Даму кілті – кәсіпте

 Сыр өңірінде бүгінде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Бұл саланың қарыштап дамуына түрлі мемлекеттік бағдарламалар өз септігін тигізуде. “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Микробизнес – Қызылорда” өңірлік бағдарламасының игілігін көрушілердің қатары жыл санап артып келеді.  Мәселен, бір ғана Жалағаш ауданында осы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша 2300 кәсіпкерлік субъект тіркелген. Оның 89,1 проценті жұмыс жасап тұр. Жыл басымен салыстырғанда тіркелгендердің саны 40 бірлікке, ал, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандар саны 170 бірлікке ұлғайған. Сала бойынша 5,9 процентке өсім бар.

 Тіркелген  шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің экономикалық қызмет түрлерінің басым бөлігінің 27,5%-і мал шаруашылығына (643), 17,6%-і бөлшек және көтерме саудаға (412),
10,8%-і жолаушылар және жүк тасымалдау (253) қызметтеріне бағытталған.
Ағымдағы жылдың 6 айында ауданда мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 167 кәсіпкер 1311,4 млн теңгеге қаржыландырылды.
Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдары арқылы 4 жобаға 195,0 млн теңге қаржы бөлініп, пайыздық мөлшерлеме бағдарламаның шартына сәйкес субсидияланды. Оның ішінен 2 жоба 47,4 млн теңгеге ішінара кепілдендірілген.
        Сонымен қатар, аталған бағдарламаның мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша 7 жоба 2,4 млн теңге қайтарымсыз грантқа ие болды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 61 жоба 240 млн теңгеге қаржыландырылды.
Аталған бағдарламаның мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша 45 жұмыссыз азамат 11,7 млн теңге қайтарымсыз негізде қаржылай қолдауға ие болып отыр. Ал «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының «Микробизнес - Қызылорда» бағдарламасы аясында 30 жоба 100,4 млн теңгеге қаржыландырылған.


Аққұмдағы алымды істер


Бүгінде аққұмдық 23 жастағы Дәуіржан Қайрат ата кәсіппен айналысып, нәсіп табуда. Ол мал басын көбейту мақсатында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС «Еңбек» бағдарламасы арқылы 3 млн теңге көлемінде несие алып, 10 бас мүйізді ірі қара алған. Қазіргі таңда олардың саны 30-ға жеткен. Кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкердің қарамағында 2 адам жұмыс жасайды. Өз ауылы мен жақын елді-мекендерді сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Дәуіржан алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Ауыл адамдарына  мал шаруашылығымен айналысу өте қолайлы

деп ойлаймын. Сондықтан осы бағытта жұмыс жасағым келіп жоба ұсындым. Ұсынысым қолдау тауып 6 процентпен 3 млн теңге көлемінде несие алдым. Ендігі жерде кәсібімнің ауқымын кеңейтіп, мал басын көбейтіп қана қоймай, бордақылау алаңын салу ойда бар, – дейді Д.Қайрат.


          Аққұм ауылында жеке кәсібін дамытып отырғандардың бірі – Айнұр Дәужанова. Жергілікті ауруханада аспазшы болып істеген ол өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленеді. Бұл қаражатқа түрлі тәттілер мен нан өнімдерін пісіруге арналған пеш алып, “Медғат тәттілері” кондитерлік цехsн ашады. Бүгінде кәсіпкер ауыл халқын нан өнімдерімен қамтамасыз етуде. Айнұрдың тәттілеріне ауылда сұраныс көп екен. Әсіресе, той-томалақта, құдайыда тапсырыс мол болатын көрінеді. Кәсіпкер өз кәсібін 2h3 0fhfq жандандырып, өзге елдімекендерді де тәтті бәліштермен қамтуды жоспарлауда.








 Мал өсірсең қой өсір...

Бұқарбай батыр ауылдық округінің тұрғыны  Бауыржан Ғазизов қой шаруашылығымен айналысып келеді. Өткен жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ  «Еңбек» бағдарламасы арқылы 1 млн теңге көлемінде несие алып, 40 қой сатып алған. Олардың саны қазіргі таңда 75-ке жетіп отыр. Кәсіпкерге інісі қолғабыс етеді. Өнімін әлі сатып көрмеген, десе де, қой жүніне сұраныс жоқ болғандықтан далаға тастауға мәжбүр екенін айтады.

Қой өсіру өте  қолайлы. Келешекте асылтұқымды мал басын, оның

ішінде аналық басты көбейтіп, ет бағытында да жұмыс жасағым келеді. Алайда, қойдың жүнін еш жерге өткізе алмай отырмыз. Сұраныс жоқ, қырқылған жүндер ысырап болып жатыр. Қой жүнін өткізетін жер болса, – деген кәсіпкер Шопан ата төлінің қоңдылығын арттырып қана қоймай, жылқы мен ірі қара өсіруді де көздейді.




Үлкен бизнес шағын кәсіптен басталады

  Жалағаш ауданында халыққа қызмет көрсететін түрлі орталықтардың қатары жыл санап артып келеді. Соның бірі Манарбек Қожахметов ашқан “Салта-массаж” салоны. Жергілікті тұрғындарға тиімді бағада қызмет ұсынатын кәсіпкер Нұр-Сұлтан қаласында арнайы оқу оқып, қазіргі таңда жары екеуі бірге жұмыс істейді. Манарбек остеохондроз, артрит, артроз, дисплазия ауруларын емдеп, классикалық массаж түрлерін жасайды. Ауданда оның еміне жүгінетіндер көп екен. Қазіргі күні халық ауылдан келіп ем алып жатқан көрінеді.

Массажбен айналысқаныма 3 жыл болды. 2017 жылы "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы 1 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болдым. Сол арқылы осы салонды ашып халыққа қолымнан келгенше қызмет жасаймын. Салонымызға күніне 15-20 шақты адам келеді. Қызмет құны күніне 1000 теңге, бір курсы 10 күн. Сұраныс бар, инсульт алған адамдардың үйіне барып емдеймін. Ем алушылар алдын ала жазылады. Алда жоспарлар көп, қызмет алушылар қатары артып жатқандықтан салонды кеңейту, оған қажетті техникаларды алу басты орында тұр, – дейді Манарбек Қожахметов.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

Жалағаш ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 тамыз 2019 г. 614 0