«Шағын ательені тігін фабрикасына айналдырғым келеді»

Шиелілік кәсіпкер Тоғжан Мұсаева – ісмерлікті іскерлікке айналдыра білген жан. Мамандығы мұғалім болғанымен, жүрек қалауы тігіншілікті таңдап, тәуекелге бел буған ол сол кезде есімі елге белгілі кәсіпкер болам деп ойламаса керек.

Кішкентайынан анасының жанында отырып, ине ұстауды үйреніп, қолы қалт ете қалса, қиып, пішіп, тігуге құмар болды. Замандастарымен бірге оқу орнына түсіп, мұғалім екендігін растайтын дипломды алса да, мектепке бармады. Бар арманы – тігінші болу. Алған бетінен қайтпаған Тоғжан өзі сүйген мамандықтың иесі атанды. Еңбек жолын облыс орталығындағы «Сыр аруы» ательесінде бастаған ол шеберлер ортасынан тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп шықты.

Ойлана келе, 2015 жылы туған жерінде кәсіпке алғашқы қадамын жасайды. Ел ішінде «тігінші Тоғжан» атанса, кейіннен «Тоғжан» ательесі танымалдылыққа ие болды. Ең әуелі бір-екі тігін машинасымен бастаған жұмысы уақыт өте келе аудандағы сұранысқа ие орталыққа айналып, 10 адамды жұмыспен қамтыды. Сұраныс артқан сайын еңбек күші де қажет. Ал бұл аудандағы жұмыссыздықты азайтуға бірден-бір сеп. Қазір «Тоғжан» ательесінде 15 адам тұрақты еңбек етуде. Мұнда ұлттық киімдер, той көйлектері, мектеп формалары, перде, көрпе-көрпеше, қыз жасауы дайындалады. Сондай-ақ, аудан көлеміндегі барлық өнерпаздар сахналық киім әзірлеуде «Тоғжанға» сенім артқан. Қысқасы, қандай тапсырыс берсеңіз де ісмерлер орындауға әзір.

– Халық сұранысына сай қызмет етудеміз. Қазір көпшілігі дайын киім сатып алғаннан гөрі, өз қалауымен тіктіргісі келеді. Нәтижесінде бізде тапсырыс көп. Тұрғындар сұранысын жылдам әрі сапалы орындай алатынымыз – ұжым еңбегі, – дейді Тоғжан Мұсаева.

Кәсіпті дамыту үшін несиеге иек артпаған кәсіпкер өз еңбегімен алға басып келеді. Алдағы уақытта шағын кәсіпті ірі тігін фабрикасына айналдыруды армандайтынын да жасырмады.

– Елімізде жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлес қоссақ деймін. Отандық өнімді дамыту үшін көп еңбек қажет. Аймағымызда үш жыл қатарынан кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялануы салаға серпін берді. Келешекте кәсібімнің көкжиегін кеңейтсем деген жоспарым бар. «Тоғжан» киім­­дері елге танылса деймін. Шағын ательені жүздеген адамды жұмыспен қамтыған тігін фабрикасына айналдыр­ғым келеді, – дейді арманы асқақ кәсіпкер.

Тағы бір атап айтарлығы, Тоғжанның екінші тігін цехы Бидайкөл елді мекенінде ашылды. Мұнда 5 адам жұмыс істейді. Бұл ауыл тұрғындарын қатты қуантты. Алға қойған мақсат жолында ерінбей еңбек еткен нәзік жанның алда талай белес­терді бағындыратынына еш шүбәміз жоқ.

«Тоғжан» тігін орталығы тұрғындарды жұмыспен қам­тып ғана қоймай, кейінгі толқыннан білікті маман дайындауға үлес қосып келеді. Шиелі индустриалды-аграр­лы колледжінде тігінші мамандығын оқып жатқан студенттер осы орталықта тәжірибе жинап, кейін жұмысқа тұрып жатыр. Мұнан бөлек, аудандағы тігіншілікке талабы бар «Жұмыспен қамту» ­орталығына тір­­келген жұмыссыз қыз-­ке­ліншектерді мем­ле­кеттік тапсырыс аясында арнайы курстан өткізуде.

Жүгі ауыр жеңіл өнер­кәсіпті дамытуды мақ­сат еткен Тоғжанның тізгініндегі тігін ательесі материалдық-техникалық базасы жағынан кез келген тапсырысқа сақадай сай. Жаңа үлгідегі тігін машиналары тігіншінің алдында зырылдап жұмыс істеп тұр.

Әрдайым ізденісте жү­ретін кәсіпкер биылғы жылдың көктемінде Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған «Ұлттық өнім» конкурсына қатысып, есімі «Қазақстандағы ұлттық өнім» кітабына енген. Бұл құрмет кәсіпкерге қанат бітірді. Сөзден гөрі іске бейім Тоғжанның жетіс­тігі бұл ғана емес.  Ол – республикалық жеңіл өнеркәсіп ғылыми-зерттеу институты, «Сән әлемі» дизайн және технология институтының ғы­лыми кеңесінің шешімімен «Тігін өнеркәсібінің профес­соры» құрметті ғылыми ата­ғын иеленген санаулы бі­лікті маманның бірі.

Жақында облыс орталы­ғында ұйым­дастырылған «Қа­­зақстанның үздік тауары» өңір­­лік көрме-­бай­қауында «Тоғ­­­­жан» ательесінің ұлттық бұ­йым­дары көпшілікті там­­сандырды. Ел алғысына бөленген кәсіпкер көрмеден Алғыс хат алып қайтты.


Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 тамыз 2019 г. 1 772 0