблемалары және қолданыстары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Адамзат тарихында бар саналы ғұмырын өз елінің келешегі үшін арнаған тұлғалар жетерлік. Солардың бірі – әлемдік математика ғылымында есімі мәшһүр, Қазақстан математика мектебінің негізін қалыптастырушы қайталанбас тұлға Асан Дабысұлы. Модельдер теориясы мен математикалық логика саласының негізін қалаушы ретінде ерекшеленген ғалымның Қазақстан және Ресей ғылымына сіңірген еңбегі орасан зор.
Ол өткен ғасырдың елуінші жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында жоғарғы математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Сол кезеңде аймақтың ғылымы мен білімінің дамуына сүбелі үлес қосқан жаңашыл ғалым студенттер мен оқытушылардың ғылыми қызметін ұштау бағытында тың идеялардың бастаушысы болып, салада шығармашылық табыстарға қол жеткізумен қатар әлемді таңғалдырған жаңалықтарды өмірге әкелген. Ғалымның білімге, ғылымға құштарлығы шәкірттері арасынан белгілі ғалымдардың көптеп шығуына себін тигізді.
Сыр білімінің қарашаңырағы өзінің 75 жылдық тарихында ерекше орны бар тұлғаларды ұлықтау арқылы студенттер қауымын білім мен ғылымның биік шыңына жетелеуді дәстүрге айналдырып келеді. Сондай игі шараның бірі – академик Асан Таймановтың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналып өткізіліп отырған халықаралық ғылыми конференция.
Бейсенбі күні басталған ғылыми форумға қатысушылар университеттің бас оқу ғимаратындағы «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залы мен «Археология және этнография» экспозициялық залын аралап көрді. Одан әрі конференцияның бірінші пленарлық мәжілісі өтіп, онда ҚР Білім және ғылым министрлігі математика және математикалық модельдеу институты бас директорының орынбасары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бектұр Байжанов, Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімінің С.Л.Соболев атындағы математика институты есептеу техникасы және геофизикалық жүйе зертханасының меңгерушісі Сергей Кабанихин, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры Виктор Вербовский, Қазақ-Британ техникалық университетінің профессоры Нұрлан Дайырбеков, басқа да ғалымдар баяндама жасады.
Кеше, конференцияның екінші күнінде университеттің №6 ғимаратында академик А.Таймановтың қоладан құйылған бюсі мен ғалым атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты болды.
Салтанатты шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ғалымның ұлы, Ресей ғылым академиясының академигі Искандер Тайманов, ғалымның шәкірті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бектұр Байжанов сөз сөйледі. Салтанатта аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы мен ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ғалым бюсінің лентасын қиды. Бұдан соң мәртебелі меймандар дәрісхананың ашылу рәсіміне қатысты.
Дәрісханада академиктің өмірі мен қызметіне арналған арнайы стендтер, ғалымның ғылыми еңбектері мен тұтынған заттары (қаламсап, сағат, Бүкілодақтық «Білім» қоғамының мүшелік билеті, ғылыми мақалаларының қолжазбалары), тағы басқа құнды дүниелер қойылған.
Конференция одан әрі Студенттер сарайында өткен пленарлық мәжіліске жалғасты.
Мәжілісті Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Қылышбай Бисенов сөз сөйлеп ашты.
Мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті механика-математика факультетінің жаратылыстану ғылымдарында компьютерлік әдістер зертханасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Алексей Августинович Тужилин, ғалымның қызы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Надежда Асанқызы Шкаликова сөз сөйледі.
Конференцияда академиктің ұлы, Ресей ғылым академиясының академигі, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімі С.Л.Соболев атындағы математика институтының динамикалық жүйелер зертханасының меңгерушісі, Новосібір мемлекеттік университеті геометрия және топология кафедрасының меңгерушісі Искандер Тайманов, ҚР Білім және ғылым министрлігі математика және математикалық модельдеу институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімі С.Л.Соболев атындағы математика институтының зертхана меңгерушісі, Новосібір мемлекеттік университетінің профессоры Евгений Андреевич Палютин, басқа да ғалымдар баяндама жасады.
Халықаралық конференцияның екінші пленарлық мәжілісі бүгін жұмысын одан әрі жалғастырды.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


СЫР ЕЛІН САҒЫНЫП КЕЛДІМ

– Менің әкемнің еңбегін ескеріп, осынау шараның өтуіне қолдау көрсеткен аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлына, шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған университет ректоры Қылышбай Алдабергенұлына алғысым шексіз. Қызылорда қаласы менің кіндік қаным тамған жер. Балалық балдәурен шағым осында өтті. Сондықтан Сыр өңірі маған әркез ыстық көрінеді. Мен алыста жүрсем де, Сіздерде болып жатқан өзгерістерге қызығушылық танытып, тілеулеріңізді тілеп отырамын. Әсіресе, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына алғысым шексіз. Бұл азамат Батыс Қазақстан облысын басқарған кезінде де әкемнің аруағын тірілтіп, Тайманов оқуларын дәстүрге айналдырған еді. Енді, міне, Сыр топырағында да әкемнің еңбегін дәріптеуде. Мен үшін бұдан өткен бақытты шақ болмас, сірә.

Надежда Асанқызы ШКАЛИКОВА,

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты.


ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ

Қай халықтың болмасын тарихында тәлімгер ұстаздың тұлғасы асқақ тұратыны белгілі. Адамгершілік пен мәдениеттіліктің, білім мен біліктіліктің бастауы қашан да ұстаздан алған тәлім-тәрбиеге байланысты болатындығы заңды құбылыс.

Мен академик ағамызбен он жылдай қызметтес болдым. Ол нағыз интеллигенттің символы болатын. Шәкірттерін бірінен-бірін бөле жармайтын, соған сай шәкірттері де оны аса құрмет тұтатын. Математика ғылымына бейімі бар талантты студенттерге көмегін көрсетіп, ғылымға құлаш ұруға бағыт беріп отырды.
Қашан көрсең де терең ой үстінде жүретін ғалымның дәрістері кім-кімді де бірден баурап алатын. Оның тақырыпты нақпа-нақ айтып жеткізетіні сондай, студенттер ұйып тыңдайтын. Мен ол кісіге тікелей шәкірт болып, дәріс алмасам да, әріптес ретінде жақсы қасиеттерін бойыма сіңіруге тырыстым. Сабырлы болуды, ойланып барып сөйлеуді үйрендім. Бірнеше жыл қызметтес болған мен Асан Дабысұлының өз ісіне деген жауапкершілігіне, ғылымға деген адалдығына куә болдым. Ұлылықтың басында ұстаздың тұратындығына шынайы көз жеткіздім. Бір сөзбен айтқанда, Асан Тайманов ұстаздардың ұстазы деген мәртебелі атаққа лайық азамат болды. Бұл атаққа ие болу кез келген адамның қолынан келе бермейтіні ақиқат.
Әбибулла ТӨРЕҚОЖАЕВ,
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің профессоры, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Нью-Йорк академиясының мүшесі.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ТАНЫМ 26 қазан 2013 г. 1 602 0