Қызылордалықтар акцияға қатысты

Сенбі күні #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы аясында Сырдария өзенінің оң жағалауын қоқыстан тазарту шаралары өтті.  Сенбілікке облыс бойынша 6000-нан астам адам жұмылдырылып, 85 шақырым аумақ тазаланды. Эко-челленджге облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Намаев қатысты.

Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бастаған ак­ция­ға алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысы қолдау біл­дірген болатын. Өткен аптада облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал ауданындағы «Көкарал» бөгетінің аумағын тазарту бастамасына атсалысып, эстафетаны барлық аудандар мен елді мекендерге жолдады.

Бұл күні облыс орталығындағы «Арай-2» шағын ауданынан «Қы­зыл­ордажылуэлектрорта­лы­ғына» дейінгі 11 шақырым аумақ тазар­тылды. Сенбілік таңды сергек бастаған 50-ден астам мекеме қызметкерлері Сырдарияның оң жағалауын тазалау ісіне бір кісідей жұмылдырылды.  Осылайша 1000-нан астам мемлекеттік қызметкер белсенділік көрсетті. Есесіне су жағасындағы 3454 текше метр тұрмыс қалдықтары – полиэтилен, шыны ыдыстары, пластмасса, түрлі резиналар, құрылыс қалдықтары жиналды. Дария бойындағы күл-қоқыс демалыс ұйымдастыруға келген көпшіліктен қалған белгі екені рас. Ал, акцияның мақсаты тұрғындардың бойында экологиялық мәдениетті қа­лып­тастыру, қор­шаған ортаны қорғау жұмысына еріктілерді тарту. Тіпті, еліміздің бас экологы М.Мырзағалиевтің айтуынша,  алдағы уақытта мектептер мен балабақшаларда экологиялық тәр­биеге арналған қосымша сабақ енгізілмек.

Сенбі күні қалада ауа райы әдеттегідей 40C дейін қатты ыс­тықты көрсеткені белгілі. Сон­дықтан акцияға қатысу­шы­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында белгіленген аумақтарда арнайы құтқару қызметі мен жедел жәрдем қызметтерінің кезекшілігі де ұйымдастырылды. 

Айта кетейік, эко-челлендж қозғалысы осы жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады. Ал кезекті акция облыс аумағында осы аптаның сенбі күні ұйымдастырылмақ.


Айдана ЖҰМАДИНОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 шілде 2019 г. 285 0