« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
– Аға, астаналық атанғаныңызға 20 жылға жуықтапты. Бұл қалада тұрудың оң, теріс тұсын жақсы білетін боларсыз...
– Елорданың ұнамайтын тұсы бара ма, осы?!
Бас қаладағы жүргізушімен әңгімеміздің әлқиссасы осылай басталған. Бейтаныс қалаға аяқ бассақ, таксисті сөзге тартатынымыз белгілі әдет. Шаһарды алғашқы болып таныстырып, артық-кем тұсын «таразылап» беретін де – солар. Бірақ сұрағыма орай сұрақ қойылғасын, аздап тосылып қалғаным рас.
– Адамдары тым асығыс. Тұрғын үй бағасы қымбат. Шілде әне-міне кіргелі тұр, ал мұнда қарашадағыдай қарасуық. Жаңбыр да жылдам жауа қояды екен.
– Асығыс жүретініміз рас. Бірақ он ойланып, сабырмен сараптап атқаратын жұмысымыз жетерлік. Саз балшығы иленіп жатқан Сарыарқаның бұл аумағынан үлкен қала тұрғызу оңай болмаған, астаналық атану үшін де сан сыннан өтуге тура келді. Нұр-Сұлтанда өмір сүрудің алабөтен ерекшелігі жоқ, керісінше суық сергітеді, қызметтегі бәсеке мүмкіндік емес пе? Ал өзің айтқан «стереотиптен» арылмасаң, алға адымдау мүмкін емес, – деді ол.
Рас, бас қаланың ажары да, аурасы да бөлек. Мұны Есіл бойындағы көпірден өткенде сезгенбіз. Бекіреге ұқсас, 313,5 метрлік оң және сол жағалауды байланыстырған бұл өткел – Атырау облысының сыйы. Формасы ерекше құрылысқа өрнек ретінде «Фибоначчи» заңдылығындағы «өмір гүлі» қолданылған. Ал көпірдің қақ ортасында Каспийдің қола бекіресі тұр. Сый болса, осындай-ақ болсын. Қала тұрғындарының жанға сая іздейтін, көп келетін жері де осы маң.
Байқадық, Ерке Есілде қайықпен серуендеуге де, әдемі өткелден асып, орталық саябаққа беттеуге де болады. Парк маңайы ығы-жығы, ылғи аяқ киімсіз бала-шаға. Табан асты шылқыған су. Ел бір-біріне су шашып ойнайтын көңілді маңайдан құрғақ өту мүмкін емес. Есесіне, тым тәтті шақтың, бейбіт күннің берекесін сезіп өтесің.
Елорданың жиырмажылдық тойына тартудан қай өңір де аянып қалмаған. Ақыры арнайылап келген соң, Сарыарқаға Сыр елінің сыйын көрмей кетуге болмайды. Бағытымыз – зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясы. Әлгі жүргізуші аға бізді сол аумаққа, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығына алып келеді. Музейге бара қалсаң, Байқоңырдан көкке ұшқан әйгілі «Союз», «Протон», «Зениттің» макетін тым жақын көруге рұқсат. Иә, бұл – ғарышқа сапардың қазақ жерінен басталғанын білдіретін ерекше нысан. Бүгінде ашық аспан астындағы музей – астананың туристік кластерінің маңызды бөлшегі. Атап өткеніміздей, мұндағы «Союз» – «Королевтің жетілігі» аталып кеткен Р-7 жинақтамасының ең танымал зымыраны болса, «Протон» – автоматты ғарыш аппараттарын Жер шарының орбитасына, әрі қарай ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған біржолғы зымыран-тасығыш. Ал, «Зенит» – ұшырылым құралында персоналдың болуын қажет етпейтін алғашқы әмбебап кешен, «Боран» – «Энергия-Боран» бағдарламасының аясында жасап шығарылған орбитальді ғарыш кемесі. Міне, Тұран даңғылының бойындағы Назарбаев университеті, сәл ұзай бере Ұлттық ғарыш орталығы көрінді. Бірақ, бұл жолы маңайы толған әскери адамдар екен. Оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқанға ұқсайды. Осы жолы еңселі әрі ерекше макеттерге мойын созып қанша қарағанымызбен, аумаққа кіре алмайтынымызды ұқтық.
Қайтар жолдағы әңгімеге «Қазақ радиосы» берген «Елге сәлем» әні арқау бола кетті. Мейрамбек Беспаев «Алматыда бір ұлың сәлем деді дегейсің, Сәтін салса құдайым ке лем деді дегейсің, Көңіл-күйін байқатпай, кейде жүрер жол таппай, Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің» деп жүректен жүрекке жеткізе орындағанда-ақ жүргізуші аға шешіліп сала берді.
– Бұл қалаға алғаш келген екі мыңыншы жылдарды еске түсірсем, сол кезден қалай өткенмін деп әлі таңғаламын, – деді ол. – Шығыстағы ауылдан онға жуық жас жігіт Нұр-Сұлтандағы ауқымды құрылысқа бірге келгенімізбен, екі-үш жылдан соң қалада қалғанымыз бірен-саран. Шаңырақ көтерген соң, үлкен қаланың тұрғыны болсақ деген ниетпен жас келіншегімді де осында ала келдім. Бірнеше жылдан соң, жақын ауылдан шағын баспана сатып алдық. Бірақ «аяққа тұрып кеткенше, қарайласайық» деген ата-ана тілегін тыңдап, балаларды елге жібердік. Арқаның қысы тым қатты, жеңгең онға таяу жұмысын аяқтаса, менің құрылыстағы қызметім түнгі бірге дейін созылатын. Астананың іргесіндегі ауылға түнде тартып кетуге мүмкіндік жоқ. Үйге қайту үшін келіншегімнің екі-үш сағат көлік ішінде тосуына тура келді. Ал түн жарымда баспанамызға кірген бетте от жағып, тамақ істейтінбіз. Ең қызығы, таңертеңгі уақыт болатын. Қар қалың жауатыны сонша, ауылдан қалаға шығар жолды бір-ақ түнде басып қалатын. Сонда таңғы алтыда тұрған жеңгең екеуміз жолдың едәуір бөлігін күреп, қардан тазалайтынбыз. Кейін білдік, кішкене шыдасақ, таң ата үлкен көліктер жүріп, жол салып кетеді екен. Жол болмай, жұмысқа үлгермей қаламыз деп жанталасатын күндер-ай. Құрылыста шағын топтың бригадирі болдым. Ол кез – мердігер компаниялар қаржы таппай, жалақыны кешіктіріп беретін уақыт. Мұндайда амалы таусылған құрылысшылар қолды бір сілтеп, басқа жұмыс іздеп кететін. Бірде белгілі компания жұмысшылардың айлығын төрт ай өткен соң бір-ақ берді. Сонда бірге жұмыс істеген құрылысшыларды қаланың әр тұсынан іздеп табанымнан тозғаным-ай. Аманат әрі адал ақы, маңдай тері деп әрқайсысын жеке сұрастырып жүріп, еңбекақысын қолдарына тапсырғанмын, – деп сөзін аяқтады.
– Сондайда елге тартып кетуге намыстанған боларсыз...
– Үйдің үлкені болған соң, қалайда берілмеуге бекіндім. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар»? Қиындыққа төзбеген құрдастарым әлдеқашан ауылға аттанған. Кейін мен де, жеңгең де тұрақты жұмысқа орналастық. Ал жылдар өте келе, іргелес ауылдан үлкен үй салып, жуырда ғана қала орталығынан жаңа пәтер сатып алдық. Балалардың алды өсіп қалды, кейін жоғары оқу оқығанда қаладағы үй қажет болады, – деді аға.
Енді түсіне бастаған секілдімін, жүргізуші аға әр сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін, сабырлы, істің адамы сыңайлы. Жастығы астанамен байланысты жігіт ағасы жол бойы қайта бастауға қаймығатын, тәуекелге толы өткен шағын айтып берді.
Байқағаным, бұл – астаналық бір адамның жігері мен еңбегін байқатқан үзік сыр. Ал тұтас елдің айбары, сәні мен салтанаты болған Елорданы тұрғызу қаншалықты тәуекелдің ісі десеңізші. Осыдан 26 жыл бұрын, 1994 жылы сол кездегі Жоғары Кеңестің сессиясында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі идеясын жария еткенде ел арасында үміттен күдік басым түсті. Бірақ жылдар өте білікті стратег – Тұңғыш Президенттің бұл идеясы «жаңа астана қарапайым әкімшілік орталықтан аса алмайды» деген сенімсіздіктің сеңін бұзды. Елорда – ел экономикасын алға сүйреген, тұрғындары мен аумағы жыл сайын еселенген алып мегаполиске айналды. Нұр-Сұлтанның салынуы елдің сенімін нығайтып, бірлігін бекемдей түсті, ауқымды жоспарларға жол ашты. Сәулеті мен дәулеті артты. Бүгінде бас қалаға сапарлаған кез келген ел тұрғыны міндетті түрде аты әйгілі «Бәйтеректе» фотоға түсуге тырысады. Қаладағы әлем бойынша шатыр формасындағы ең үлкен ғимарат «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы Гиннестің рекордтар кітабына енгізілсе, «Думан» ойын-сауық орталығының мұхит аралы – әлемдегі көк мұхиттан 3000 шақырым қашықтықта орналасқан жалғыз мұхит арал.
Заманауи ғимараттары бір бөлек, қалада өткенмен әдемі байланыстың барын Ұлттық музейге барғанда байқағанбыз. Бірнеше қабаттан тұратын ғимаратта ел тарихының баға жетпес мыңдаған жәдігері жарқырап тұр. Сонау тас ғасырындағы бедерлі құралдар, Моңғолиядан әкелінген Тоныкөк ескерткіші көшірмесінен бастап бертіндегі жазушы, ғарышкерлердің тұтынған заттарына дейін жақыннан, керек десең қолға ұстап көруге болады. Тіпті жаз маусымында кез келген оқушының ақысыз кіру мүмкіндігі қарастырылған.
Осылайша ойды ой қозғап, жүргізуші ағамен жылы қоштастық. Оңтүстікке қайтар мезет те таяды, қаладан шығар бетте қарақаты мен бүлдіргені мол, ара-тұра елік пен қоян кездесетін тоғай маңынан өттік. Бұл да Елбасының «Нұр-Сұлтан маңайы көгалданып, орманға айналса екен» деген ниетінің жемісі. Әйтпесе, он жыл бұрын бұл маңай тақыр жер, иен дала еді ғой. Иә, Елорда – ердің жігерін жаныған, елдің еңсесін биіктеткен, сенім мен тәуекелдің қаласы. Бұған сәні мен сәулеті келіскен Нұр-Сұлтан, еселі еңбектен береке тапқан астаналықтар дәлел.
Қызылорда-Нұр-Сұлтан-Қызылорда.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |