Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары жазғы демалысқа шығып, еліміздің әр өңірінде тұрғындармен кездесуді бастап кетті. Осыған орай бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева мен Тарас Хитуов жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келді. Сапар барысында олар Әйтеке би кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, аудан активімен кездесті.
Халық қалаулылары Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжанмен бірге аудандық полиция бөлімі мен сот ғимаратында болып, мекеменің жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, Қазалы ауданаралық ауруханасы ұжымымен жүздесіп, дәрігерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Мұнан соң депутаттар аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен кездесті. Басқосуда Тарас Хитуов пен Балайым Кесебаева Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарды, қабылданған заңдар мен алдағы уақытта депутаттардың назарына ұсынылатын жобаларды таныстырды.
Мәжілісмендермен кездесуде облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп пен Мнажадин Өтеев, аудандық мәслихат депутаттары Ғазиз Әліш пен Әділбек Сарабеков, аудандық ветеренария бөлімінің басшысы Сапарбек Қуатов, Әйтеке би кенті әкімі аппаратының бөлім басшысы Тәуіржан Құлмұратов бүгінгі таңда қоғамда өзекті деген мәселелерді көтеріп, оларды оңтайлы шешудің жолдарын қарастыруды ұсынды.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап қорытындылап, Елордадан арнайы келген қонақтарға халықтың атынан алғысын жеткізді.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі