Балық қорын сақтау берекемізді арттырады

Еліміздегі балық шаруа­шылығы жыл өткен сайын дамып келе жатса да, мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді. Біздегі балық еті өзімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Соңғы жылдары Кіші Арал теңізінің қалпына келуі  балық шаруашылығының жақсы қарқынмен дамуына әсер етті.
Бұл саладағы түйіткілді мәселелер де аз емес. «Көкарал» су тоспасының балық өткізбейтін құрылғы мен балық өрлейтін жолдарының болмауы жыл сайын бірнеше мың тонна су маржанының қырылуына әкеліп соқтыруда. Ал оны болдырмас үшін тиімді шаралар тездетіп қолға алынуы тиіс. Міне, осы орайда облыс әкімдігі Арал теңізіндегі балық қорын қалпына келтіру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарын басқару бағдарламасы аясында Халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР-дағы Атқарушы дирекциясы, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамдық қоры (GIZ) және облыс әкімдігі арасында «Солтүстік Арал теңізінің балық қорын сақтау, қорғау және оны дамыту. Арал-Сырдария Бассейн­дік кеңесінің әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асыру туралы үшжақты келісім жасалды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Намаев GIZ «Орталық Азиядағы су ресурстарын трансшекаралық басқару» бағдарламасының басшысы Каролина Милов пен Халықаралық Аралды құтқару қорының ҚР-дағы Атқарушы Дирекциясының директоры Болат Бекниязбен кездесіп, Сыр өңірінің экологиялық және әлеу­меттік-экономикалық проблема­ларын шешуге қосқан елеулі үлес­тері үшін алғысын білдірді.
– «Көкарал» бөгетінде балықты қорғау құрылғысының болмауына байланысты жыл са­йын балықтар  қырылуда. Соның салдарынан 2017 жылы 200 тонна балық шабағының қырылуы орын алған. Сол себепті бұл жоба аймағымыз үшін аса маңызды. Біздің ынтымақтасты­ғымыз алдағы уа­қытта да табыс­ты болып, экологиялық жағ­дайды жақсартуда және аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді ден сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жобаның негізгі мақсаты Солтүстік Арал өңірінің балық қорларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сақтау және дамыту, су ресурстарын интеграцияланған бас­қару принциптерін одан әрі да­мыту және тәжірибеге енгізу, су шаруашылығы және бассейн­дік құрылымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету дең­гейін жасқарту, Арал-Сырдария бассейн­дік кеңесінің әлеуетін арт­тыру, қызметін жандандыру, сондай-ақ халықтың экологиялық сауат­ты­лы­ғын жоғарылату болып табылады.
Айсәуле Қарапаева,
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 шілде 2019 г. 774 0