« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сәрсенбі күні Арал ауданында болған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жұмыс сапары бейсенбіде Қазалы ауданында жалғасты. Өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысқан аймақ басшысы тұрғындармен кездесіп, Қазалының бүгінгі ахуалын бағамдап, ауылдарды арнайы аралады.
Қазір Қазалыда құрылыс жұмыстарының қарқыны қатты. Нысандар ел игілігіне берілсе, тұрғындарға да, мемлекеттік қызметке де тиімді.
Алдымен облыс әкімі Басықара елді мекеніндегі Ә.Тыныбаев атындағы су торабының жұмысымен танысты. Су торабы 60 гектар егістік алқабын және 450 гектар шабындықты суармалы сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, мұнда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдарияда сең жүру кезіндегі аудан аумағындағы қауіпті аймақтар мен ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейін таныстырды. Бүгінде Сырдарияда мұз жиналса, аудан бойынша елді мекендерге қауіп төндіретін 11 иін бар.
Қазалылықтардың негізгі тіршілігі – егін және мал шаруашылығы. Биыл мұнда 17508 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егілген. Қазір ауданда егіншілікпен 6 шаруашылық тұрақты түрде айналысады. Айта кету керек, осы жылы күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 575 гектарға кем. Есесіне, суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы басқа дақылдардың көлемі артқан. Ал, мал басында тұрақты өсім бар. Сонымен қатар, «РЗА» АҚ-ның 660 басқа арналған сүт бағытындағы типтік жобадағы кешені және «Сыр маржаны» ЖШС-ның 3 мың басқа арналған мүйізді ірі қара малын бордақылау алаңы жұмыс істейді.
Басықарадан кейін сапар Жалаңтөс батыр ауылында жалғасты. Облыстың жаңа әкімін ерекше пейілмен қарсы алған тұрғындар ауыл тарихынан, оң өзгерістерден хабардар етті. Ауыл кәсіпкерлері мұнда арнайы көрме дайындапты. Айталық, Оңдашбай Өтеміс – он саусақсыз-ақ «темірге тіл, жаңқаға жан бітіретін» қолөнер шебері. Дайындаған тымақ, мәсі, жабу, ат әбзелдері де көздің жауын алады. Облыс әкімі ұлт құндылығын қайта жаңғыртатын мұндай шеберлерге лайықты қолдау көрсетілу керегін айтты. Ең бастысы, жаңа бизнестің экономикалық, әлеуметтік тұсын таразылап, саралап алу керегін де ескертті.
Мұнан кейінгі бағыт – «РЗА» АҚ сүт-тауар кешені. Қуанышбек Досмайылұлы тәулігіне 30 тонна «Дәмді» сауда белгісімен сүт өндіретін ферманың жұмысымен танысты. «Дәмдінің» дәмі тіл үйіретіні рас. Мұнда ең бастысы – химиялық қоспаларды пайдаланбай-ақ, экологиялық стандарттарға сай органикалық таза тамақ өнімінің дайындалуы.
– Қазір цехта сұранысқа байланысты пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, сүзбе, сары май және ірімшік шығарылады. 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өнімді біздің аймақтан бөлек, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлеріне жөнелтеміз, – деді технолог Мұратбек Бекболатов.
Аймақ басшысы тұрғындармен кездесу үшін Ғ.Мұратбаев ауылына жол тартып, ақсақалдармен жүздессе, мұнан кейін былтыр бой көтерген Әйтеке бидің еңселі ескерткішіне барды. Биіктігі 12 метр монументтің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Қазбек Сатыбалдин. Ескерткіш халық көз тоқтатып қарайтындай аумақтан орын алған. Маңайында құрылысы енді ғана басталған Мекемелер үйі, аудандық сот ғимараты, жаңа аурухана бірден көзге түсті. Бұл жерде облыс әкімі Қазалы қаласы мен аудан орталығын байланыстыратын жаңа қаланың құрылысымен танысты.
Ал Қазалы аудандық орталық ауруханасында облыс әкімі аудандағы денсаулық сақтау саласының дамуы мен соңғы жаңалықтарынан хабардар болды. Бір ерекшелігі, Қазалыдағы бұл ауруханада тек облыс орталықтарында ғана болатын, құны аса қымбат ангиограф аппараты бар. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусаметов бұл аудан дәрігерлермен толықтай қамтамасыз етілгенін ерекше атап өтті.
