Жалағаш ауданы: жаңа жобалар жүзеге асуда

 Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың аудандарға жұмыс сапары сенбі күні Жалағаш ауданында жалғасты. Аймақ басшысы аудандағы әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, бірнеше елді мекен тұрғындарымен кездесті.
Бұл күні ауданда осыдан 4 ай бұрын әуе апатынан қаза тапқандарға арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті. Ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов пен ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты. Шараға қаза болған 13 жауынгердің отбасы мен жақын-жуықтары шақырылған. ҚР Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев  ерлікпен қаза болған жауынгерлердің отбасына әрдайым қамқорлық жасалатынын атап айтты.
– Бұл сарбаздардың ғұ­мырлары қысқа болса да, өздерінің парыздарына адал болып, өмірден өтті. Біз олармен мақтанамыз және олардың ата-аналарына жауынгер ұл өсіргені үшін алғыс айтамыз. Қаза болған азаматтардың отбасыларына алдағы уақытта да жан-жақты көмек көрсетіледі. Әрине, бұл олардың қайғысын жеңілдетпейді. Дегенмен, біз қолдан келген көмекті аямаймыз,– деді министр.
Өз кезегінде аймақ басшысы орын алған қайғылы оқиға елдің қабырғасын қайыстырғанын жеткізді.
– Бейбіт заманда 13 сар­баздың қаза болуы – бар­лығы­мыз үшін ауыр қайғы. Олардың есімдерін халық жадында мәңгі сақтау үшін қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды, – деді облыс әкімі.
 Шарада сарбаздардың ата-аналары да сөз алып, олардың есімін ел жадына мәңгі қалдыру үшін қойылған ескерткіш тақта көңілге медет болғанын айтып, ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетелік, Мемлекет басшысы - Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының Жарлығымен «Ми-8» тікұшағының апаты кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер қызметтік борышын адал атқарғаны және ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған болатын.
Ізгі шарадан кейін аймақ басшысы Жалағаш кентіндегі «Серпін» аграрлы-индустриал­ды аймағында орналасқан жобалармен танысып, «Өркен-Әлем» ЖШС-ның арнайы киім тігу цехының жұмысын көрді. Жобаның жалпы құны 38,2 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. «СТ-KZ» сертификатын алып, бүгінгі күні толық іске қосылған тігін цехында 24 адам жұмыспен қамтылған.
Мұнан соң облыс әкімі кент орталығындағы «Тағзым» алаңына ат басын бұрды. Қайта жаңғыртудан өткен бұл орын тұрғындар үшін рухани-мәдени демалыс алаңына айналды десек, артық айтқандық емес.
 Аймақ басшысы қуаттылығы 30 кВт «Nomad Solar»  ЖШС салатын күн-электр станция­сы құрылысының басталуы­на қатысты. Күннен қуат алатын электр станциясының құрылысына 60 адам жұ­мыл­дырылса, іске қосылған соң 18 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімінің жұмыс сапары мұнан әрі Бұқарбай батыр ауылдық округінде жалғасты. Мұнда күріш өсірумен айналысатын «Байтабын» ЖШС №5 бригадасының егіс алқабында болып, шаруашылықтың жай-күйімен танысты. С.Мыханов басқаратын серіктестікте барлығы 110 адам жұмыс істейді. Ауылдың әл-ауқатын көтеруге үлес қосып келе жатқан серіктестік өткен жыл қорытындысымен гектарына 68 центнерден өнім жинаған.
Сондай-ақ, аймақ басшысы «Самара-Шымкент-Мәдениет-Мақпалкөл-Жаңаталап-Аққыр» тас жолының бойындағы «Оңтүстік коллектор» көпірін қайта жаңғырту және Аққыр ауылдық округінде абаттандыру бойынша тартылған ауыз су мен электр желісін жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Мұнан кейін Мақпалкөл ауылдық округінде аумағы 6 гектар алма бағын аралап көрді. Өткен жылы отырғызылған ағаштар биыл алғашқы жемісін бере бастапты. Мұнда 4 адам тұрақты еңбек етеді.
