Күн санап сәулеті мен дәулеті артып келетін сол жағалауда кеше және бір 40 пәтерлі үйдің іргетасы қаланды. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
– Бүгін біз сол жағалаудағы жаңа үш шағын ауданның алғашқы үйін салуға кірісудеміз. Бұған дейін салынған шағын аудандағы пәтерлерге 70 процентке жуық тұрғын қоныстанып үлгерді. Жыл соңына дейін мұнда 2466 пәтерлік 53 үй салынады. Жалпы соңғы жылдары аймақта 361 көпқабатты үй немесе 7000 пәтер салынды. Оның ішінде 600-ден астам пәтерді бұрынғы апатты үйлердің тұрғындары алды. Осыған қарап, біздің облыс апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесін толық шешкен Қазақстандағы бірден-бір аймақ деп айта аламыз, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі, сондай-ақ, соңғы 5 жылдың өзінде Қызылорда қаласында 4 мың пәтерлік 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілгенін, бұл – қызылордалықтардың әл-ауқатының өсіп келе жатқанының дәлелі екендігін атап өтті. Осы арада тағы бір жағымды жаңалық көптің көңілінен шықты.
– Тұрғын үй салу бойынша көш бастадық. Енді біз сол жағалауды дамытуға күш салудамыз. Алдағы уақытта мұнда республикалық бюджет есебінен 320 орындық балабақша мен 600 орындық мектеп және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 орындық емхана салу жоспарлануда. Бұдан бөлек өңірге қатысты бірқатар мәселе шешімін тауып келеді. Халықаралық автодәлізде транспорт көбейгенін білесіздер. Осыны ескеріп, жақында Үкіметке Арал ауданына қарай төрт жолақты жол салуды ұсыныс ретінде жеткіздік. Біздің бұл бастамамызды Үкімет мақұлдады, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, соңғы алты жылда өңірде 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс орталығында 2013-2018 жылдары 15 шағын аудан бой көтеріп отыр.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.