АСТАНА АСПАНЫ АСТЫНДА АСҚАҚТАҒАН СЫР ӨНЕРІ

АСТАНА АСПАНЫ АСТЫНДА АСҚАҚТАҒАН СЫР ӨНЕРІ

Елордада облыстың мәдениет және өнер күндері зор табыспен өтті

Еліміздің бас қаласы – Астананың туған күні қарсаңында маусымның 26-29 аралығында Қызылорда облысының өнер күндері аясында елордалықтар назарына бірқатар мерекелік шаралар ұсынылды.

Сыр елінің мәдениеті мен өнер күндерін тамашалауға арнайы келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов, "Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және Парламент депутаттары Қожахмет Баймаханов, Серікбай Нұрғисаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған ел азаматтары мен елордалық тұрғындар, қала қонақтары аймақтың мәдениеті мен өнерін, тарихы мен бүгінін паш ететін көрме жұмысымен танысып шыққан соң "Сыр – Алаштың анасы” атты аймақ өнерпаздарының концертін тамашалап, өнер тұнған өлкенің ән-жырына, мың бұралған биі мен күмбірлеген күйіне қанықты.

АСТАНА АСПАНЫ АСТЫНДА АСҚАҚТАҒАН СЫР ӨНЕРІЖ.Ерғалиевтің "Құлпытастың көз жасы” драмасымен ашылған Сыр елінің өнер тартуы 27-маусымда "Конгресс-Холл” сарайында "Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі” көрмесімен жалғасты. Көрмеде өңірдің тарихы мен мәдениетінен, өнерінен сыр шертетін археологиялық, этнографиялық экспонаттар,сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар, музыкалық аспаптар мен Қызылорда облысы қолөнер және қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар астаналықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылды. Сонымен бірге көрмеден орын алған Жент, Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ қалаларының макеттері және аталмыш қалашықтардың орнынан табылған археологиялық бұйымдар, Қорқыт ата мемориалдық кешенінің қайта жаңғырту жобасы көпшіліктің назарын аударып, қызығушылығын тудырғаны сөзсіз. Оған қоса, облыстық музей қорында жинақталып, сақталған ағаштан, металдан, жүннен жасалған тұрмыстық бұйымдар Сыр елінің ешкімге ұқсамайтын мәнерін, ою-өрнекті пайдаланудағы әдіс-тәсілін айшықтап тұрды деуге болады. Көрме барысында аймақтың қолөнер шеберлері Құдайберген Құлмамбетов, Пахуадин Садықов, Гүлжан Рамазанова қала қонақтары мен жұртшылық назарына шеберлік клас ұсынды.

АСТАНА АСПАНЫ АСТЫНДА АСҚАҚТАҒАН СЫР ӨНЕРІСахнаны Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі "Нартай сері” күйімен ашты. Мұнан соң әнсүйер қауымның сүйікті әншісі Елена Әбдіхалықованың орындауында "Сыр елім менің” әні шырқалды. "Томирис” би ансамблі орындаған билер көрерменнің делебесін қоздырып, кеш ажарын аша түсті. Сондай-ақ, бұл кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, Майра Сәрсенбаева, Елмұра Жаңабергенова бастаған жыраулар орындаған Сыр сүлейлерінің жыр-термелері жырсүйер жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды.Кеш барысында Арқа көрермендеріне жол тартқан күйші Мұрат Сыдықовтың "Батыр баба” күйі және Ұлпан Әбдікәрімова, Самал Байсейітова, Азат Мәлік бастаған өнерпаздар әуелеткен классикалық әндер кеш мазмұнын байытып, талғамы биік астаналық көрермендердің көңілінен шыққандай.

Жалпы, Сыр елі талантты жастардан, өнерлі өрендерден кенде емес. Халықаралық, республикалық түрлі байқауларға қатысып, аймақ абыройын, ел мерейін үстем етіп жүрген балғын өнерпаздар қатары баршылық. Сондай Сыр сандуғаштары Зүлфия Айтбаева, Құралай Мейрамбек және Аида Еркін салған әсем әндер залда отырған көрермендердің көңілінен шығып, жас өнерпаздардың өнеріне жұртшылық ерекше ықыласпен қол соқты. Жергілікті өнерпаздар легін сондай-ақ, кезінде "Азия дауысы” арқылы танылып, сахна сәніне айналған қазақ эстрада жұлдызы Гүлнұр Оразымбетова жалғады. Ол сазгер Рамазан Таймановтың "Қорқыт – Қобыз” әнін шырқады. Сонымен қатар белгілі әнші Өмірқұл Айниязов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкеновтің өнеріне жұршылықтың құрметі айрықша болды.

