Жауапкершілік қатаң сұралады

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен бүгін аппарат мәжілісі өтті. Онда алдағы оқу жылына, жылу беру маусымына әзірлік және еңбек заңнамасының сақталу жайы кеңінен сөз болды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекованың мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында 21 600 бала мектеп табалдырығын аттамақ. Ал жалпы 293 мектепте 164 500 оқушы білім алады деп жоспарланып отыр.

– 1 маусымнан бастап 1 сыныпқа қабылдау процесі автоматтандырылған жүйеге қосылды. Қазіргі күні қаладағы шағын аудандар бойынша балаларды мектептерге орналастыру картасы дайын, – деді басқарма басшысы.

Осы тұста оқулық мәселесінің маңыздылығы басым. Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралды. Бүгінде 15 баспамен келісімшарт жасалып, оқулық тасымалдау қызметі бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Кітаптар мектептерге 25 тамызға дейін жеткізіледі. Дегенмен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7 сынып оқушыларын «Өлкетану» хрестоматиясымен қамтамасыз ету үшін 103,6 млн теңге қаржы қажет екені анықталып отыр.

Облыста үшауысымды мектеп жоқ. Дегенмен, оқушылар санының жылдан-жылға көбеюі жаңа білім ошақтарын салудың маңыздылығын көрсетеді.

– Жаңақорған мен Жалағашта апатты жағдайдағы №169, №34 мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс келесі жылы аяқталады. Қызылорда қаласындағы 600 орындық мектеп биыл қазан айында, 1450 орынға арналған 3 жеке мектеп қыркүйекте ашылады, – деді хабарламашы.

Сөз соңында басқарма басшысы көпшілікті «Жүректен жүрекке!» ұранымен 1 шілдеден бастап 30 қыркүйекке дейін жалғасатын республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына атсалысуға шақырды.

2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық та қызу қарқын алған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинның айтуынша, жылу қазандықтарын жөндеу, Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентіндегі қазандықты газға ауыстыру шаралары кестеге сәйкес жүргізілуде. Осы күні тұрғындарға қажетті көмірдің 5,7 проценті ғана жеткізілген. «Қызылордажылуэлектрорталығының» қоймасында 4,6 мың тонна мазут сақтаулы.

– «Қызылордажылуэлектрорталығының» «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалы алдындағы ағымдағы берешегі 139 млн теңге шамасында. Қарыз кестеге сәйкес төленуде және күнделікті қатаң бақылауымызда, – деді басқарма басшысы.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе жергілікті кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағытында өрбіді. Еңбек саласындағы заңбұзушылықтардың 62 проценті жеке кәсіпкерлік субъектілеріне, қалған бөлігі мемлекеттік мекемелерге тиесілі. Тексеру нәтижесінде 61 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 3,1 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның 2,8 млн теңгесі өндірілді.

Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев заңбұзушылықтар көбіне жеке кәсіпкерлік саласында жасалатынын жеткізді. Оның ішінде жұмыскерді еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберу, уақытылы жалақы төлемеу, еңбек демалысының пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төлемеу, еңбек шартының еңбек заңнамасына сәйкес келмеуі, жұмыстан заңсыз шеттету деректері жиі кездеседі.

– Мысалы, «TS Оңтүстік жанар май» серіктестігі басшысының бұйрығымен жұмыскер жұмыстан заңсыз шеттетілген. Оған заңсыз шеттетілген кезең үшін жалақы толық төленді. Мемлекеттік мекемелердің жұмыс берушілері де еңбек заңнамасын елей бермейді. Қармақшы ауданы бойынша 19 мектептің басшылары 75 жұмыскерді еңбек шартын жасаспай жұмысқа қабылдаған, – деді ол.

Басқарма басшысы жалақы қарызы, жұмыс барысындағы жазатайым оқиғалар туралы баяндады. Жиын қорытындысында аймақ басшысы тиісті басқармаларға тізбектелген мәселелер ұдайы назарда болуы керектігін қатаң тапсырды.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 шілде 2019 г. 796 0