« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бейсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Сайлыбаевпен кездесті. Сондай-ақ аймақ басшысы облыс орталығында бірқатар нысандарды аралады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевпен кездесуде кеңестің жартыжылдық жұмыс қорытындысы бойынша қысқаша есебі тыңдалды.
«Облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлының қабылдауында болып, Сыр өңірі ардагерлер кеңесінің жұмысы туралы қысқаша мәлімет бердім. Аймақ басшысы бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, қала, аудандарды аралау барысында жергілікті ардагерлермен кездесу туралы ұсыныс айттым. Әрі қарай да бірлесіп жұмыс істейтін боламыз», – деді Серік Әбішұлы.
Жалпы, ардагерлер өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Мерекелік іс-шаралар мен күнделікті жұмыс барысында ақыл-кеңестерін айтып, жастарға патриоттық тәрбие беруден жалыққан емес.
«Осы жылдың 6 айында біраз жұмыс атқарылды. Мәселен, сәуір айындағы ҚР Президентінің сайлауалды науқанында Сыр ардагерлерінің қосқан үлесі ерекше. Халықпен кездесіп, ақпараттық және үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласты. Ардагерлеріміздің аймақ дамуына қосқан үлестері үшін алғысымыздың белгісі ретінде «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалін әзірледік. Сыр өңірінде үлкен абыройға ие, белсенді жұмыс істейтін аға буын өкілдерін осы медальмен марапаттайтын боламыз», – деді Серік Дүйсенбаев.
***
Облыстық қоғамдық кеңес төрағасымен кездесуде аймақ тұрғындарының өзекті мәселелері талқыланып, кеңестің жартыжылдық жұмыс қорытындысы бойынша қысқаша есеп берілді.
«Аймақ басшысына облыстық қоғамдық кеңесінің жұмысы туралы қысқаша баяндап, облыс халқының өзекті мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар айттым. Қазір халықты алаңдататын мәселелер: аяқ сумен қамту, газдандыру және оның тарифтері, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қамту мәселелері бойынша сұрақтар бар. Облыс әкімі Қоғамдық кеңестің басты мақсат-міндеті – тұрғындарды алаңдататын өзекті проблемаларын билікке жедел түрде жеткізу, яғни, жергілікті билік органдарының жауапкершілігін арттыруға ықпал етуі қажет екенін айтты», – деді Бақытжан Әбдіхалықұлы.
***
Жаңа басшы тұрғындар тарапынан әлеуметтік желіге келіп түскен мәселелерге ерекше басымдық берді. Осының негізінде жоспарланған нысандардан бөлек, алдын ала ескертусіз қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасымен танысуды жөн көрді. №11 бағыттағы автобусқа қарапайым жолаушы ретінде мініп, Тасбөгет кентіне дейін барды. Автобуста жұртшылықпен тілдесіп, олардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асты. Жолаушылар тариф көтерілген уақытта атқарушы билік қызмет сапасының жақсаруын талап еткенін, алайда келісімшартта көрсетілген талаптардың орындалмай отырғанын алға тартты. Өйткені, кей автобустарда желдеткіш дұрыс жұмыс істемейді. Ал, бұл проблеманың өзектілігі аптап ыстық күндері қатты білінеді. Сонымен қатар билет мәселесіне қатысты пікір білдіргендер болды. Бұл ретте облыс басшысы олқылықтарды жоюға тапсырма берді. Сондай-ақ, тұрғындарды бірлесіп жұмыс істеуге, тікелей байланыс үшін өзінің Twitter аккаунтына өңірді дамытуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісуге шақырды.
Мұнан кейін өңір басшысы «Сәулет» шағын ауданында болды. Байқағанымыздай, мұндағы көлшікке заңсыз қоқыс тастау пайда болған. Тұрғын Өмірзақ Асановтың айтуынша, бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыға салынуда. «Сәулет» ауданының тұрғындары жағдайдың оңалуын күтеді. Осы орайда аймақ басшысы қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұриддиновке мәселені толық зерттеп, бір ай көлемінде шешуді тапсырды.
Келесі кезекте Қуанышбек Досмайылұлы үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және басқа мүмкіндіктер қарастырылған автобус паркінің қызметіне қанықты. Мекеме директорының орынбасары Қанат Рахметов жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту – күн тәртібіндегі басты мәселе екенін айтып, екінші жартыжылдықта электронды билеттерді енгізу бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді. Қанат Рахметовтің сөзінше, мұнда 758 автокөлік, оның ішінде сыйымдылығы үлкен – 112, сыйымдылығы орташа – 293, аз сыйымдылықтағы 343 автобус бар. Сыйымдылығы үлкен жаңа үлгідегі 112 автобус бейнекамералармен, мүмкіндігі шектеулі жандарды отырғызуға арналған аппарельдермен жабдықталған. Сонымен қатар №2 қалалық маршрутта қатынайтын «ПАЗ 32054» маркалы 10 автобус та сатып алыныпты. Серіктестікте қазір 450 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Сондай-ақ, облыс әкімі 1969 жылы салынған Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен де кездесті.
– Қырымбек Елеуұлының сіздерге ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Ертеңгі «Шахтермен» өтетін ойында сәттілік тілеймін. Біз өз тарапымыздан сіздерге тиісті қолдау көрсетеміз. Ал, сіздер, жанкүйерлеріңізді жеңістеріңізбен қуанта беріңіздер, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде қайсарлықтар да толық жаңғыртудан өткен, заманауи талапқа сай стадион үшін алғысын білдірді. Сенімге селкеу түсірмеуге тырысатындықтарын жеткізді.
Айта кетерлік жайт, 2001 жылы стадионды қайта құру жұмыстары жүргізілген, содан соң да конструкциялар ішінара ауыстырылып, жөндеуден өткен болатын. Өткен жылы да қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Мердігер мекеме «Интегрострой» ЖШС футбол алаңында жасанды газонды және трибунадағы орындықтарды ауыстыруды орындайды, сайдингпен қапталған металл қалқа орнатады, сондай-ақ жылыту, дренаждық, кәріздік және су құбыры жүйелерін ауыстыруды, бетон-темірбетон конструкцияларын орнатуды жүзеге асырады. Қазір стадионның сыйымдылығы – 7000 орын, нысанның жалпы ауданы – 16700 шаршы метр.
Одан бөлек, облыс әкімі «Қызылорда ЖЭО» кәсіпорнының жылыту маусымына дайындығын көзбен көрді. Мекеме директоры Руслан Нұрмағамбетов хабарлағандай, дайындық кестеге сәйкес жүргізілуде. Қондырғыларды ағымдағы жөндеуге арналған қаражаттың бір бөлігі, резервті мазут отынының қалдықтары кәсіпорын филиалдарының нормативтік-пайдалану қорында сақталуда. Тек қордаланған қарыздың көптігі қынжылтады.
– 1 шілде бойынша кәсіпорын алдында 388,7 млн теңге дебиторлық қарыз бар. Оның ішінде көпқабатты үй тұрғындарының қарызы – 328,4 млн теңге. Жеке сектор тұрғындары 54,4 млн теңге, шағын және орта бизнес нысандары 54,4 млн теңге және бюджеттік мекемелер 1,96 млн теңге берешек. Электр қуатын пайдаланушылардың дебиторлық төлемі 132 млн теңгені құрайды, оның ішінде 70 млн теңге «Энергосервис» серіктестігіне, 62 млн теңге «Қызылорда Су Жүйесі» кәсіпорнына тиесілі, – деді Руслан Нұрмағамбетов.
Облыс басшысы нысандарды аралай келе, бір қайнауы кем мәселелерді бақылауда ұстауға тапсырма берді. Нақты міндеттерді жүйелеп, бірлескен жұмыстардың қолға алынатынына сенім білдірді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
Суретті түсірген
Бағдат ЕСЖАНОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |