« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жазғы демалысқа шыққалы мектеп жасындағы қыздарымның қолынан ұялы телефон түсер емес. Оларды қалайда телефон «тәуелділігінен» арылтып, кітапқа қызығушылығын арттыруым керек болды. Сенбі күні тете екі қызымды Ә.Тәжібаев атындағы кітапханаға жібердім. Әлден уақыттан соң, қайтып келді. Оқырман билетін аштырып, оқу залында бірер сағат кітап оқығандарын айтты.
Абонемент бөлімінде сол кітапты үйге жаздыртып алуға болады. Неге үйге алып келмедіңдер? – деп сұрақтың астына алдым.
– Оның қай жерде екенін білмедік, – дейді үлкенім.
– Кітапхананың ішінде апайлар бар емес пе? Сұрауға ұялдыңдар ма?
... Жауап жоқ. Басын изей салды.
Ішімнен бар кінә өзімнен екенін біліп тұрсам да үндемедім. Ата-ана ретінде кітапханаға өзім ертіп апаруым керек еді. Бірақ есейіп қалған баланы қолынан жетектеп жүруге ыңғайсызданып, оларға өз бетінше әрекет етуді үйреткім келді. Расымен, біздер баланы дүкенге не басқа жерге ертіп барғанда «оны ұстама, мынаны сұрама, шулама, даусыңды қатты шығарма» дегендей тыйым сөздермен бетін қақпайлай береміз. Оның үстіне қазақы тәрбиеміз, менталитетіміз тағы бар. Мұнан бала жасқаншақ, ұяң болып өседі.
Біраз күн өткен соң кітапханаға арнайы бардым. Демалыс кезінде адам болмайтын шығар деген ойым қате болып шықты. Тіркеу бөлімінде апайларының соңына ерген бірнеше мектеп оқушыларын байқадым. Шамасы 2-3 сыныптың оқушыларына ұқсайды. Әр бөлімдерге барып, танысып жүрді. Мен де олармен қабаттаса абонемент бөліміне кірдім. Ол жерде де көп оқушылардың отырғанын көрдім. Қарап тұрмай кітапханашы апайды сөзге тарттым. Өзін Қарлығаш Құлмырзаева деп таныстырды.
– Сіздердің бөлімдеріңізде балалар көп екен. Күнде осылай ма?– дедім.
– Иә, күніне 70-80 оқушы келеді. Кей күндері 100-ге жуықтайды. Қазір бірқатар мамандарымыз еңбек демалысында. Сонда да келген оқырмандарымызды кезек күттірмей қабылдап жатырмыз. Мұндайда бөлім басшыларына дейін көмектеседі. Қазір кітапхананың қоры бай. Жыл сайын толығып отырады. Балалардың қызығушылығын ояту мақсатында үш тілде ертегі кітаптар, әдемі суреттермен толтырылған 3D форматындағы оқулықтар өте көп. Тіпті, бүлдіршіндер бөлімінде біздің кітапхана қызметкерлері қуыршақтар бейнесінде ертегілерден көрініс қойып береді. Бұрынғы «Бауырсақ» ертегісінде түлкі бауырсақты жеп қоятын болса, біз балалардың нәзік жүрегін жаралап алмау үшін оның желісін кішкене өзгертіп, қойылым соңында бауырсақ пен түлкіні татуластырып жібереміз. Кішкентай балапандар соны көріп, қуанып қалады. Бұл да балғындарды ерте жастан кітап оқуға қызығушылығын арттыратын, оларды есейе келе кітапхана оқырмандары етудің бірден-бір тәсілі.
– Жаңа менің алдымда анасымен тұрған баладан «Мауглидің досы кім?» деп сұрадыңыз. Бір балаға кітапты оқуға неше күнге бересіздер? Оның оқыған-оқымағанын осылай сұрақ қойып байқайсыздар ма? – дедім таңданып.
– Жоқ негізі біздің сұрауға құқымыз жоқ. Алайда кей ата-аналар бізге өтініш жасайды. Кітапты өткізуге келгенде баламнан түсінік сұраңызшы, оларды минутқа оқытыңызшы дейді. Әр баланың қабілеті әртүрлі болып келеді. Мұндай жұмыстарды жалпы мектептегі ұстаздары қадағалап отыруы тиіс, меніңше. Себебі, апайдың сөзі оқушы үшін заң. Ата-ананың тапсырмасынан бұрын ұстаздың айтқанын олар бірінші орындайды. Орыс сыныбында оқитын оқушылар жазғы демалыс кезінде өздеріне оқуға тиісті арнайы әдебиеттердің тізімімен келеді. Олар: «бізге мына автордың осындай кітабы керек» деп сартылдап тұрады. Ал, біздің балалар сөреде тұрған кітапты ашып көруге не жайлы жазылғанын сұрауға да жасқанып тұрады. Олардың жасына сай кітаптарды іріктеп, таңдауына көмек береміз. Мына жерде арнайы буклеттер шығарып қойғанбыз. Мысалы, 9-13 жас аралығындағы балаларға арналған әдебиеттер тізімінде «Үш мақтаншақ», «Аспель еліндегі таңғажайып оқиғалар», «Қош бол, ата!», «Ең күшті адам» секілді балаларға арналған туындылар бар, – деді.
Тізімде көрсетілген кітаптар ішінен үшеуін жаздыртып алып, жұмысыма қарай беттедім. Кітапхана қызметкері болу да оңай емес екенін, әр оқырманның көңілінен шығу үшін көп еңбектің қажет екенін түсіндім. Бәрінен бұрын кітапхана оқырмандарының азаймағанын, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің, студенттердің көп келетінін көзбен көріп, қуанып қайттым. Айтпақшы, жасөспірімдердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін психолог мамандар ата-анасы да сол кітапты балаларымен бірге қосылып оқуды, қажет жерде рөлдерді сомдап, кейіпкер кейпіне ену керектігіне кеңес береді. Қолданып көріңіз, мүмкін балаңызды смартфонның «торынан» ажыратып, кітаппен дос етерсіз.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |