Қырық күн шілденің ми қайнатар ыстығы. Қаланың іші тіпті қапырық. Сонда да қыж-қыж қайнаған қарбалас тірлік. Бәзбіреулеріміз үйден шығып, жайлы да салқын жұмыс бөлмемізге жеткенше шыдамсызданып жатамыз. Ал, осындай күні базарда тұрғандарға қарасаң, өзіңнің сабырсыздығың үшін қысылып қаласың...
Күнделікті шаруаның жайымен базарға қарай шыққан едім. Базарға бір аялдама қалғанда түсіп, жаяу барайын дедім. Жаяу жүргіншілер жолына түскеннен аяқ киім жөндейтін адамдарға кездесесіз. Қысы-жазы осы жерде отырады. Кейбірі егде тартқан кісілер, ал кейбірі тепсе, темір үзетін жап-жас жігіттер. Олардың қай-қайсысы да өз ісіне мығым. Қызметіне жүгінсең, көп ақша талап етпейді. Келісімге келіп, кейде кеңшілік те танытып жатады. Қарапайым тұтынушының бірі ретінде арасында кейбірін әңгімеге тартамын. Сонда байқайтыным, сөздері шынайы, еңбектері адал. Тұрақты жұмысы болмағасын ертелі-кеш үйде бос жатуды намыс көріп, азын-аулақ болса да еңбегімен нан тапқанды жөн санайтын сияқты. Әрине, бұл – дұрыс шешім. Баяғыда үлкен кісілерден «етікші еңбегінің сауабы мол» дегенді еститінбіз...
Базар болғасын, не іздесең бәрін сол арадан табасың. Әнебір жерде шағын ғана бір үстелдің бетіне ине-жіп, қайшы, айна-тарақ сияқты майда-шүйде қойып сатып тұрған келіншекке қарап, «бұдан қаншалықты пайда табады екен?» деп ойланып қалатынымыз рас. Әйтсе де, оның да саудасына жүгініп жатқандардың қарасы көп. «Қолың қимылдаса, аузың қимылдайды» деген. Бәрі де сол, күнкөрістің қам-қарекеті...
Киім-кешек сатқандарды да бір шолып өттім. Ұзын-сонар жағалау... «Мұның бәрін кім ала береді?» - деп қоямын. Әйтсе де, сатушылардың айтуынша, осы кәсібімен күнін көріп, жұрт қатарлы несиесін төлеп, несібесін айырып отырғанға ұқсайды.
Келесі базарда көкөніс, бақша өнімдері. Кейбірі сырттан әкелінген өнімді сатып отырса, енді бір ағайындар өз бақшасынан үзіп алған өнімін саудаға шығарады. Әрине, жергілікті өнімдерді іздеушілер көп. Дегенмен, базарға барсаң, бүгінгі ақшаның құнсыздығына көзің жетеді. Бұрынғыдай алған затыңа көңілің аса толмайды. Кейде он мың теңге жұмсасаң да дорбаң ортадан аспайды...
Қайтайын деп аялдамада қоғамдық көлікті күтіп отырмын. Қасымда отырған екі жігіттің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Бір-біріне телефоннан әлдебір суретті көрсетіп, қызу талқыға кіріскен.
– Отыз мыңға сатып алдым.
– Жақсы алғансың. Бұл түрі одан да қымбат болуы керек.
– Күшік болса да тамақты шақ келтірер емес.
– Иә, бұлар бірыңғай ет жейді ғой. Мен де бұрын асырағанмын. Әсіресе, үлкейіп кеткенде тамақ тауып бере алмайсың. Сосын сатып жібердім.
Әңгімелерінің ауанынан ит туралы айтып отырғанын аңғардым. Ит болғанда да кәдімгі қарсы алдыңнан шыға келсе, жүрегің жарылып кете жаздайтын, қорқынышты «алабай» ит. Түрлеріне қарасам, орта жастағы жігіттер, отбасылары да болуы керек. Бәзбіреулер «балама қалай тамақ табамын?» деп табанынан тозып жүргенде қайдағы бір итті асыраудың жайын ойлап «қамығып» отырған жігіттерден қатты көңілім қалды...
