Елдің жайын жол айтар

Облыс орталығына іргелес Бесарық, Қоғалыкөл ауылдарына барар жолдың жай-күйі осыған дейін талай мәрте жазылды. Ерсілі-қарсылы ағылған көлік тізгініндегілер шұрық-тесік асфальтты айналып өтіп, жүйкесі жұқарған сәттер жиі кездесетін. Бүгінде іргеде жатқан қос ауылдың халқы қуанышты. Өйткені, бірнеше жылдан бері тарқамаған түйткіл шешімін тапты. Аталған елді мекендерді әуежай жолына жалғайтын трассаны күрделі жөндеу жұмысы басталды.

Қоғалыкөлге барар жолдағы «Бәйтен» қорымының маңында «Қыран» ЖШС мамандары іске білек сыбана кіріскен. Бірнеше жүк көліктері мен арнайы техникалар өз қызметін атқаруда. Бұл күнде көне асфальтті қырып тастаған олар бірнеше қабаттан тұратын жаңа жол салады.

– Бізге берілген жол ұзындығы 12,5 шақырым. Биыл оның 6,5 шақырымын күрделі жөндеуден өткіземіз. Қалғаны келер жылдың еншісінде болмақ. Жолдың екі жағында 1 жарым метрден тас жол болса, ортада 7 метр асфальт, яғни, жалпы ені 10 метрге жетеді. Біздегі жоспар және жұмыс процесі осылай жүріп жатыр, – деді серіктестік прорабы Шыңғысхан Накипов.

Жалпы қалыңдығы 25 сантиметрге жететін жолдың, 5 сантиметрі асфальт болса, 8 сантиметрі арнаулы тас, онан соң 15 сантиметр малта тас болады. Мамандар күннің ыстығына қарамастан тер төгуде. Солардың бірі – ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Мақсұтбек Төлеген. Ол 2002 жылдан бері серіктестікте қыз­мет істейді. «САМС» ауыр жүк көлігінің руліне отырғанына да көп болған.

– Жол салу – сауапты іс. Сондықтан мұнда бар ынта-жігеріңмен жұмыс істейсің. Арал мен Жаңақорған аралығында бармаған жерім жоқ. Тіпті мына Шымкенттің Тайқоңырына дейін барып келдік. Қайда барсақ та осындай жол салу жұмысының басы-қасындамыз. Қоғалыкөлге барар жолдың да жағдайы кісі аярлықтай болып тұр екен. Бұйыртса, біздің жігіттердің шеберлігімен осында тақтайдай тегіс асфальт салынатын болады, – деді М.Төлеген.

Бесарық пен Қоғалыкөлді қосқанда 5 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың дені облыс орталығынан қатынап жұмыс істейді. Мына жолды жөндеу жұмыстарының басталуы жергілікті жұртшылықтың көңілін серпілткен. Халық тасымалымен нәпақасын айырып жүргендердің бірі – Нұрлыбек Талпақов.

– Ауылдың жағдайын жолына қарап тануға болады. Жолы көнерген сайын көліктен шығар ақау да артады. Қосалқы бөлшектері қалтаңды қағады. Тапқан тиыныңыз көлігіңіздің жыртығын жамауға кетсе, пайдаңыз қайсы?! Міне, бұл трассаның жөнделуіне қуанатынымыз осы, – деді ол.


Дәулет ҚЫРДАН,

Сырдария ауданы.


 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 шілде 2019 г. 653 0