Мәжіліс депутаттары Арал ауданында болды

Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Балайым Кесебаева мен Тарас Хитуов арнайы жұмыс сапарымен Арал ауданында болды.
Депутаттармен бірге аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Дәуренбек Мадинов бірқатар нысандарды аралады.Халық қалаулылары алдымен республикадағы тұз қазу мен оны өндеу бойынша ең iрi кәсiпорын болып табылатын “Аралтұз” АҚ болып, жұмысшылармен кездесті.«Аралтұз» АҚ тұз өңдеу цехындағы тұзды өңдеу, қаптау, брикеттеу, тубус қорапшаларына салу, полиэтилен пакеттерін шығару жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, ұжым қызметкерлерімен пікірлесіп, өздерін толғандырған мәселелерін бойынша сауалдарына жауап беріп, сәттілік тіледі.Одан әрі мәжілісмендер  әкімдіктің мәжіліс залында аудан активімен жүздесті. Кездесу барысында депутаттар ең алдымен Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарды, қабылданған заңдар мен алдағы уақытта депутаттардың назарына ұсынылатын жобалар жөнін таныстырып өтті. Басқосу аясында аудан активі тарапынан Сексеуіл кентінен жаңа мектеп құрылысын салу, Ақбасты елі мекеніне ауыз су жүргізу сынды маңызды мәселелер көтеріліп, аталған мәселелерді оңтайлы шешіп беру жөнінде ұсыныстар айтылды.Жиыннан кейін депутаттар аудандық полиция бөлім мен жаңадан бой көтерген аудандық сот ғимаратына бас сұғып, жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, түстен кейін құрамында 400-ден аса партия мүшесі бар «Барсакелмес» бастауыш партия ұйымымен кездесті.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 шілде 2019 г. 327 0