Иранға ірі қара мал экспортталды

 «Сыр маржаны» ЖШС-нан Иран Ислам Республикасына ірі қара эскпорттала бастады. Жуырда 56 бас мал тірілей серіктестікке қарасты бордақылау алаңында өлшеніп, шетелдік «Inchen Broon Cooperative Inc» компаниясына жөнелтілді.

Қазалылық белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев басшылық жасайтын «Сыр маржаны» ЖШС 2015 жылы «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында Көларық ауылдық округінің Шеңгелді учаскесінде 500 басқа арналған мал бордақылау кешенін іске қосқан болатын. Қазір алаңның қуаттылығы 3000 басқа дейін үлкейтіліп, кешенде 20-ға жуық жұмысшы еңбек етуде.

Ауыл шаруашылығы – қашанда ел экономикасының тірегі, алға сүйрейтін жетекші саланың бірі. Елбасының тапсырмасына сәйкес қазір елімізде «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асуда. 2016 жылы облыс буферлік аймақтан шығарылып, ет экспорттайтын аймақтардың қатарына енді. Бірақ, облыста халықаралық стандартқа сай ет комбинатының болмауынан бүгінге дейін ірі қара, қой, түйе малы тірілей экспортталып келеді. Айталық, биыл облысқа 400 тонна сиыр етін экспорттау жоспары бекітілген.

Алдағы уақытта салада азық-түлік қауіпсіздігі ны­ғайып, ет экспортының көле­мі ұлғайтылмақшы. Себебі, ай­мақтың еңбек өнімділігін арт­тырып, сапалы ет өнім­де­рінің көлемін арттыру мақ­са­тында Қызылорда қала­сында стандартқа сай ет ком­бинатының іргетасы қалан­ды. Ет комбинатының негізгі инвесторы – «Сыр маржаны» серіктестігі, нысан жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.

Аталған ет комбинаты іске қосылғанға дейін облысқа бекітілген жоспарды бұқашықтарды тірілей өткізу арқылы орындау жоспарлануда. Осы мақсатта үстіміздегі жылы «Сыр маржаны» ЖШС мал бордақылау алаңы арқылы Өзбекстан мемлекетіне 250 бас тірілей мүйізді ірі қара экспортталса, Иран Ислам Респуб­ликасына 56 бас бұқашық тірілей экспортталды. Мұнан өзге осы жылдың наурыз айында Иранға 789 бас тірілей қозы жөнелтілген болатын.

Аймақта 2022 жылға дейін агрокарта әзірленіп, оның шеңберінде 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 есеге ұлғайту көз­делген. Алдағы уақытта бұл  жұмыстар жалғасатын болады.


Айдана ЖҰМАДИНОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 шілде 2019 г. 333 0