« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бұған дейін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік орындармен танысты, тұрғындарымен кездесіп, елдің тыныс-тіршілігін бағамдап, алда тұрған міндеттерді пысықтады. Осы аптада облыс басшысының жұмыс сапары оңтүстік аудандарда жалғасты. Алдымен Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылдық округінде орналасқан «Байқоңыр Солар» ЖШС күн-электр станциясы құрылысының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Аталған станция өңірді электр қуатымен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік туғызбақ. Сондай-ақ, ауадағы көмірқышқыл газының жылдық шығарылуын 75 мың тоннаға азайтып, инвестиция тартуға мүмкіндік береді деген сенім бар. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлының айтуынша, бұл күн-электр станциясы күніне 50 мВт электр қуатын өндіре алады.
– Бұл үлкен өндіріс орны болғалы тұр. Жұмысы қарқынды жүруде. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айына дейін құрылысы бітеді. Бұған дейін осындай баламалы күн энергиясын тұтыну арқылы қазір аудандағы кейбір өндіріс орындары мен шаруа қожалықтары өздерінің ішкі қажеттіліктерін өтеп отыр. Бүгінде аудан бойынша олар сағатына 808 кВт баламалы күн-электр энергиясын пайдалануда. Бұл экологиялық жағынан да халыққа өте тиімді, – деді әкім.
Жобаны «Қазына Капитал менеджмент» АҚ және «Юнайтед Грин» британдық холдингі қаржыландыруда. 200-ден астам жергілікті тұрғын еңбек етіп жатқан нысан іске қосылған соң 23 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.
– Мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылып жатқан жобаға біз де көмек беріп, әрі қарай ауқымын кеңейтуге, дамытуға дайынбыз. Алдағы уақытта әлеуметтік көмек есебінде күн-электр станциясы жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына жеңілдіктер көрсетілу жағын қарастырған жөн, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң өңір басшысы Тартоғай ауылдық округінде 2016 жылы тамыз айында пайдалануға берілген, жеке кәсіпкер Нағашыбай Серікбайдың наубайханасында болды. Шағын наубайхана күніне 250-300 бөлке нан, 150 тоқаш, 100 самса және 100 шелпек шығарып, ауыл дүкендерін, көрші елді мекендер және ЗК-169/4 мекемесін өз өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
– Осыдан үш жыл бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан 2,3 миллион, ал Өңірлік инвестиция орталығынан 3 миллион теңге несие алып, кәсібімізді бастадық. Оған дейін ұзақ жылдар өз үйімізде отбасылық бизнес ретінде айналысып келгенбіз. Бес адам жұмыспен тұрақты қамтылды. Өз іскерлігін дамытуға ұмтылған жастар мемлекетімізден әрқашан қолдау табуда, – дейді тартоғайлық кәсіпкер Н.Серікбай.
Облыс әкімі осы елді мекендегі ауылдық клубтың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Аймақ басшысы Бала би елді мекеніндегі № 50 орта мектепке барып, ауданның жаңа оқу жылына дайындығын қарады. Сондай-ақ, Бәйгеқұм ауылдық округінде орналасқан 150 орындық клубтың жұмысымен танысты.
Сапар барысында Қуанышбек Ысқақов Жөлек ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған дәрігерлік-амбулаториялық емхананың ашылу салтанатына қатысты. Жаңадан ашылған, 15 бөлмеден тұратын емдеу мекемесінде күндізгі стационар, акушерлік қызмет, химазатор, егу сияқты қызмет түрлері бар.
– Өздеріңіз білесіздер, мемлекет тарапынан әлеуметтік саланы қолдау үшін көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Облыстық бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалуда. Өткен жылы облыста 5 аурухана, 9 медициналық амбулатория салынған. Биылдың өзінде ауылдық жерлерде 9 емдеу мекемесі бой көтерген. Осының барлығы мемлекет тарапынан елдің ең басты байлығы – адам және оның денсаулығына жасалған жағдай деп білеміз. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 1 маусымнан бастап 30%-ке көбейді. Облыс әкімдігі тарапынан да әрі қарай тиісті қолдау көрсетілетін болады, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Дәрігерлік амбулаторияда аға мейірбике болып қызмет жасайтын Ғалия Сұлтанқызының айтуынша, ауылдағы 1700-ден аса тұрғынға он қызметкер медициналық көмек көрсетеді. Әсіресе, балалар мен аналарға, қарттарға ерекше қызмет жасалады.
Облыс әкімі Алғабас ауылында 2017 жылы ашылған спорттық сауықтыру кешенінде болып, одан соң Шиелі кентіндегі құбыр зауытының жұмысымен танысты. Облыстағы ірі өндіріс орнының бірі саналатын зауыттың жалпы алаңы 30 гектар жерді алып жатса, қуаттылығы жылына – 1 млн 600 мың метр құбыр. Кәсіпорын 104 адамды жұмыспен қамтып, төмен қысымдағы полиэтилен (ПНД), поливенилхлорит (ПВХ) құбырлары, газ және технологиялық құбырлар, т.б. өнімдерімен елдің ішкі сұранысын қанағаттандырып отыр.
– Мұнда жұмыс жасайтындардың барлығы – жергілікті жердің азаматтары. Біздің өнімге тапсырыс беретіндер – «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен жергілікті су мен газ жүргізуші мекемелер. Сонымен қатар, көрші Түркістан облысы, Маңғыстау және өзге аймақтардан да тапсырыс жиі түсуде. Ал шикізатты бұрын Ресейден, Оңтүстік Кореядан алдырушы едік, қазір қосымша Өзбекстаннан және кейбір қоспаларды Қытайдан келеді, – дейді зауыт директорының орынбасары Арман Әбдіқадыров.
Облыс басшысы даңқты күрішші Ыбырай Жақаев ауылында болды. Тұрғындармен кездесіп, емен-жарқын пікір алмасты. Мұнан соң аудан орталығындағы «Думан-Шиелі» ЖШС-ның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды. Арнайы ашылған орталықта 54 қызметкер жұмыс істейді. Емделушілердің басым көпшілігі зейнеткерлер мен жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ тұрғындар және тірек-қимылы бұзылған мүгедек балалар.
– Біз жылына осы орталықта 1-1,5 ай жатып ем аламыз. Осындағы ұжымға рахмет. Үйдегі балалардай қарап, барлық жағдайымызды жасап отыр. Зейнеткерлер мен мүгедек балаларға қамқор болып отырған орталыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді зейнеткерлер Айтбек Шахаев пен Амангүл Қаражанова.
Облыс әкімінің жұмыс сапары «Бастау» сауықтыру кешенінде, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға қарасты 400-ден астам жұмысшысы бар №6 кен басқармасында және жеке кәсіпкер Б.Әшірбековтің өндірістік қуаты тәулігіне 86 тонна күріш ақтайтын әрі 30 тоннаға жуық күріш жармасын шығаруға әлеуетті зауытында жалғасты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы үлкен өндіріс ошағы «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-да болды. Бұл зауыт – Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жобалардың ең үлкені. Зауыт жылына 1 миллион тонна өнім өндіреді.
Айта кетейік, кәсіпорынға индустриялық аймақтан 52 гектар жер учаскесі берілген еді. 2017 жылы 22 желтоқсанда ҚР Индустриялық-инновациялық даму министрлігінен преференция алуға инвестициялық келісім-шартқа және әктасын шығаруға тиісті құжаттарға қол қойылған. Сонымен қатар, кәсіпорын ұжымы қоғамдық қызметке де белсене араласады. Өткен жылдың өзінде олар қоғамға жалпы сомасы 11 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, әлеуметтік көмек көрсеткен.
Сонымен қатар Қуанышбек Досмайылұлы «Ару Ана» түйе сүтін өңдеу цехының жұмысымен танысты. Бұл цех күніне арнайы Бала би ауылынан жеткізілетін түйе сүтінен 400 литр шұбат өндіреді. Мұнан өзге осы жануар сүтінен балмұздақ, құрт та дайындайды. Шыққан өнім көрші аудандар мен Алматы, Ақтөбе және Қызылорда қаласына жөнелтілуде.
Сапар барысында Н.Бекежанов ауылындағы құрылысы былтыр ғана басталып, биыл пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсімі өтті. Облыс әкімі қатысқан шарада ауыл ақсақалдары мен тұрғындар жаңа нысанның ашылғанына ыстық ықыластарын білдірді.
– Бұл дәрігерлік-амбулаториялық емхана 18 бөлмеден тұрады, яғни 5 орынды күндізгі стационар бөлімі, балаларға арналған бөлмелер, акушерлік, химазатор, ине шаншу және егу бөлмелері де бар. Екі жарым мың халыққа емдік шара көрсетіп келеміз. Бұрынғы ескі ғимарат тар болды. Бұйырса, жаңа нысанда жаңа леппен ауыл тұрғындарына қызмет ететін боламыз, – дейді емхананың аға дәрігері Гүлмира Жұмашева.
Айта кетейік, ауылдағы емхана да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Мердігер «Әшірбеков» ЖК басшысы Бағлан Әшірбековтің айтуынша, жобаның жалпы құны 160 миллион теңгеден астам қаржыны құраған.
– Дәрігерлік-амбулаториялық емхананы салу өзім еңбек етіп, өсіп-өнген жерге сәл де болса септігім тисе деген мақсаттан туған еді. Мен осы ауылда біраз жыл агроном болып, күріш шаруашылығында тер төктім. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы ең алғашқы жұмысым да осы. Бұдан бөлек, осы ауылда сол әріптестік аясында спорт кешенін салып жатырмыз. Оны да жылдың аяғына дейін тапсырамыз деген сенім бар. Халық денсаулығына қажетті нысандардың болуына септігім тисе, басты мақсат орындалды деп есептеймін, – дейді кәсіпкер.
Аймақ басшысы барған тағы бір кәсіпкерлік нысан «Асылхан» шаруа қожалығының сүт және сүт өнімдерін өндіру цехы болды. Тәулігіне бір тоннаға дейін сүт өнімдерін халыққа ұсынатын шағын өндірістің келешегі зор. 12 адамды жұмыспен қамтыған цех осыдан екі жыл бұрын ашылған болатын.
Шиелі сапарында Қуанышбек Ысқақов жоғарыда айтылған елді мекендердің тұрғындарымен де кездесіп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі әкімдерге тұрғындардың жұмыссыздық мәселесін шешу керектігін қатаң тапсырды. Облыс әкімінің ендігі жұмыс сапары Жаңақорған ауданында жалғасқан еді.
Ержан ҚОЖАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |