Бейнеті қатты, татқаны тәтті

Өңірде кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуде өрелі істер бар. Өткен жылы бір ғана Қармақшы ауданының өзінде 227 жобаға 774 млн теңге жеңілдетілген несие беріліп, 300 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл да аудан құралақан емес. Жыл басынан 95 жоба 455 млн теңгеге қаржыландырылып, 134 жаңа жұмыс орны ашылды. Бастысы, мүмкіндікті пайдаланған жұртшылық елге қажеттіні кәсіп қылды.


Қанаттың моншасы


Жосалы кентінде заманауи монша бар. Қалалық жердегіден кем емес. Кент тұрғыны Қанат Үсенов кәсіп атаулыны зерттеп жүріп, елге қажеттіні тапты. 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы грантқа ие болса, араға бір жыл салып «Жұмыспен қамту – 2020» әлеуметтік бағдарламасы шеңберінде де әжептәуір қаржылық қолдау тапты. Нәтижесінде жергілікті жұртшылыққа сапалы қызмет көрсетіп отыр.

– Күнделікті жағамыз. Үш-төрт адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Сапалы қызмет көрсетілсе, келушілерден арылмайтын жер болады. Біз бағасын төмендетіп, сапасын жоғарылатып жұмыс істейміз. Кент орталығында қажетті нысандардың бірі болатын. Ха­лықтың алғысына бөленіп отырмыз, – дейді кәсіпкер Қанат.

Жас кәсіпкердің тың идеялары мол. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, биікті бағындыруға болатынын айтады. Әсіресе, биылғы «Жастар жылында». Енді «Қызылорда өңірлік инвестициялар орталығы» қаржы ұйымынан мал бордақылау жобасына төмен процентпен несие алмақ. Құжаттар өткізіп қойған. 

– Негізінде бұрын төрт түліктің ішінде қой өсіргенмін. Шопан ата тұқымы қолға ұстауға қолайлы. Енді бордақылау жұмысын бастамақпын. Ата-бабамыз жылқы бағып, қой өсірген ғой. Қанымызда бар қасиет өрге бастайтынына сенімдімін, – дейді талапшыл жас.

Кәсіпте беделі мен тәжірибесі бар мықты танысым «Дағдарысқа бағынбайтын үш кәсіп бар. Олар – монша, шаштараз, тамақ өнеркәсібі» деген еді. Расымен, дүкенде киім өтпеуі мүмкін, бірақ талғажаусыз тірлік болмайды. «Иманның жартысы – тазалық» деп өткен дана халық монша мен шаштаразға ат басын бұрмай қоюы да мүмкін емес жағдай. Ендеше, Қанаттың қолға алған кәсібі де өркен жаймақ.


«АНС»-та табыс бар


Қазір көлік жөндеудің өзі орталықтандырылған. Бұрын бір жерден электрлік ақауын, екінші жерден қозғалтқышын жөндетіп жүретін. Қазір бір орталыққа кірсеңіз, көліктегі мәселелеріңізді шешіп шығасыз. Осындай нысанның бірі – Жосалы кентіндегі «АНС» көлік жөндеу орталығы.

Игорь Маханов мұнда 2 жылдан бері жұмыс істейді. Табысы жақсы, жағдай жасалған. Темір тұлпардың ақауын 10 жылдан бері жөндеумен айналысатын шеберге алғысын айтушылар көп. «Көлік жөндеу – сүйікті ісім» деген ол өз міндетін мұқият орындап жүр.

– Бізге шетелдік көліктің түр-түрі келеді. Әзірге электр ақауларын жөндейтін маман жетіспейді. Басқасының барлығын осында жөндеп алуға мүмкіндігі бар. Мұнда көлігінің қозғалтқышы, шанағы мен негізгі бөл­шектері зақымданғандар көп келеді, – деді Игорь бізбен әңгімесінде.

Орталықтың иесі Бауыржан Алпысбайұлы «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 6,7 млн теңге несие алған. Бұрыннан бар нысан, бірақ қайта жаңғыртып, жаңартып, барлық қажетті құрылғылармен қамтамасыз етті.

– Бір ғана мәселе – автоэлектрик маман. Егер маман тапсақ, келушілер осы жерден көлікті толық жөндеп шыға алады. Өзім бала кезден темірге құмар болдым. Кейін осы хоббиімді кәсіпке айналдырсам дегенмін. Алла сәтін салып, үлкен орталық аштық. Қазір шетелдік көліктің қайсыбір түрін болмасын, жөндей аламыз, – дейді Б.Алпысбайұлы.


«Ақниеттің» ауқымы кең


Аудан орталығында құрылыс дүкендері мен базар жұмыс істеп тұр. Сол кәсіпті ертеден бастағандардың бірі – Эльмира Жұбанова. Ол 15-20 жылдан бері отбасының нәпақасын осы дүкеннен айырып отыр. «Ақниет» құрылыс заттары дүкеніне жұртшылықтың көзқарасы да ерек, келушілердің қарқыны да бөлек.

– Кәсібімді кеңейту мақса­тында «Байқоңыр» ӘКК арқылы 8 млн теңге жеңіл­детілген несие алдық. Үйдің құрылысы, ішкі жұмыстар, есік-терезе, жиһаздың бәрі бар. Келушілердің көңілі толарлық. Сұраған затын тауып беруге тырысамыз. Отбасылық кәсібімізді кеңейтіп, пластик терезе шығаратын цех та аштық. Арнайы жиһаз да жасаймыз. Жолдасым Бақыт Доңбаев – ағаш ұстасы. Сондықтан жиһаз жасау қиынға соқпайды, – дейді Э.Жұбанова.

Мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал сырттан жүк көліктерімен зат келгенде уақытша қосымша жұмыс күші керек болады. Ол кезде де жергілікті тұрғындар арасынан уақытша жұмысқа келетіндер бар.

– Мәселен, дәл қазір біз зат түсіріп жатырмыз. Осы сәтте ауылдан жұмыссыз жастарды тартамыз. Біздің жұмысымыз жеңілдейді, оларға да азын-аулақ табыс болады. Кәсіпкер тек жеке басын ғана емес, айналаны да ойлап отыру керек. Елдің ішінде нан тауып отырған соң жұртшылыққа жәрдемің де тигені ләзім. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ұғына жұмыс істегенде ғана тасың өрге домалайды, – дейді іскер Эльмира.


Дәулет Қырдан.

Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 тамыз 2019 г. 546 0