Арыстағы тосын оқиғаға байланысты апат салдарынан зақымданған ғимараттарды қайта қалпына келтіру үшін қала 17 аумаққа бөлінген. Алтыншы аумақ қызылордалық құрылысшылардың еншісінде. Өңірден көмекке аттанған 20 мердігер компания бұл күнде 4 топқа бөлініп, қызу жұмысқа кіріскен.
Төтеннен болған апаттан Бердімұратовтар отбасының үйі жарамсыз болып қалған еді. Отағасы – теміржолшы, отанасы – мұғалім. Төрт балалы шаңырақ баспанасыз қалды. Бұл күнде қызылордалық құрылысшылар жартылай біткен үй әперіп, оны толық жөндеп, баспананы отбасына сыйлады.
– Тек қана бас амандығын ойлап, қырға қарай қаштық. Үй-жай дегеніңізді ойлауға шама жоқ еді. Бес күннен соң отбасымызбен шаңыраққа оралдық. «Әр қазақ менің жалғызым» деп қолда барын ұсынатын мейірімді азаматтарға мұқтаж емес екенбіз. Халымызды сұрап, жылы сөйлегеннің өзі жанымызға медет болды. Қызылордадан көмекке келген ағайын осы аумақтағы үйлерді қайта қалпына келтіруде маңдай терін төгіп жатыр. Қарсы үйде тұратын көршім үйін сатпақ болып жүрген. Жартылай біткен үй еді, соны сатып әперіп, жаңартып берді. Кең сарайдай жаңа баспанаға келдік. Алғысымыз зор, – деді отанасы Қаламқас Әуезова.
Мұндағы ғимараттардың көпшілігінің терезесі сынған. Сондықтан қызылордалық құрылысшылардан құралған пластик терезе шығаратын 5 цех жұмыс істеп тұр. Бір сәттік тыным жоқ. Өйткені, елді аман-есен өз орнына қондырған абзал. Цехтың бірі Бибізейнеп Сманованың ауласында орналасыпты.
– Жігіттердің еңбекқорлығына ризамын. Бар күш-жігерін жинап, тұрғындардың баспанасын қайта қалпына келтіруге кіріскен. Бұрынғы көне ағаш терезелердің бәрін сырып тастап, орнына су жаңа сапалы терезе салып жатыр. Мейірімділік танытып, жыртығымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеп жатқан қызылордалық кәсіпкерлерге, басшыларға алғыс білдіремін, – деді ол.
Тұтас Қазақстан Арыспен бірге. Ондағы жұрттың басына ауыртпалық түскенде Сырдағы ел де ауызбіршілік танытып, қолдан келген көмегін аямады. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков мердігер мекемелермен бірге осында келген.
– Бізге бөлінген аумақта 5 әлеуметтік, 10 коммерциялық нысан және 254 тұрғын үй бар. Бұл күнде 186 адам жұмыс істеп жатыр. Бекітілген нысанның 145-і бітті, 102-сінде жұмыс жүріп жатыр. Ал 6 үйге енді барамыз. Бұйыртса, шілде айының аяғында толық бітіреміз деген жоспар бар. Бастысы, осы міндетті аман-есен атқарып, халықтың өз шаңырақтарына орналасуын қамтамасыз ету, – деді М.Әлсеріков.
Тұрғын үйдердің басым бөлігінде шатыр, терезе зақымданған. Қайта жаңғыртылып жатыр. Шатыр 25 проценттен артық зақымданған жағдайда түгелімен ауыстырылады. Онда да материалдың сапасына қарай, егер көне жабынды болса, 25 проценттен аз жарамсызданған болса да толық ауыстыру үстінде. Ал онда шұғыл көмекке аттанған құрылыс компанияларының бірі – «СМП – Қызылорда» серіктестігі.
– Жалпы бөлінген 254 үйдің 58-і бізге тиесілі. Қазір 25 үй бітті. Көбісінің шатыр, төбе бөліктерін істедік. Әрбір нысанды жауапкершілікпен, сапаға сай жөндеуге бар күшімізді салып жатырмыз. Халық бағасын өзі береді. Біздің әрбір жұмысымызды көзімен көріп, тексеріп кетеді әрі тілектерін айтып, алғысын жеткізуде, – деді серіктестіктің бас инженері Сәкен Мұратбаев.
Тіршілігі қайта жанданған Арыс қаласында Сыр құрылысшыларының белсенділігі жоғары. Көзбен көріп, көңілге түйіп үлкен разылыққа бөлендік.
– Мойынға артылған міндетті жауапкершілікпен орындау – парыз. Мұнда жұмыс істеп жатқандардың бәрі кәнігі мамандар. Тұрғын үйлердің 80 процентінде терезе сынса, 60 процентінде шатыры қираған. Ендігі жерде мамандарымыздың шеберлігі Арыс қаласына жаңа ажар әкеледі деп сенемін, – деді басқарманың бөлім басшысы Ілесбек Әлмаханов.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арыс қаласында Сыр өңіріне бөлінген нысандарды жөндеу жұмыстарымен танысып қайтқан еді.
Сондай-ақ, 2019 жылдың 9-18 тамыз аралығында Арыс қаласынан 150 бала Қызылорда облыстық білім басқармасының «Облыстық олимпиадалар мен қосымша білім беру орталығында» тегін демалады. Балалар үшін психологиялық тренингтер, тауға экскурсиялар, түрлі үйірмелер ұйымдастырылады.
2800 астам мемлекеттік қызметші, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар мен серіктестіктер, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер мен меценаттар қаржылай көмегін көрсетті.
Мәселен, «Аралтұз» АҚ Арыс қаласының тұрғындарына өз қаражаты есебінен бір күндік жалақы қорынан материалдық көмек көрсетті. Сонымен қатар, зауыттың 500-ден астам қызметкері қоғам басшылығының бастамасына қолдау білдірді және зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсету үшін бір күндік табысын қосымша қорға аударды.
«Біздің кәсіпорын да әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, барлық қазақстандықтар үшін қиын кезеңде отандастарымызға қолдау көрсетуді жөн санайды», – деді «Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаров.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы»
Қызылорда – Арыс – Қызылорда.