
Өткен аптаның сенбісінде Қызылорда қаласында 8 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл құтты қоныстар 232 отбасыға арналған. Астана күні қарсаңында өткізілген аталмыш шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, қоғамдық ұйым өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Елдің игілігіне айналған 8 үйдің 6-ы тұрғын үй қорына кезекте тұрған адамдарға берілсе, қалған 2-і «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында өз иелерін тапты. Алғашқы санатқа енгізілген азаматтар Тасбөгет кенті маңындағы Аманкелді көшесі бойында орын тепкен тұрғын үйлерден баспанаға қол жеткізді. Бұл үйлердің құрылыстарын «Астана Сервис ЛТД», «Ел-Қонды», «Сыр құрылысы», «Аманқұрылыс», «МСФ Мұнай-құрылыс», «Айдана» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізді.
Облыс басшысы Қ.Көшербаев жаңа қоныс иелеріне құттықтау лебізін білдірді. Соңғы жылдарда біздің аймақта құрылыс саласында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Осының нәтижесінде өңірде қаншама әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көптеген ескі ғимараттардың орнына жаңасы елдің игілігіне айналып келеді. Елімізде атқарылып жатқан маңызды іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстанда мұндай игілікті істер тұрақты түрде жалғасып отыр.
– Бүгінгі күні Қызылорда қаласында 200-ден астам отбасы қоныс тойын тойлап, үлкен қуанышқа кенеліп отырғанына куә болып отырмыз, – деді облыс әкімі жұртшылық алдында. – Бұл біздің еліміздің жылдан жылға әлеуетінің артып келе жатқанын айғақтайды. Осындай оңды өзгерістер Сыр өңірінде де көрініс беріп отыр. Өткен жылдармен салыстырғанда құрылыс көлемі 40 пайызға артты. Сондай-ақ, өңдеу саласында да өсім көрініс берді. Салық көлемі де 109 млрд. теңгеге жетті. Осының нәтижесінде біз көптеген әлеуметтік проблемаларды оңды шешуге мүмкіндік алып келеміз. Облыс тұрғындары жылдан жылға өсіп келеді. Қызылорда еліміздегі демографиялық жағынан алдыңғы үштікте келе жатқан облыстар қатарында саналады. Қазіргі таңда ресми статистикалық деректер бойынша аймақта 743 мың адам тұрады деп есептелген. Ал медициналық тіркеу мәліметтеріне сүйенсек, бұл көрсеткіш 823 мың адамды құрайды. Алдағы 7-8 жылдың көлемінде облыс халқы 1 млн. адамға жетеді деген болжам бар. Сондықтан осындай әлеуметтік сала бойынша нақты жұмыстарды іске асыруға көңіл бөлмекпіз. Бүгін пәтер алатын азаматтар тізімінде қос майдангер бар екен. Олардың алдындағы перзенттік парызымызды орындауға көңіл бөлгеніміз орынды болады.

Облыс әкімі өз сөзінен кейін Астана қаласының 16 жылдығына орай жаңа үйден пәтер алған 16 отбасына салтанатты түрде кілттерді табыс етті. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қойтай Тойжігітов пен Владимир Колбинов бар.
Келесі кезекте Бейбарыс Сұлтан көшесі бойында орын тепкен жас отбасыларға арналған №5 және №6 үйлер пайдалануға берілді. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы негізінде «Авангард ПГС» мен «Аман-құрылыс» ЖШС-лары салған. Жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер олардың арасындағы баспана мәселесін шешуге оң септігін тигізеді. Екі үйде барлығы 100 отбасы қоныс тойын тойлады. Облыс әкімі оларға өз тілектестігін білдірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов жас буын өкілдеріне ағалық тілегін арнап, ақ батасын берді.
Дәл осы күні облыс әкімі Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарда жасалып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. «Ақмешіт» шағын ауданында орын тепкен №136 мектепте жазғы демалыс күндерінде осындай шаралар жүргізілуде. Бұрынғы ағаштан жасалған терезелер бүгінгі күннің талабына сай келетін жаңасымен ауыстырылуда. Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы негізінде аталмыш мектептен өзге №120, 198, 11, 176 мектептері мен «Алтын кілт» балабақшасы да қайта жаңғыру үстінде. Сонымен қатар, қалалық бюджет есебінен тағы да бірқатар білім ошақтары жөнделуде.
Облыс әкімі Қызылорда қаласын аралау барысында Саламатов және Рысқұлов көшелеріндегі жолдарды қайта жаңғырту, Сырдария жағалауын абаттандыру жобаларымен танысты.
Әділжан ҮМБЕТ.
Жыл соңына дейін республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 5 млрд. 257 млн. теңгеге 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 22-сі пайдалануға беріледі. Жалпы биыл 750 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.