Қызылордалық ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымов егіздердің әкесі атанды

Қызылордалық ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың шаңырағында үлкен той! Жұбайы егіз баланы дүниеге әкелді. Бұл туралы белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды, деп хабарлайды «Мәдениет порталы»
Маралтай Райымбекұлы: «Бүгін таң атпай сүйінші xабармен ояндым. Қызылордалық ақын інім Нұрмұxаммедтің үйіндегі келін өмірге бір ұл, бір қыз әкеліпті! Құрметті Нұрмұxаммед бауырым ұл мен қызың аман-есен өсіп өзіңе қолқанат болсын! Сен нағыз Ерліктің үлгісісің!!!», - деді.
Мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан Нұрмұхаммед ақын бірнеше жыр жинақтың авторы. Ол өмірдегі барлық қиындықты төзіммен, сабырмен жеңген ақын. Өлеңдерін аузына таяқша тістеп ұялы телефонға ғана хабарлама түрінде жазып, не бары 4-5 жылдың ішінде ақындық әлемде төселіп, екі жыр жинақ шығарған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының әкімі кезінде Қырымбек Көшербаев ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовты қабылдап, талантты жанға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған болатын. Ол: «Тепсе темір үзетін талай жандар бос жүр. Ал сенің мына еңбегін нағыз ерлікпен пара-пар. Он екі мүшеңнің түгел еместігіне қарамастан өмір сүруге құлшынысың жоғары. Жыр жинақтарыңды арнайы оқып шықтым», – деген болатын.
Белгілі ақын Қалқаман Сарин де facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына: «Оның өмірге деген құштарлығы кімді болса да қайран қалдырмай қоймас. Алла оған азаппен қоса ақындықты берді. Аузына жыңғыл таяқшасын тістеп жыр жазатын ақын естеріңізде ме?
Ол – Нұрмұхаммед! Менің досым, құрдасым, жақыным. Біз ұзақ сырласатынбыз. Армандарым көп дейтін. Сол асыл армандарының бірі – отбасын құрып, бала сүю болатын. Мен де ақынның сол арманы орындалса екен деп тілейтін едім. Міне, Құдай тағала сол күнге жеткізді. Тілегіміз қабыл болды!
Нұрмұхаммед бір ұл, бір қыздың әкесі атанды. Қажетімізді сұратпай берген, сұрағанымызды еселеп берген, егіз берген Аллаға сансыз мадақ, сансыз шүкір!
– Ұлымның атын Қалқаман, қызымның атын Қарақат қоям деп, түнде қоңырау шалды. Саған деген құрметім, рұқсатыңды бер! - дейді...))
Қуанышында шек жоқ!
Ең бастысы, аман болсын деп тіледім!», - деп ағынан жарылды.



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 шілде 2019 г. 895 0