– Бұған дейін ауыл ша­руа­шылығын дамытсақ, өт­кен жылдан алма егуді қолға алдық. Мақсат – елдегі жұмыссыздықты жою. Биыл  алғашқы жемісін бере бас­тады. Келер жылы мұнан да көп жеміс береді деп күтудеміз. Ал­дағы уақытта алма бақтың кө­лемін ұлғайтсақ дейміз. Сонымен қатар, келер жылы жылыжайды дамытуды қолға аламыз, – дейді «Құрманбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов.

Келесі бағыт – Мәдениет ауы­лы. Ауылдағы спорт ке­шенін көрген облыс әкімі жаз демалысын бос өткізбей, спорт залда жаттығып жүрген болашақ чемпиондарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, өткен жылы пайдалануға берілген «Балауса» балабақшасын көрді. Мұнан кейін ауылдағы мәдениет үйіне ат басын бұрып, ауыл ақса­қалдарымен кездесті. Ауыл-аймақты аралап жүрген аймақ басшысы тұрғындарымен емен-жарқын пікірлесіп, олар­дың ұсы­ныс-пікірлерін тың­дауға дайын екендігін білдірді.
Аймақ басшысының жұмыс сапары мұнан әрі Таң ауылында жалғасты. Мұнда «Таң ЛТД» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында салынған 100 орындық спорт кешенін аралап көрді. Спорт кешені жаз мезгіліне қарамай үздіксіз жұмыс істеуде. Ауыл балалары қалауына қарай спорттың таэквондо, дзю-до секция­ларына қатысады. Мұнда 11 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, облыс басшысы тәулігіне 100 тонна күріш салысын ақтайтын «Таң ЛТД» ЖШС-ның «Дихан Ата» күріш ақтау цехында болды. Ауылдағы тағы бір жақсы жаңалық –  өткен жылдан бастап тәулігіне 1000 дана консерві өндіретін «Агролидер Таң» ЖШС цехы іске қосылды.
Облыс әкімі Еңбек ауылдық округінде болып, «Еңбек Жер» ЖШС-ның ауыл тұрғындарының игілігі үшін салған 50 орындық спорт кешені, мешіт және шаштараз, шағын маркет, 200 орындық тойхана жұмысымен танысты.
Айта кетелік, ауылдағы шағын маркет қаладағы супер­маркеттерден кем емес. Өнімнің барлық түрі сөреде тұр. Бағасы да қолжетімді. Нан өнімдері ауыл наубайханасын­да пісіріледі. Айтпақшы, кә­сіп­кер жұма сайын мұқтаж от­басыларға 30 бөлке нан үлес­тіруді дәстүрге айналдырыпты.
– Қазір ауыл мен қаланың айырмашылығы жоқ. Бір кездері ауылдан қалаға көшкен ел енді ауылға бет бұра бастады, – деді облыс әкімі.
Мұнда облыс басшысы 30 жылдық тарихы бар «Батыр аналар» ансамблі мүшелерімен кездесті. Бүгіндері шөберенің қолынан су ішкен ақ кимешекті әжелер өз өнерлерін жалғастыруды кейінгі ұрпаққа аманат етпек. Осы мақсатта ауылда «Келіндер ансамблі» құрылып жатқанын естідік. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, асыл өнерді жоғалтпау үшін сабақтастықты үзбеген ақ жаулықты аналардың бұл ісіне тәнті болдық.
Ал, ауылдың ажарын ашқан игі істердің ұйытқысы бол­ған «Еңбек Жер» ЖШС бас­шылығына тұрғындар дән риза.
– Болашақта ауылды көр­кейту жұмыстарын жал­ғас­ты­рамыз. Бассейні бар және өзге де секция­лар­ды қамтитын спорт кешенін салу жоспарымызда бар. Ауыл тұр­ғындарын баспана­мен қамтуды қолға алдық. Биыл екі жұмысшыға баспана салудамыз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына инно­вация енгізу жұмыстарын жал­ғастырамыз,– дейді «Еңбек Жер» ЖШС төрағасы Шәкизатхан Искаков.
Жалағаш ауданына жұмыс сапа­рында облыс әкімі Аққұм ауылдық округінде болып, мұнда өткен жылы са­лынған «Бақдәулет-57» ЖШС мал бордақылау кешенінің жұ­­мы­­сымен де танысты. Мұнда 18 адам тұрақты еңбек етеді.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 шілде 2019 г. 508 0