Құрылыс: Қызылорда – көшбасшы аймақ

Соңғы алты жылда Сыр елі құрылыс алаңына айналды. Зәулім үйлер,  шағын аудандардың көбеюі тұрғын үй кезегінің көбесін сөгіп, жаңа серпін әкелді. Тіпті, жыл он екі ай бойы сырбойылықтардың қоныс тойына куә болып та жүрміз. Ал, бұл екпіннің елге тұрмыстық түлеу ғана емес, үлкен сәулет салтанатын әкелгенін де айтуға тиіспіз.

Сөзіміздің дәлелі ретінде тек өткен жылдың қорытындысына тоқталғанды жөн көрдік. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметі бойынша, 2018 жылы облыста барлық қаржыландыру көздерінен 1790 пәтерлі 70 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 1222 пәтерлі 56 тұрғын үй пайдалануға берілген.

Тарқатып айтайық. Өткен жылы облыста сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жүргізуге бөлінген 4,3 млрд теңге толығымен игерілген. Бұл қаржыға 620 пәтерлі 17 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 292 пәтерді құрайтын 7 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Несиелік тұрғын үйлер бойынша сол жағалаудағы жаңа қоныста 240 пәтерді құрайтын 4 тұрғын үйдің құрылысына 2,1 млрд теңге бөлініп, толығымен игерілсе, бүгінде бұл баспаналар тұрғындар игілігіне беруге дайын тұр. Сондай-ақ өткен жылы апатты жағдайдағы тұрғын үйлер бойынша Арал қаласында 27 баспана пайдалануға берілді. Жеке құрылысшылар есебінен барлығы 903 пәтерлік 22 көпқабатты үй иесін тапты.

Өткен жыл қорытындысымен аймақта 699,6 мың шаршы метр тұр­ғын үй беріліп, 2017 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 114,3 процентті құрады. Сондай-ақ былтырғы нәтижелі істің бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын аумақтарға жеткізілетін ин­женерлік-коммуникациялық инфра­құрылым бойынша 50 жобаны іске асыруға рес­публикалық бюджеттен 7,9 млрд теңге қаржы бөлініп, толығымен игерілген. Нәтижесінде облыс бойынша өткен жылы 473,2 шақырым инженерлік инфрақұрылым желілері іске қосылған.

Мұндай табанды еңбек елеусіз қалмайды. Жуырда ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Роман Скляр тұрғын үйді пай­далануға беру жағынан көш­басшы облыстарды атап, олардың қатарында Қызылорданың мерейі үстем болды.

Әрине, уақыт озған сайын урбанизация процесінің қарқынды жүруі, жыл сайын халық санының артуы оның тұрғын үйге деген сұранысын қамтамасыз ету үшін бұл  жұмыс әлі де жеткіліксіз екендігін байқатады. Бұл ретте жақында бекітілген «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамы­тудың 2019-2022 жылдарға арналған» Кешенді жоспарға тұрғын үй құрылысын дамытудың енгізілуі халықтың баспанаға қолжетімділігін мейлінше жақ­сартуға жасалған тағы бір қадам болып отыр.

Кешенді жоспар аясында өңірімізде 4 жылда 3510 пәтерлік 208,9 мың  шаршы метр болатын тұрғын үй салынады. Оның 1205 пәтері халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 1715 пәтер көпбалалы отбасыларға арналса, 590-ы несиелік тұрғын үй болмақ. Бұл облыс бойынша жыл сайын 800 мың шаршы метр баспана салуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жалпы көлемі 37,9 шақырым инженерлік желілер салынады.

Кешенді жоспарды жүзеге асыруға дайындық жайын аталған басқарма басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағамбетовтен сұрадық.

– Кешенді жоспардағы тұрғын үй құрылысын жүргізуде  жалға берілетін тұрғын үй құрылысының бірінші бағыты – халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын баспанамен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен биылғы жылға 2 млрд 363 млн теңге қаржы қаралған. Екінші бағыты – көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша биылға республикалық бюджеттен 3 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 431 пәтер салу жоспарланды. Кешенді жоспардың екінші бағыты – несиелік тұрғын үй болса, 590 пәтерлік 13 тұрғын үй құрылысы сол жағалауда басталды. Үшінші бағыты – инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізуге 2020 жылға 2 млрд 900 млн теңге қаржы қаралды,– дейді ол.

 Сонымен, Кешенді жоспар 17 мың адамның баспана мәселесін шешуге ықпалын тигізбек. Демек, тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізуде көшбасшы өңірде алдағы уақытта да еңбек еселене түспек. Бұл Елбасы Жолдауында  айтылған әрбір адамды 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз ету жоспарын ойдағыдай жүзеге асырудың айқын бағдары деп білеміз.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 маусым 2019 г. 420 0