ЖАҢА МЕКТЕП, ОРТАЛЫҚ АУРУХАНА

ЖАҢА МЕКТЕП, ОРТАЛЫҚ  АУРУХАНААстана күніне орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Шиелі және Сырдария ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысты.
Шиелі ауданында жаңадан ашылған 1200 орындық білім ошағының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған еді. Оған ел тайқазанынан 1 миллиард 616 миллион теңге бөлінді. Бас мердігер "Бақ-Жай” серіктестігі мектеп құрылысын өз уақытында аудан игілігіне және еліміздің бас қаласы Астананың туған күніне тарту етті. Салтанатты шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев, басқарма басшылары, аудан ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. 3 қабатты 8 бөліктен тұратын зәулім ғимаратта 48 оқу кабинеті, 5 компьютер сыныбы, 3 шеберхана, мәжіліс және 2 спорт залы, асханасы бар. Заманауи құрылғылармен жасақталған білім ошағы оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған.
ЖАҢА МЕКТЕП, ОРТАЛЫҚ  АУРУХАНА– Кезекті оқу жылына балалар жаңаша көңіл күймен келетін болды. Оның үстіне оқушылардың қуанышы Астана күніне сәйкес келіп отыр. Астана – жастардың қаласы. Елдің ертеңгі өрендері бар жағдай жасалған мектепте білім алулары керек. Ел тұлғаларындай білім жолында аянбай еңбек етіп, биік шыңдарға жете беріңдер. Биік мақсат қойсаң, сол биікке шығуға ұмтыласың, – деген аймақ басшысы, оқушыларға да, ұстаздарға да сәттілік тілеп, білім ошағын салтанатты түрде ашып берді. 
ЖАҢА МЕКТЕП, ОРТАЛЫҚ  АУРУХАНАОблыс әкімінің келесі сапары Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде жалғасты. "Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық аурухананың” ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы дәрігерлерді Астана күнімен құттықтап, жаңа ғимараттың салтанатты лентасын қиды. 250 орынға лайықталған заманауи емхананы салған мердігер «Құрылыс Консалтинг» ЖШС. Заман талабына сай жабдықталған аудандық емхана аудан және кент тұрғындарына қызмет ететін болады. Денсаулығында кінәраты барлар енді соңғы үлгідегі шетелдік құрылғыларда тексеріліп, қажетті емін ала алады. Мұнда 32 дәрігер, 128 аяжан қызмет етпек. Денсаулық сақтау саласының ардагері Зетов Шынтас ақхалаттылар атынан алғысын жеткізіп, жасалып жатқан игі шараларға ризашылығын білдірді. 
Нұрбек Дәуренбеков.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 09 шілде 2014 г. 1 741 0