Аймақтың өнер күндері аясында Астана тұрғындарының назарына Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы сахналаған бірнеше спектакльдер ұсынылды. Атап айтқанда, оқушылар сарайында қойылған Иран-Ғайыптың "Қорқыт” екі бөлімді драмасы мен Е.Төлеубайдың "Абай” трагедиясы көрермендер көңілінен шықты.

АСТАНА АСПАНЫ АСТЫНДА АСҚАҚТАҒАН СЫР ӨНЕРІАл, соңғы күні Астана жұртшылығы "Тілеп-Қобыз” сарайында "Сыр сүлейін сұрасаң...” атты жыршы-жырау, дәстүрлі орындаушылардың жыр кешіне куә болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты. Кешті белгілі жырау, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов жүргізді. Бір жарым сағатқа созылған жыр кешінде белгілі жыршы Майра Сәрсенбаева, Руслан Ахметов, Шолпан Бейімбетова, Күнсұлу Түрікпенова, Әзілхан Мақсатбаев, Марат Сүгірбай, жас жыршы Тоғжан Бақытова және өзге де бірқатар дәстүрлі ән орындаушылары Сыр сүлейлерінің жыр-термелерінен, толғауларынан шашу шашты.

Төрт күнге созылған шара соңы "Конгресс-Холл” сарайында ақын, әнші-сазгер Елена Әбдіхалықованың және облыс өнерпаздарының "Мен – Сырдариямын” атты концертімен қоры­тындыланды.

Сыр елі өнерпаздарының өнері елордалық ағайынның рухын жігерлендіріп, Астана тойы алдында ерекше көңіл күй сыйлағандай болды. Бұған біз сөзге тартқан көрермендер пікірі куә. Мәселен, Қызылорданың мәдениеті мен өнер күндерін қалдырмай тамашалап шыққан Астана қаласының тұрғыны Әлімбек Үсенбаев өз әсерімен былайша бөлісті: "Сырдың елі – Жырдың елі” дейді қашаннан. Сыр бойының мәдениеті мен өнері қашанда ерекше. Өзім Жамбыл облысының тумасымын, мұнда тұрып жатқаныма да біршама уақыт болды. Қызылорданың өнер күндері өтеді дегенді естігенде асыға күткенім рас. Себебі, бұл өңірдің жыр-термесі, ән-биіне құмармын. Төрт күн бойы іс-шараларын тамашаладым. Спектакльдері де, концерттері де ұнады, бір демалып қалдым әрі елге деген сағынышымды бастым. Жиірек келіп тұрса, жақсы болар еді, – десе, Ақтөбеден келген мейман Айжамал Бозшина да өзінің ерекше ілтипатын білдірді.

АСТАНА АСПАНЫ АСТЫНДА АСҚАҚТАҒАН СЫР ӨНЕРІ– Ақтөбеден осында балаларымның үйіне қыдырып келіп едім. Астананың туған күні қарсаңында Қызылорда облысы өнер күндерін өткізіп жатыр екен. Неше күн бойы тамашаладым. Көрмені тамашаладым, концерт көрдім. Осылайша Сыр мәдениетімен, өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым. Маған қатты ұнады, бәрі де жоғары деңгейде өтті.

Ал біз әңгімеге тартқан тағы бір көрермен Астана қаласының тұрғыны Лиза Исенова Қызылорданың тумасы болып шықты. Ол осы шараның арқасында өзінің туған елге, туған жерге деген үлкен сағынышын басқанын, Сыр елінің өнері арқылы қайда жүрсе де, мақтанып жүретінін жеткізді. – Өзім отыз жылға жуық Солтүстік Қазақстан облысында тұрдым. Астанаға қоныс аударғалы да үш-төрт жылдың жүзі болды. Ал туған жерім – Қызылорданың Жалағаш ауданы. Онда анам Раушан Берманова тұрады. "Қыз-қонақ” деген осы ғой, елге сирек барамыз. Бірақ қатты сағынамын. Осында туған елімнің өнер күндері өтеді дегенді естігелі менде дегбір қалған жоқ. Осы күндерді асыға күттім. Міне, төрт күн бойы бірде-бір шарасын қалдырмай тамашалап келемін. Өте керемет өтуде. Театр ұжымы сахналаған қойылымдар да, концерттер де, көрмелер де, жыраулардың жыр кеші де – бәрі-бәрі тамаша. Сыр елі – Жыр елі жасасын! Мен әрқашан туған жеріммен мақтанамын, туған жерімнің тілекшісімін,– дейді Лиза апай ағынан жарылып.

Осылайша, Сыр өнерпаздарының әуезді әні мен әсерлі күйі, көркем биі мен жампоз жырлары талғамы биік Астана көрермені алдында тағы бір асқақтады.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Астана қаласы.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 01 шілде 2014 г. 1 881 0