Жауапты кезеңге жан-жақты дайындық

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалық етуімен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды.

Аймақ басшысы алдымен облыс әкімінің кеңесшісі Ержан Әбдірахмановтың басқа лауазымға ауысуына байланыс­ты қызметінен босатылғанын мәлімдеді. Ол облыстық мә­дениет, архивтер және құжат­тама басқармасын төрт жылдан астам уақыт басқарды. Сол аралықта әртүрлі мәдени шаралардың жоғары дәрежеде өтуіне ықпал жасады.

– Сыр бойындағы орта­ғасырлық қалалар мен Сауыс­қандық шатқалындағы таң­баларды ЮНЕСКО тізіміне енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалін ұйымдастырып, туыс халық­тардың алғысын алды. Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында жас­тар труппасын, облыстық филармонияда камералық оркестр құруға себепкер болды, – деген облыс әкімі оған алғыс хат табыс етті.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов басым бағыттың даму барысына тоқталды. 1 шілдедегі мәліметке сүйенсек, аймақта 51274 (жыл басында – 51078) шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 86,3 проценті жұмыс істеп тұр.

Өсім болғанымен өзге өңірлер арасында Қызылорда төменгі орында. Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандарында кәсіпкерлер саны азайған. Облыс бойынша кәсіпкер санының қаңтар және сәуір айларында жоғарылап, ақпан, наурыз, мамыр айларында күрт кемігенін байқаймыз. Белсенділік үлесі жөнінен Сыр өңірі Түркістан мен Маңғыстау облыстарынан кейінгі орынға жайғасты.

– Жаппай кәсіпкерліктің даму деңгейін қала мен аудандардағы, оның ішінде ауылдардағы кәсіпкерлер есебінен аңғару қиын емес. Мәселен, Қызылорда қаласында 307 мыңнан астам халық болса, кәсіпкерлікке соның небәрі 8,5 проценті тартылған. 35 мыңнан астам халқы бар Жалағаш ауданындағы көрсеткіш – 6,5 процент, тұрғындар саны одан 2,4 есе артық Жаңақорғанда – 4,8 процент, – деді басқарма басшысы.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 1145,5 млн теңгені құрайтын 9 жоба мақұлданды. Оның 1-і Қазалы ауданына, қалғаны Қызылорда қаласына тиесілі. Осы орайда барлық әкімдікке әр бағдарлама бойынша жыл соңына дейін несие портфелі кемінде 1 млрд теңге болатын жобалар шығару және оларды мүмкіндігінше индустриялық аймақтарға орналастыруды ұйымдас­тыру ұсынылды.

Облыс әкімі индустриялық аймақ­тардың жұмыс қарқынына көңілі толмайтынын білдіріп:

– Оларды салып, инфрақұрылымын тарту үшін кезінде қыруар қаржы бөлінді. Осыған дейін он есе пайда әкелуі тиіс индустриялық аймақ­тардың дені қазір бос тұр, – деді.

Қызылорданың құрылыс алаңында жұмыс қызу. Биыл өңірде 24 әлеуметтік нысан салу жоспарланса, оның тең жартысы былтыр басталды. Жыл соңына дейін 11-нің құрылысын аяқтау көзделіп отыр.

– Осыған дейін облыс орта­лы­ғындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында Жастарға қызмет көр­сету орталығы салынып, Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион қайта жаңғыртылды. Арал ауданының Шижаға ауылында 150 орындық ауылдық клуб салтанатты түрде пайдалануға берілді, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.

Орайы келгенде облыс әкімі Арыс қаласын (Түркістан облысы) қалпына келтірудегі жергілікті құрылысшылар еңбегіне алғыс білдірді. Еске салсақ, 24 маусым күні осындағы №44859 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болған еді. 1 шілдеден бастап қаланы қалпына келтіруге біздің өңірден 20 құрылыс компаниясы тартылып, олар 4 топқа бөлініп, тиісті аумақтарда жұмыс атқарып жатыр.

Одан кейін сырбойылық диқан­дардың күздік орымға әзірлігі пысықталды. Облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрым­бетовтың айтуынша, шаруашылық құрылымдары қолда бар техниканы осы бастан бабына келтіріп қойды. Қала берді, «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы лизингке 70 техника сатып алмақ. Егін жинауға мемлекет тарапынан арзан бағада 16 мың тонна дизель отыны бөлініп отыр.

Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Оған қаншалықты дайынбыз, қандай кедергілер бар? Аппарат мәжілісінде облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова маңызды сұрақтарға жауап берді. Белгілі болғандай, биыл бірінші класқа 21 600 оқушы барады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2200-ге көп.

– Жергілікті бюджеттен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін 1,7 млрд теңге қаралды. 15 баспамен келісімшарт жасалып, тендер жеңімпаздары оқулықтарды 25 тамызға дейін жеткізіп беруге міндеттелді, – деді ол.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қармақшы ауданындағы №27, 30, Жалағаштағы №201 мектептерге республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Дегенмен, білім ошақтары 1 қыркүйекте балаларды қабылдауға дайын емес. Аймақ басшысы ондай жағдайда балалар мен ата-аналар әбігерге түсетінін айтып, жөндеу шараларының қарқынын үдетуді тапсырды.

– Қалай болған күнде де оқушылар Білім күнінде өз мектептеріне баруы керек. Балалардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды, – деді облыс басшысы.

Жиында алдағы жылу маусымына дайындық туралы да сөз болды. Облыс әкімі жауапты басқармаға отын тапшылығының болмауын қатаң қадағалауды міндеттеді.

Назерке Саниязова

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 тамыз 2019 г. 412 0