« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазалы ауданы Абай ауылының тұрғыны Оңдашбай Өтеміс он саусақсыз-ақ кәсіп ашты. 2010 жылдың қытымыр қысында тағдырдан теперіш көріп, он саусағынан бірдей айырылған азамат бұл күнде замандастарына үлгі. «Жарымжанмын» демейді, іс тігіп, шеберлігін танытып жүр. Өткен жылы ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант иегері атанды.
Әдепкіде жерлестеріне қолынан шыққан бұйымдарды ұсынған азаматтың мүмкіндігі жоғары екенін ел білетін. Шеберлігіне тәнті жұрт кәсіп ашуға кеңес берді. Тымақ, мәсі, көрпе-жастық, жабу тігу дегеніңіз ол үшін қиын іс емес. Құйысқан, жүген, тоқым секілді ат әбзелдерінен бөлек шебер жасаған киіз үйдің жабдығы да талай жанның ауласына сән беріп, ұлттық құндылықтың жарқын үлгісіне айналған.
– Мемлекеттен алған қайтарымсыз 900 мың теңгеге мен күнделікті тұтынатын өнімдерді тігуге арналған өндірістік тігін машинасын сатып алдым. Бұрын ауылдан ғана тапсырыс алсам, қазір ауданға атым тарады. Іздеп келіп, бұйымтайын айтатындар бар. Бала кезден құмар ісім кәсіпке айналады деп кім ойлаған? Біраз жыл бұрын мал қарап жүріп, аттан құлап едім. Он саусағымды үсік шалып, дәрігерлер кесіп тастауға мәжбүр болдым. Бірақ осы сынақтан сүрінбей өтемін деп өзіме серт бергенмін. Міне, қазір – кәсіпкермін, – дейді Оңдашбай Өтеміс.
Ұмыт қалған ұлттық мұраларымызды жаңа дәуірге жаңашылдық әкелуге дағдылану – өткенімізді жаңғырту емес пе?! Оңдашбайдың шеберханасындағы туындының әрбірі қазақтың қазақылығын айшықтап, ұлы көштің руханиятын түгендеп тұрғандай. Шетелдік қымбат бас киімдерге құмартып жүргендер енді қазақы тымаққа ынтасын арттыра бастады. Оңдашбайдың қолынан шыққан бас киімдер қазір қытымыр қыста талайдың шекесін терлетіп жүр. Бір қыста 15-20 адамға құлақшын мен тымақ тігетін көрінеді.
– Өзіңнің мына қоғамға керек екеніңді сезіну де зор бақыт. Жұрт іздеп келіп, қажетін тіктіріп алып жатады. Кәсібімді кеңейтіп, біздің өз бойымызда бар қабілетпен де биікті бағындыруға болатынына көз жеткіздім. Бәлкім, маған қарап, өзгелер де өмір мектебінен алған дәрістерін қолданысқа салар, – деді шебер алысқа көз тастап.
Айтпақшы, кейіпкеріміз тігінмен ғана айналыспайды. Заманауи құрылғыларды да жіті меңгерген. Ұялы телефоннан хабары жоқ жұртшылық, істен шыққан аппараттарын келіп істетеді екен. Жұрттан алғыс алған сайын ісі өрге басып, өзі шабыттана түсетін Оңдашбайдың қадамына біз де оң болсын айттық.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
Қазалы ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |