« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жалпы жоспар бойынша бұл аумаққа 800 пәтерді құрайтын тұрғын үй кешені, әлеуметтік-мәдени және білім беру нысандарын салу көзделген. Сонымен қатар, 100 адамды қабылдай алатын емханасы бар, 300 адамға арналған көпсалалы аурухана, музей мен студенттер қалашығы салынады. Осында орналасқан 320 орындық балабақшаға балаларды қабылдау жүріп жатқанын білдік.
Дария жағасынан үй алған Айгүл Мұсаева есімді қала тұрғыны өз қуанышымен бөлісті.
– Жаңа үйге кіргенімізге екі айдай уақыт болды. Көңіл-күйіміз өте жақсы. Дарияның жағасында болған соң таза ауа, самал жел жанға жайлылық сыйлайды. Қоғамдық көлік те келеді. №18 бағыттағы маршрут үздіксіз қатынап тұр. Менің байқағаным, мұнда жас отбасылар көптеп қоныстануда. Кешке қарай аула алдына серуенге шығып, әдемі әңгіме-дүкен құрамыз, – дейді ол.
Сол жағалаудағы құрылыс алаңы 1532 гектар жерді құраса, оның ішінде аумағы 500 гектар жерге бірінші кезекте құрылыс жүргізілуде. Халыққа ыңғайлы және қолайлы өмір сүру ортасы бар, ұлттық сәулеті ерекшеленген, жаңа заманауи көпқабатты үйлер құрылысын салу көзделген. Себебі, соңғы уақытта халық санының артуы қалада тұрғын үй салу үшін қосымша аумақты қажет етті. Сондықтан да 5-7-12 қабатты тұрғын үй кешендерін салу жоспарланған. «Қазқұрылыс» компаниясының аумақтық бригадирі Нұрымғани Арызқұлов №6 үйдің құрылысы толығымен аяқталғанын және онда тұрғындар қоныстанып жатқанын тілге тиек етті.
– Біздің компания құрылысшылары 38 пәтерлі 5 қабатты №6 тұрғын үйді салды. Дәл қазіргі сәтте 35 пәтердің құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтап, пайдалануға берудеміз. Тұрғындарға қолайлы жағдай қарастырылған. Су, жарық, көгілдір отын, интернет, т.б қызметтің барлығы бар деуге болады. Есіктері домофонмен жабдықталған. Сонымен бірге №38 үйдің құрылысын бастап жатырмыз. Бұл да 40 пәтерлі бес қабатты үй. Жоспар бойынша желтоқсанның 25-не дейін тапсыруымыз керек, – дейді ол.
Сырдария өзенінің сол жағалауында тиімді инвестициялық климатты қалыптастыратын әкімшілік-офистік, мәдени-ойын-сауық, сауда-көрме, спорттық, коммуналдық, сондай-ақ, мешіттердің, этноорталықтың, қонақ үй және элиталық тұрғын үй кешендерінің, білім, денсаулық және әлеуметтік объектілердің, 15 мың адамға арналған стадионның құрылыстарын жүргізу жоспарлануда. Жоба бойынша сол жағалауда жаяу жүргіншілерге арналған бульварлар, фонтандар, ландшафтық гүлдермен және әсем бұтақтармен көмкерілген композицияларды, сондай-ақ бульвар бойымен велосипед тебуге арналған жолдар, кафе-ресторандар желісін орнату көзделуде. Ескі қалалардың сәулеттік элементтерін кеңінен қолдану және сол жағалаудағы жаңа қаланың келбетіне ұлттық нақыш беру қолға алынған. Салынатын ғимараттардың қасбеттері шығыс және ұлттық нақышта. Жалпы, сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралатын болады, оның ішінде 11-і аудан, 1-і индустриялық аймақ және 3-і ірі саябақ және гүлзарлар болып қарастырылған. Әрбір тұрғын үй ауданының ішінде мектеп пен балабақша, емхана, дүкендер және тағы басқа қызмет көрсету орындары орналасатын болады. Бірінші кезекте жүзеге асырылатын аумақта мәдени-танымдық мақсаттағы нысандар салу жоспарлануда. Атап айтқанда, үлкен ән аренасы, этнографиялық мұражай кешені, Қорқыт ата интерактивті мұражайы, балалар шығармашылығы сарайы, саз мектебі, цирк, драма театр, «Құстар әлемі» оранжереясы мен медиаорталық.
Қаладан қайтар жолда немересін жетектеген ата- әжені көрдік. Өздерін Үміт, Серік деп таныстырған олар сол жағалаудағы інісінің үйіне қонаққа келгендерін айтты.
– Қазір шамалы уақыт қалаға шықпай қалсаң, көп өзгерістерден қалыс қаласың. Мынадай әдемі үйлерді, әсем ауланы көріп қуанып келеміз. Болашақта шаһарымыздың шырайы одан әрі арта түсеріне сенім мол. Барлығы жастардың игілігіне жасалған жақсы дүние ғой, – деп тілектестігін білдірді.
Дарияның жағасында бір қала бар,
Айналған Сыр елінің мақтанына, –
деп ақын жырлағандай, сәулеті мен дәулеті сәт сайын өсіп, көркі күн сайын артқан қаламыздың гүлденген дәуіріне куә болатын күн алыс емес.
Айсәуле Қарапаева.
Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |