
Бейсенбі күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №5 студенттер жатақханасының ашылу салтанаты өтті.
Студенттер мекені мемлекеттің «Студенттік баспана» бағдарламасы аясында бой көтерген. 400 адамға арналған жатақхана бес жарым мың шаршы метр ауданды алып жатыр. Тоғыз айда аяқталған нысанның құрылысын «Асар» ЖШС жүргізген. Бес қабаттан тұратын жатақхана ауласында спортпен де шұғылдануға бар мүмкіндік жасалған. Нысанның бірінші қабатында асхана, медпункт, оқу және акт залы, ал екінші қабатта кітапхана, интернет желісіне қосылған компьютерлік класс орналасқан.
Жүздері бал-бұл жанған студенттер қауымының қуанышына ортақтасуға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова лебізін былайша жеткізді:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіз еліміздің болашағы – өскелең ұрпаққа қамқорлық жасап, оларға барынша қолдау көрсетуге бағытталған сарабдал саясатының нәтижесінде елімізде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, игі жобалар жүзеге асырылуда. Сондай нысанның бірі – заманауи үлгіде салынған мына жатақхананың игілігін көріңіздер. Қуаныштарыңыз ұзағынан болғай!
Тағы бір айтарым, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы білім саласына үлкен қолдау көрсетуде. Соның дәлеліндей, биыл студенттер қауымына 123 грант бөлінді. Оның жетпістен астамы Сыр білімінің қара шаңырағы – Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетке тиесілі болып отыр. Ал келер жылы грант саны 300-ге жеткізілмекші. Оның елу пайызы аталмыш білім ордасына беріледі деп межеленуде. Сондықтан сіздерге қойылар талап сапалы білім алып, білікті маман болыңдар.
Бұдан соң сөз кезегін алған университет ректоры Қылышбай Бисенов: – Еліміз бойынша мемлекет қаржысы есебінен жиырма жоғары оқу орнына жатақхана салу жоспарланған болатын. Соның бірі біздің университетке тиесілі болып еді. Міне, бір жылға жетер-жетпес мерзімде ғимарат пайдалануға беріліп отыр. Оның игілігін бірге көрейік, – деді.
Мердігер компания директоры Рахым Шырданов жатақхананың символикалық кілтін университеттің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Абылайхан Сабанбаевқа тапсырды.
Салтанат соңында шараға қатысушылар ғимаратты аралап көрді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.