« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісуі рәсімінде сөйлеген сөзінде ел дамуының негізгі 10 бағытын белгілеп, халықтың табысын арттыру үшін тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы бұл мәселені шешуге болатынын атап көрсеткен болатын.
«Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім артуы тиіс», – деп атап көрсеткен еді Мемлекет басшысы.
Жаһандану үдерісі кезінде Қазақстан экономикасының өсімі көп жағдайларда сыртқы факторларға байланысты болады. Ал сыртқы жағдайлар, өкінішке орай, құбылмалы. Осыны ескерген Қазақстан Президенті ішкі мүмкіндіктерге айрықша назар аударып отыр. Экономикада ішкі тұтыну көлемінің артуы өсімнің негізі болып табылады. Ал егер ішкі тұтыну мемлекеттік қолдаумен бірге нәтижелі жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне қарай артатын болса, жетістік мүмкіндігіне қосымша жол ашылады. Бұл орайда Қазақстан билігінде дәйекті сабақтастықтың жалғасып келе жатқанын атап көрсетуге болады.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы уақытта жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету азаматтардың табысының өсуіне ықпал жасады. Бұл өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Жұмыспен қамту аз қамтылған отбасылардың санын азайтып, мемлекеттің қолдауын жаңа сапалық деңгейге көтереді. Қазіргі таңда Қазақстанда осы бағытта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Өткен жылы бағдарлама аясында Қазақстанда 628 мың адам еңбекпен қамтылды. 14 мыңнан астам ел тұрғыны микрокредит алды. Олардың ішінде 10 мыңға жуығы өз кәсіптерін алғаш ашқан жұмыссыздар болатын.
Үстіміздегі жылы Елбасының тапсырмасымен бағдарлама «Жастар – ел тірегі» жалпыұлттық жоспармен толықтырылды. Алдағы үш жыл ішінде жаңартылған оқу орындарының базасында ең сұранысқа ие деген 100 мамандық бойынша 200 мың жас маман даярланатын болады.
Ауылдық жерлерде көпбалалы отбасыларына бизнес идеялар бойынша мемлекет тарапынан гранттар бөлінуде. Оған көптеген жеңілдетілген микрокредит беру квоталарын қосыңыз. Қазірдің өзінде Қазақстанда 15 мың көпбалалы отбасы өз ісімен айналысып, табысын арттыруға мүмкіндік алды.
Экономикадағы ішкі тұтыну мөлшерінің артуы дегенде Мемлекет басшысының тапсыруы бойынша әлеуметтік атаулы көмек берудің жай-күйіне арнайы тоқталмаса болмайды. Қазірдің өзінде 277 мың отбасын қамтитын 1,3 млн адамға әлеуметтік көмек берілді. Олардың орташа мөлшері 105 мың теңгені құрады.
Әрине, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмектің көлемі ауқымды. Қажет десеңіз, миллиардтаған теңге қазіргі таңда тұтыну рыногына теріс ықпалын жасап, инфляция үдерісін тудырып жатқанын жасыруға болмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл орайда халықтың масылдық пиғылдан арылып, нақты еңбек етуге деген ынтасын арттыруы маңызды екенін әрдайым назардан тыс қалдырмау керек екенін атап көрсетіп келеді.
Жоғарыда айтқандай, әлемдік экономикадағы жағдай біршама күрделілігімен сипатталады. Біз қаншалықты оған дайынбыз? Міне, бүгінгі күннің басты жауабы осы сауалға қатысты болып тұр.
Жаһандану әлемдегі үлкен державалардың өзара сауда қырқысы сарапшылардың болжауы бойынша 2019-2020 жылдары әлемде 1,5 трлн АҚШ долларының жоғалуына әсер етеді. Оның үстіне, Қазақстанның бюджет табысы көбіне-көп мұнай-газ кешеніндегі жағдайға байланысты болады.
Саясатта, экономикада әдетте болжам айтуды оншалықты қалай бермейді. Бірақ өмір заңдылығы басқаша. Қаласаң да қаламасаң да болжам айтуға тура келеді. Себебі өмір бір орында тұрмайды. Ол өзгереді, күткендегіден басқа сипатта дамиды.
Әлем сарапшыларының пікірінше, 2022 жылы әлем экономикасының көлемі біршама өседі. Бүгінгі жаһандық экономиканың танылған көшбасшысы АҚШ-тың орнын Қытай Халық Республикасы алатын болады. 2030 жылы Аспан асты елі экономикасының құны нарықтағы айырбас бағамы бойынша бәсекелестерінен бірнеше есе артады.
