Жайылманың қарбызы нарыққа шықты

Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма ауылы бақша өнімдерімен таныс. Әсіресе, Жайылманың қарбызы десе, тұтынушылардың тіліне бал үйіріледі. Көктем шыға пленка астына егіліп, таудың таза суымен суғарылған қарбыз ерте піседі. Биыл да жайылмалықтар осы дәстүрден жаңылған жоқ. Диқандар ерте көктемнен-ақ, егіншілік шаруашылығына кірісіп кеткен-ді. Міне, өткен аптаның сенбісінен бері көздің жауын алатын қара ала қарбыз­дар тұтынушыларға жөнелтіле бастады. 

– Биылғы жылы ауыл диқандары 650 гектарға бақша өнімдерін орналастырған еді, шығымы да жақсы, өнім де мол болатын түрі бар. Бұл – тұрғындарымыздың несібесі. Алғашқы өнімді «Жиделі» шаруа қожалығы Ресейдің Магнитогорск қаласына саудалады. Одан соң «Өтеш» шаруа қожалығы 60 тонна өнімін Арал қаласына қарай жіберді, – дейді ауыл әкімі Талғат Зейдалиев өз сөзінде.

Иә, өнімді ерте жетілдіріп, нарыққа шы­ғару­мен қатар оны дер кезінде саудалай білу де шаруақорлыққа жатса керек. Сондықтан да диқандар егінін егіп жүріп, оны өткізетін жерлер және кәсіпкерлермен келісімшарт жасасуды да қатар ойластыра бастайды. Бұл – көп жылдардан бері қалыптасқан үрдіс.  Осындай іскерлік нәтижесінде ауыл адамдарының әлеу­меттік жағдайы жақсара түскен. Елді мекендегі ірі шаруашылықтардың бірі «Шоқмазар» шаруа қожалығы да өзіндегі қарбызды Ақтөбе қаласына жөнелтуге да­йындық үстінде.

Аудан басшылығы да ауылдың бақша дақылдарын дер кезінде сатылуына қолайлы жағдайлар жасауда. Осы орайда кент ішінен Жайылманың қауын-қарбызын сатуға арнайы сауда қатары ашылса, Қызылорда қаласының базарында да сауда қызу жүреді. Ал «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің тұсында жылдағыдай сауда қатары өткен-кеткен жолау­шылардың сұраныстарын өтейді. Алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалап, өнімдерін уақытылы өткізіп жүргендер осы тәсілді қолай көреді. Әне, «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген аталар сөзінің жүзеге асып жатқандығын осыдан аңғара беріңіз. Көктемнің бір күнін жылға азыққа балап ерте әрекет еткен ұтылмайды. Бұл – еңбек етіп, берекені өз күшіңмен іздейтін заман.

Н.Назымханұлы.

Жаңақорған ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 шілде 2019 г. 432 0