«Тұрмағамбет» – іргелі шаруашылық

Қармақшы ауданындағы «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары биылғы егін егу маусымында 2700 гектар алқапқа Сыр салысын егіп, суға бастырып үлгерді. Онымен қоса 100 гектарға егілген жаздық бидайға жақын арада орақ салады. 

Ал, 1200 гектар егістік алқапта жайқала өскен ескі және жаңа жоңышқаның бірінші орымын бітіріп, ауыл тұрғындарына таратып берді. Жақын арада екінші орымға кіріспек. Сонымен қатар, шаруашылық 5 гектарға бақша, көкөніс пен картоп, биылғы жылдан бастап 20 гектарға соя екті.

Қазір шаруашылық мамандары алдағы егін жинау және келесі жылға дайындық ретінде жер тегістеу науқанына кірісіп кетті. Шаруа­шылық техникасын жаңартуда бірнеше жатка, комбайн, трактор, сонымен бірге лазерлі жер тегістегіштер және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

– Биылғы жаңалығымыз – Аманқос Тоғызбаев басшылық жасайтын №1 егіс бригадасының аумағында орналасқан «Күйеуасар» учаскесінің 20 гектар егістік алқабына соя дақылын ектік. Күзде ойлаған нәтижеге қол жеткіземіз деп отырмыз. Бұл жұмыс­ты  40 жылдық тәжірибесі бар, көктем-күз мезгілінде қолына кетпенін алып, егін баптайтын, ал күзде комбайн руліне отырып егін жинайтын  Бозтай Төлеуов сынды бесаспап маманға сеніп тапсырған болатынбыз. Әрбір істің басына тәжірибелі маман келсе, әрине, іс өрге басады. Сояның шығымы жақсы. Облыс орталығындағы ғылыми-зерттеу институтынан мамандар келіп, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Олар да жоғары өнім болады деген пікірде, – дейді шаруа­шылық басшысы, аудандық мәслихат депутаты Нұржан Пірмантаев.

Ауылдың 225 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық ауыл орталығынан тәулігіне 1 тонна сүт өндіретін цехты іске қосуға дайындық үстінде. Цех  өз жұмысын бастағанда ауыл тұрғындары мен мына шеті Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, мына шеті Ақжар мен Ақтөбе ауылы тұрғындарынан сүт қабылдап, одан сүт өнімдерін өндірмекші.

– Тамыз айының соңында ауылдық округтің құрыл­ғанына 60 жыл мерекесін атап өтеміз. Осы шарада сүт өндіретін цехпен қоса, 100 орындық балабақша ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, ауылға  абаттандыру жұмыстарын да жүргізудеміз. Көшелерге тал егіліп, гүлзарлар орналастырылуда. Жеке тұрғындар да мерекеге өз үлесін қосуға белсене араласып,  өз үй-жайларына жөндеу жүргізуде. Аудан әкімдігі де игі ісімізге қолдау көрсетіп, ауыл орталығынан заман талабына сай алаң салып жатыр, – дейді шаруашылық басшысы.

 

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 шілде 2019 г. 1 489 0