2050 жылы Үндістан экономикасының дамуы АҚШ-тан асып түсіп, рынок көлемі бойынша дүние жүзінде екінші орынды ойып алады. Қазір экономикалық дамуы тұрғысынан «жас айдаһарлардың» қатарына қосылып келе жатқан Индонезия әлемдік экономикалық даму бәйгесінде Жапония мен Германияны артқа тастап, төртінші орынды иеленеді. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылы жаһандық ІЖӨ-дегі Еуроодақ елдерінің үлесі 10 проценттен де төмендейтін болады. Халықаралық валюта қорының жаһандық болжамына сәйкес, 2020 жылы әлемдік несие-қаржы саясатының күрделенуіне байланысты дүниежүзілік экономиканың даму қарқыны күрт тежеледі. Жаһандық қаржы жүйесіндегі тәртіптің қатаңдауы, саудадағы келіспеушіліктің артуы, жең ұшынан жалғасу және геосаясаттағы толқулар әлемдік экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді.
Сарапшылар әлемдік ішкі жалпы өнімнің 85 процентін құрайтын дүние жүзіндегі 32 ірі экономикаға сараптама жасаған.
Жуырда «Егемен Қазақстанда» келтірілген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда ел экономикасы әлемдік экономикаға барынша кірігіп кеткен. Басқасын былай қойғанда, оны еліміздің экономикасында біршама жедел дамып отырған төртінші өнеркәсіптік революция тетіктерінен де айқын аңғаруға болады. Бүгінде қазақстандық экономиканың қай саласын алып қарасаңыз да цифрлы технология мен электронды сауда жан-жақты даму баспалдағына ден қойғанын байқаймыз. Мемлекет басшысы жариялаған Қазақстанның Үшінші жаңғыруы ел Үкіметінің жұмысын жаңа экономикалық және әлеуметтік даму моделімен тығыз байланыстыра жүргізуге үндейді. Сонымен бірге Үшінші жаңғыру экономикамыздың барлық саласында технологиялық жаңғыруларды арттыруға, жеке кәсіпкерлікті дамытуға, жаһандық даму үрдісінде еліміздің бәсекелестігін арттыруға бағдар береді.
2018 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ІЖӨ өсімі 2014-2016 жылдардағы (2,2%) орташа жылдық даму деңгейінен екі есе артып, 4 процентті құрады. Соңғы деректер бойынша 2019 жылдың алғашқы айларындағы көрсеткіштер осы деңгейде қалыптасып отыр. Жоғарыда айтқан ішкі тұтынуға қатысты өсімнің жыл аяғына дейін айқын сезілетін күні де таяу қалды. Міне, осындай даму үрдісінде Қазақстан экономикасы үшін туындайтын қатерлердің бірі банк секторында орын алған проблемалар болуы әбден мүмкін.
Ғасырлар тоғысында пайда болған заманауи технологиялар біздің өмірімізді барлық қырларынан өзгертуге дайын. Соңғы жылдарда қоғамымыздың барлық саласын қамтыған жасанды интеллект, блокчейн, 3D баспа, роботтандыру және басқа да инновациялық жаңғырулар адам-дарға келелі міндеттерді шешумен қатар, жаңа мамандықтарды игеріп, өмірлерін өзгертуге әкеліп соғуда. Бүкіләлемдік экономикалық форумның зерттеулеріне сәйкес, 2020 жылы жаңа технологиялар 5 миллионнан астам жұмыс орнын жоятын болады. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, жақын арадағы жиырма жылдың ішінде ЭЫДҰ елдерінде жұмыс орындарының 57 проценті автоматтандырылады. Бұл өз кезегінде мыңдаған адамдардың жұмыс орындарынан айырылып, жұмыссыздықтың өсуіне әкелуі мүмкін. Қытай қызмет көрсету саласына роботтар сату көлемін 2020 жылдары 4,6 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруды көздеп отыр. Сөйтіп еңбек қымбаттап, технология арзандауда.
Міне, әлемдегі экономиканың бүгінгі даму сипаты осындай. Сарапшылардың болжамы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 2020 жылы 4,5 процент өседі деген болжамдар айтылуда. Ал оған әлемде экономика тұрақты болса, Қазақстанда ішкі тұтынумен бірге халықты нәтижелі жұмыспен қамтудың айтарлықтай әсері болуы тиіс екенін айтады сарапшылар.
Ж.ӘЛМАХАН.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |