Футболдан Қазақстан кубогы финалына шыққан алғашқы команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін жартылай финалдың қарымта кездесуінің бірі Қызылорда қаласында өтті. Жергілікті «Қайсар» Қостанайдың «Тобылын» қабылдады. Естеріңзге сала кетелік, 22 мамырда Қостанайда аталмыш екі команда арасындағы жартылай финалдың алғашқы кездесуі өткізілді. Ол ойында «Тобыл» клубы «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңген еді.
Сондықтан бүгінгі кездесуде қызылордалық клуб кем дегенде екі гол айырмасымен жеңуі тиіс еді. Сондықтан ойын басынан алаң иелері шабуылға көбірек көңіл бөлді. Нәтижесінде 16-минутта «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян өз командасын алға шығарды. Екінші кезеңнің 67-минутында қызылордалық шабуылшы Куле Мвомбо есепті үстемелей түсті. Ал 89-минутта «Тобыл» сапынан Артурас Жулпа бір голмен ажуап қайырды.
Осылайша ойынның соңғы минутына дейін «Қайсардың» басымдығымен таблода 2:1 есебі жанып тұрды. Соңғы минутта қостанайлық футболшылардың қолына өз айын алаңында доп тиіп кетті. Төреші олардың қақпасына пенальти белгіледі. Оны Тигран Барсегян шебер орындады.
Нәтижесінде қарсыласын 3:1 есебімен жеңген «Қайсар» 20 жылдан кейін Қазақстан кубогы финалына жолдама алып отыр. Қызылорданың «Қайсары» сырт алаңда 1/8 финалда «Оңтүстік академиясын», ширек финалда Павлодардың «Ертісін» 2:1 есебімен жеңіп кетті. «Қайсар» командасы 1999 жылы кубокқа ие болып, ол жолы Өскеменнің «Востогынан» 2:1 есебімен басым түсті.1998 жылы финалға дейін жетсе, 2007 жылы жартылай финалда бақ сынады. Дәл қазір Атырау қаласында жартылай финалдың тағы бір ойыны өткізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетелік, аталмыш екі команда арасындағы алғашқы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған еді.