Неге? Себебі, оның орнына сол ақшасына бір тоқты алып асыраса, бала-шағасына біраз ас-ауқат болар еді. Жасыратыны жоқ, қазір екі үйдің бірі «алабай» асырауға құмар. Аңдап қарасақ, олардың күшігінің бағасы кем дегенде бір жарақты қошқардың құны. Ал, одан қымбаттауы тіпті тайдың құнымен бірдей. Сосын кей ақпараттарға зер салсақ, бұл иттер қатты ашықса, иесіне де ауыз салады екен. Қысқасы, оларға тамақ тауып беру де оңай емес.
Айтпақшы, ертеректе осы ит туралы мынадай бір ақпаратты оқып, жаным ауырған еді. Әскерде жүрген жігіт ата-анасына тосын сый жасамақ болып, алдын ала хабарласпай, үйіне келеді. Нәтижесінде, үйінде адам болмай, кезінде өзі асыраған “алабай” әлгі жігітті талап тастаған көрінеді. Байғұс жігіт бірнеше рет атын атаса да, иті оны танымайды. Осы орайда бұл итте қазақтың төбеттері мен тазыларына тән қасиеттің жоқ екені белгілі болып отыр. Мәселен, әкелеріміз айтып отырса, қазақтың арлан тектес төбеттері иесі аңға алып шықса, атып түсірген олжасын әкеп беріп, тіпті азын-аулақ уақ малды алдына салып берсе, өзі қақпайлап, бағып келе береді екен. Сондай-ақ, киіз үйдің сыртына бақан керіп, жайып қойған бір малдың етін де қас қақпай күзетіп жататын көрінеді. Үй-жайды ит-құстан қорғап, айбат қылып үргені болмаса, олар адамға ауыз салмайды екен. Ал, ұшқан құспен жарысатын құмай тазының қасиеті өз алдына. Бабаларымыз бұл итке үйінің босағасынан орын берген. Өкінішке қарай, бүгінде бұл иттердің тұқымы да қалмаған сияқты. Олардың орнына әлгі ауыздары дорбадай ұсқынсыз иттер қаптап жүр. Рас, үйінде ит асырауға әркімнің де еркі бар. Алайда оны қоршаған ортаға, әсіресе, адам қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтіндей өз тәртібімен ұстағанымыз жөн болар еді. Мысалы, өркениетті елдерде итті үйінде ұстайды. Құжаттары да бар. Көшеге алып шықса, аузына тұмылдырық кигізеді. Сондай-ақ, өзін де, өзгені де сақтандыру үшін мерзімді тексеруден өткізіп, ауру түрлеріне қарсы екпелер салдырып отырады. Ал бізде ше?! Ойланып көрсек, қауіптенуге негіз бар.
Қалай десек те, ауласын бүтіндеп, қора-қопсы салып, қой өсірудің орнына, «алабай» асыраған ағайынның әрекетін құптай алмаймыз. Бәлкім, қойға жем-шөп қажет, бұл артық бейнет дейтін шығармыз.
Жасыратыны жоқ, ас-құдайыға қажет кезінде жарақты қой малын әзер іздеп табамыз. Бағасы да осал емес. Өйткені қазақта қойдың басы кәделі. Осы кәделі малды әрбір үйден кездестірсек, керемет емес пе?! Бұрынғы уақытта ата-бабамыз үйіне сыйлы қонақ келсе, алдына қойын жығып, батасын алып, сол қойдың етін асып беретін болған. Бүгінде бұл дәстүріміз біртіндеп ұмытылып барады. Әрине, қонақ күтеміз, қойдың басын да ұсынамыз. Бірақ базардан сатып алған дайын басты ғана алдына тартамыз. Ал арнайы құрмет дегеніміз әлгіндей, малды соймай тұрып, қонақтан бата алатын болған...
Қысқасы, «алабайға» ауып кеткен ықыласты кәделі іске, өз дәстүр, құндылығымызды қажетімізге бұрудың уақыты келген секілді. Бір пәс өткенімізді ой таразысына салсақ, талай дүниенің өлшемін сезінген болар едік.
Ғазиза ӘБІЛДА.