– Қазалы ауданының 57 мың тұрғынына қазір Қазалы ауданаралық ауруханасы және Қазалы теміржол ауруханасы қызмет көрсетеді. Ауданаралық аурухананың құрылымында бірнеше нысан бар. Орталық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік пункт, 15 медициналық бекет. Биыл 6 жас маман ауданға келіп, жұмыс істеуге келісімін берді. Оның 3-і ауылдарға жұмысқа жіберіледі, – деді ол.
Мұнан кейін Қуанышбек Досмайылұлы балалардың демалыс орталығына арнайы бұрылды. Елдің ертеңі жарқын, ұрпақ ұлағатты болсын десек, бар мейірім балаларға болуы керек. Облыс әкімі «Шағала» балалар сауықтыру орталығында алаңсыз асыр салған бүлдіршіндерге доп тарту етіп, бассейндегі балақайлардың «Су добы» ойынын тамашалады.
Жазғы маусымда 700-1000 оқушыны қабылдайтын «Шағала» орталығы 7 ауысымда жұмыс істейді. Оның аумағында балалар демалатын 2 корпус, асхана, медпункт, бассейн және футбол алаңы бар. Мұнда 12 педагог 10 күн бойы әр күнге айдар тағып, танымдық, мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырады. Бейсенбіде «Денсаулық» күнін атап өткен балалар адам саулығына байланысты шаралардың бел ортасында жүр екен. Байқауымызша, көңілдері шат. Тіпті, араларында «Шағалаға» жетінші мәрте келсе де, мұндағы демалыстан жалықпаған оқушыларды көрдік.
Айта кетерлігі, «Шағала» – Сырдарияның жағасында орналасқан демалыс орталығы. Аймақ басшысы 1957 жылы салынған орталықтың соңғы жөндеу жұмыстарымен танысып, балалар алаңын аралады.
Облыс әкімі сапар барысында Ақтан батыр ауылының тұрғындарымен кездесіп, «ҚазалыТеміржолжылу» МКК жұмысымен де танысты.
1996 жылы пайдалануға берілген кәсіпорында ДЕ-14/16ГМ маркалы 4 бу қазандығы бар, олардың үшеуі жылыту маусымында және біреуі резервте жұмыс істейді. Қазір «ҚазалыТеміржолжылу» МКК 102 мекеме, 46 көпқабатты үй мен 184 жеке үйді жылумен қамтамасыз етеді. Бу қазандықтарында негізгі отын – табиғи газ болса, 288 тонна резервтік отын – мазут та бар.
Мұнан кейін облыс әкімі «LCI-MK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін де аралады. Негізінен құрылысқа қажетті материалдар өндіретін зауыт жылына 10 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын және конструкцияларды жасап шығарады. Бүгінде 18, 21, 24 метрлік балкаларды стандарттарға сәйкес дайындайтын серіктестік республика аумағын жол-көпір құрылыстарына қажетті темір-бетон бұйымдарымен қамтамасыз етуде.
Аймақ басшысы бұл сапарында Қазалы локомотив жөндеу зауытына да барып, жұмысшылармен кездесті. Қуанышбек Ысқақов цехтардың жұмысымен танысу кезінде темір тұлпардың бабын білген теміржолшы еңбегі елеулі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Арыстағы жарылыс кезінде облыс аумағында тоқтаған пойыз жолаушыларына сапалы қызмет көрсетілгенін де еске салды. Өткен ғасырда, 1905 жылы құрылған депода қазір 369 адам қызмет атқарады екен.
Қуанышбек Досмайылұлы аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің құрылыс жұмыстарымен де танысып, екі және үш бөлмелік пәтерлерді аралап көрді. Қазір Әйтеке би кентінде «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 18 пәтерлік 6 жалдамалы көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нысан салынып біткенде олардың әрқайсында екі бөлмелі 12 және үш бөлмелі 6 пәтер болады.
Қазалы ауданына жұмыс сапарының соңында облыс әкімі «Қазалы Керуен» көлік, сауда-логистикалық орталығына барды. Автовокзал, автотұрақ, техникалық қызмет көрсету, сауда алаңдары бар орталық жан-жақты қызмет көрсетеді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |