Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев бүгінде қалаға қарасты ауылдарды аралап жүр. Ауылдағы инфрақұрылым, көркейту-көгалдандыру, әлеуметтік жағдай және өзге де мәселелер шаһар басшысының назарынан тыс қалмақ емес.
Алғашқы бағыт – Қарауылтөбе ауылдық округі. Бұл ауылда тұрғындардың көптен күткен арманы орындалып, көгілдір отын мәселесі шешімін тапты. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ауылдағы А.Иманов көшесіндегі тұрғын үйлерге газ құбырын жеткізіп берді. Бұл мақсатқа 33 млн теңге жұмсалған. Мұнан бөлек, 138 үйге тұрғындардың өз қаражаты есебінен жыл аяғына дейін газ құбырын тартуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, ауыл көшелерін жөндеу жұмыстары да өз кезегімен жүргізілуде. Ұзындығы 1,6 шақырымға жуық С.Байсейітов көшесі асфальтталса, енді кіреберістегі орталық көшені жөндеуге облыстық бюджеттен 48 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Мердігер мекеме «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жөндеу жұмысын жалғастыруда.
Ақсуат ауылдық округінде де жүйелі жұмыс байқалады. «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қала әкімі ғимаратында орналасқан алғашқы офис болса, енді адалдықққа үндейтін бұл жоба Тасбөгет кенті мен Ақсуат ауылдық округінде жүзеге асты. Қала әкімі ауылдағы адалдық алаңының жұмысымен танысып, «Open Space» форматы аясында ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Аталған жоба шілде айынан жүзеге аса бастаған. Бір сөзбен айтқанда, енді ауыл әкімі де ашық кеңседе жұмыс жасайды. Әйнектің мөлдірлігі халық пен билік байланысының деңгейін байқатқандай, яғни, ашықтық, жариялылыққа үндейді.
Ауылда балабақша мәселесі шешімін табатын күн алыс емес. Бір кездері балабақша ғимараты кітапхана, мәдениет үйіне айналса, енді қайта күрделі жөндеуден өтіп, мемлекеттік балабақша болғалы тұр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 67 млн теңге бөлініп, «АВМ Элит» ЖШС ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуде. Қала әкімі ғимаратты аралап көрді. Балабақша қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Ауыл бүлдіршіндері әзірге жеке балабақшаларда және «Наурыз» шағын ауданындағы «Сыр самалы» балабақшасында тәрбиеленуде. Сұранысқа сай жаңа ғимарат 120 орынға арналса, мұнан бөлек 55 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.
– Елбасы ауылдарға көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын. Осыған орай, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бұл елді мекенге 431 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл – елге жасалған қамқорлық. Жұмыстың нәтижесін күтеміз,– деді қала басшысы Н.Нәлібаев.
Расында ауылда атқарылған жұмыс бар. Айталық, аймақ бойынша 264 елді мекеннің ішінен «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанып, облыс әкімдігінің 10 млн теңге грантын ұтып алған ақсуаттықтар кәсіпкерлікті дамытуда да өзгелерге үлгі.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.