«Қайсар» мен «Шахтер» жаңа алаңда шеберлік байқасты

ҚПЛ-дың 17 туры аясындағы ең тартысты ойын Қызылордада өтті. Күрделі жөндеуден өткен ­Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда жергілікті “Қайсар” командасы қарағандылық “Шахтерды” қабылдады. Елорда күніне орай өткен шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.

– 20 жылдан кейін “Қайсар” командасы Қазақстан кубогының финалына шықты. Бұл үшін футболшылар мен бапкерлерге алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, біз ерекше шараның куәгеріміз! Осыдан бір жарым жыл бұрын басталған Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның күрделі жөндеу жұмысы толығымен аяқталып, қолданысқа берілмек. Өткен аптада УЕФА-ның инспекторы Лундстром Питер Паул келіп, жүргізілген жұмыстың барысымен танысып, оң баға берді. УЕФА сараптамасы бойынша алаң екінші категорияға лайық деп танылды. Енді орталық стадион Еуропалық стандартқа сәйкес кез келген матч­ты қабылдауға дайын. Ал, бүгінгі ойында қос командаға жақсы көңіл-күй, жеңіске деген ұмтылыс тілеймін, – деді  аймақ басшысы. Мұнан әрі “Қайсар” командасына алдағы уақытта да қолдау болатындығын айтып,  жанкүйерлер көкейінде жүрген сауалға жауап берді. Сонымен қатар, өңірде спорт саласын дамытудағы жұмыстарды сөз етті. Мәселен, алдағы уақытта Сырдарияның сол жағалауынан 3500 орындық жабық футбол манежінің құрылысы басталатын болады. Соңғы 3 жылда 9 спорт нысаны пайдалануға берілсе,  балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 9 жоба жүзеге асқан. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.

Осыдан кейін ойын басталды. Әуелгі кезде “Қайсардың” жаңа алаңдағы ойыны қарқынды көрінген. Ойынның 17-минутында-ақ бұрыштамадан берілген допты Иван Граф голға айналдырды. Оның баспен соққан соққысы қайсарлықтардың жігерін жани түсті ме, 29-минутта Джон Джошуаның пасынан соң Куле Мбомбо да есепті еселеді. Дегенмен, бұл жергілікті команданың осы ойындағы соңғы голы болды. Себебі, араға санаулы минуттар салып қарымта шабуылды сауатты ұйымдастыр­ған қонақтар Еркебұлан Нұр­ғалиевтің дәл соққысынан кейін есепті қысқартты. Матчтың алғашқы бөлігі 2:1-мен аяқталды.

Ойынның екінші жартысында қос команда бірін-бірі ала алмай, 63-минутта ғана шабулшы  Иван Пешич тепкен доп ойынды теңестірді. Матч соңына дейін “Қайсар” қанша шабуылдап бақса да “Шахтер” қорғанысынан саңылау таппады. Осылайша, “Шахтерді” қабылдаған Стойчо Младенов шәкірттері тең ойынды қанағат тұтты.



Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 шілде 2019 г. 403 0