Қызылорда облысының әкімі тағайындалды


Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы www.akorda.kz сайтында жарияланды.

 «Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалсын», - делінген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығында.

Қ. Ысқақов 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын - инженер-құрылысшы, Қызылорда политехникалық институтын бухгалтер-экономист, Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.  

Еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда жиһаз фабрикасында бірінші разрядты станокшы ретінде бастаған. 1993-2003 жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитетінде маман, инспектор, сектор меңгерушісі, төраға орынбасары қызметтерін атқарған. 2003-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, Қызылорда облысы бойынша салық департаментінің бастығы, 2011-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қызылорда облысының қаржы басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы бойынша салық департаментінің басшысы, Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2015 жылдың шілде айынан желтоқсан айына дейін Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы лауазымында болды. 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін Қызылорда облысы әкімі қызметін атқарған Көшербаев Қырымбек Елеуұлы бүгін Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.


 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 маусым 2019 г. 3 055 0