Қуанышбек Ысқақов Қызылорда қаласының нысандарын аралап көрді

Қызылорда облысының жаңа әкімі Қуанышбек Ысқақов Қызылорда қаласы нысандарының жұмысымен танысып, қалалық автобус паркін, Ғ.Мұратбаев атындағы орталық қалалық стадионды және Қызылорда ЖЭО аралады.
Жоспарланған нысандардан бөлек облыс басшысы жоспардан тыс, алдын-ала ескертусіз тұрғындар тарапынан әлеуметтік желі арқылы келіп түскен мәселелер бойынша №11 бағыттағы автобуспен Тасбөгет кентіне барып, қоғамдық көліктердің жұмысымен танысты. Автобус салонында Қуанышбек Ысқақов жолаушылармен сөйлесіп, олардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдады,сондай-ақ облыс тұрғындарымен тікелей байланыс үшін өзінің Твиттер-аккаунты арқылы өңірді дамытуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп бірге жұмыс істеуге шақырды.
Сондай-ақ, өңір басшысы "Сәулет" шағын ауданында болып, тұрғындардың осындағы көлшіктің жанында заңсыз қоқыс тастау орны пайда болғаны туралы шағымдарын тыңдады. Аймақ басшысы қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұриддиновке осы мәселені бір ай көлемінде шешуді тапсырды.  
Аймақ басшысы 758 автокөлік жұмыс істейтін 26 қалаішілік және 6 қала маңындағы маршруттардан тұратын автобус паркіне барды. Оның ішінде сыйымдылығы үлкен 112, сыйымдылығы орташа 293, аз сыйымдылықтағы 343 автобус.
Сыйымдылығы үлкен жаңа үлгідегі 112 автобус бейнекамералармен, мүгедектерді отырғызуға арналған құрал-жабдықтармен (аппарельдермен) жабдықталған. Сонымен қатар, № 2 қалалық маршрутта қатынайтын 2018 жылы "ПАЗ 32054" маркалы 10 автобус сатып алынды. "Қызылорда" автобус паркі " ЖШС-не 450 адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Қуанышбек Ысқақов 1969 жылы салынған Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Айта кетерлік жайт, 2001 жылы стадионды толық қайта құру жұмыстары жүргізіліп, келесі жылдары оның конструкциялары ішінара ауыстырылып, жөндеуден өтті. Қазір стадионның сыйымдылығы 7000 орынды құрайды, нысанның жалпы ауданы-16700 ш. м.
2018 жылдың тамыз айында стадионды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Мердігер мекеме "Интегрострой" ЖШС футбол алаңында жасанды газонды және трибунадағы орындықтарды ауыстыруды орындайды, сайдингпен қапталған металл қалқа орнатады, сондай-ақ жылыту, дренаждық, кәріздік және су құбыры жүйелерін ауыстыруды және бетон және темір бетон конструкцияларын орнатуды жүргізеді.
Облыс әкімі "Қайсар"футбол клубының ойыншыларымен кездесті.
"Қырымбек Елеуұлының сіздерге ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Алда "Шахтермен" өтетін ойында сәттілік тілеймін. Біз өз тарапымыздан сіздерге тиісті қолдау көрсетеміз. Ал сіздер жанкүйерлеріңізді жеңістеріңіздермен қуантыңыздар", - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде, қайсарлықтар да толық жаңғыртудан өткен заманауи талапқа сай стадион үшін алғыстарын айтты.
Одан бөлек, Қуанышбек Ысқақов "Қызылорда ЖЭО" МКК 2019-2020 жж. жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. "ҚТЭО" МКК директоры Руслан Нұрмағамбетов хабарлағандай, дайындық   кестеге сәйкес жүргізілуде, қондырғыларды ағымдағы жөндеуге арналған қаражаттың бір бөлігі, резервті мазут отынының қалдықтары кәсіпорын филиалдарының нормативтік-пайдалану қорында сақталуда.
"Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 шілдесіне кәсіпорыналдында 388,7 млн.теңге дебиторлық қарыздары бар, оның ішінде көпқабатты үйлер тұрғындарының қарызы 328,4 млн. теңгені, жеке сектор тұрғындары – 54,4 млн. теңгені, шағын және орта бизнес нысандары – 54,4 млн. теңгені және бюджеттік мекемелер – 1,96 млн. теңгені құрайды. Электр қуатын пайдаланушылардың дебиторлық берешегі 132,0 млн. теңгені құрайды, оның ішінде: "Энергосервис" ЖШС - 70,0 млн.теңге, "Қызылорда Су Жүйесі" МКК - 62,0 млн. теңге", - деді Руслан Нұрмағамбетов. 
 




















НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 шілде 2019 г. 684 0