КІШІ АРАЛ КЕМЕЛДЕНЕТІН ЖОБА

КІШІ АРАЛ КЕМЕЛДЕНЕТІН ЖОБАТеңізден балық аулау ежелгі тірлігі болып саналатын балықшы қауымның САРАТС жобасының екінші кезеңіне қаражат бөлінетіндігін естігендегі қуаныштары тіпті алабөтен болды. Бір-бірінен сүйінші сұрасқан ағайынның мұнысы орынды да. Өйткені, қашқан теңізге көз талдырған да нақ осы теңіз жағалауындағы жалпақ жұрт болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экологиялық аймақтағы 5 мемлекет басшыларының басын Қызылордада қосып, алғаш рет Арал проблемасын халықаралық деңгейде талқылауға ұйытқы болған да, Арал экологиясы төрткүл әлемнің ортақ проблемасы екеніне әлемдік қауымдастықтың көзін жеткізіп, оны сауықтыру жолында көп күш-жігер жұмсаған да Елбасымыз еді. Сол кезде ел Президентінің бастамасымен халықаралық «Аралды құтқару қоры» құрылып, аталған ұйым экологиялық өңірдің мәселелерімен етене айналыса бас¬тады.
Буыны әлі бекімеген жас мемлекеттің басқа да қиындықтары көп болғанына қарамастан, Ел¬ба¬сымыздың халықты осынау қасіреттен құтқаруға белсене кірісуі шындығында үлкен ерлік еді. Соның нәтижесінде Кіші Аралды сақтап қалу идеясы – САРАТС жобасы дүниеге келді. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға Қазақстан Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп 86 млн. АҚШ долларын бөлді. Өткен аптада Қызылордада жасалған меморандумға сәйкес аталған банк алдағы 5 жылға 22,2 млрд. теңге қаражат бөледі. Оның алғашқы бөлігі келер жылдың екінші тоқсанында түспек. 
Жобаның алғашқы кезеңінің игілігі туралы аз жазылған жоқ. Оны қайталап жатпай-ақ қоялық. Аймақ басшысы атап өткендей, құрғап қалған Арал теңізінің қайта оралуы әлемдік қауымдастықты дүр сілкіндірдірді. Елбасымыздың бас¬тамасымен жүзеге асқан бірегей жоба «ғасыр жобасы» ретінде танылып, төрт құрлықтың назарын өзіне аударды. Нақты кезеңде теңізде жылына 1 млрд. текше метр су қалатын болса, жобаның екінші кезеңі жүзеге асқанда судың көлемі артып, теңіз аумағы  1325 шаршы шақырымға ұлғаяды деп күтілуде. 
Аймақ басшысы  Қ.Көшербаев өткен жылдың 8 тамызы күні Астанада өткен арнайы мәжілісте САРАТС-2 жобасының техника-экономикалық негіздемесі туралы жасаған баяндамасында жергілікті жердегі балықшылар қауымы мен су мамандарының өзіндік ұстанымдарының тиімділігін дәлел¬деп шығып, бірдеңгейлі теңіз нұсқасы қабылданған еді.  
Ал, ақпарат құралдарынан ақжолтай хабарды естіген Аралдағы ағайынның қуаныштарында шек жоқ. Теңіз тереңінен ырзық-несібесін терген балықшы қауым шаттанбағанда кім шаттансын?!
– Кезінде ақжал толқыны Арал қаласының жағасына ұрған теңіздің кенезесінің кебе бастауы жаһан жұртын алаңдатқаны рас. Алайда, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев Арал проблемасын дер кезінде қолға алып, Кіші теңізді сақтап қалуға аянбай еңбек сіңірді. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған САРАТС жобасының бірінші кезеңінің жемісін бүгінде теңіз жағасындағы қалың ел көруде. Осы жерде аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының перзенттік парызы мен арманын жүзеге асыру жолында төккен тері өлшеусіз екендігін атап өткім келеді, - дейді ақжолтай хабарды ерекше қуанышпен қарсы алған Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов. 
Енді Сыр бойындағы қалың жұрт, әсіресе, балықшы қауым осы жобаның екінші кезеңінің қолға алынар сәтін асыға күтуде. Ал аудан басшысы осы тарихи құрылыстың басы-қасында жүруді жоспарлап отыр.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 15 шілде 2014 г. 1 356 0