« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Еліміздің жетекші партиясы – «Nur Otan» тағы бір саяси белестен өтіп, алдағы бағдарын кезекті рет пысықтап, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Өткен науқан, уақыт талабы, қазіргі қоғамдық ахуал бірінші кезекке шығарған мәселелер партияның жұмысына біршама өзгерістер енгізіп отыр. Кеше облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиында нұротандықтар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылап, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда партия алдындағы негізгі жұмыстарды талқыға салды.
Аймақ басшысы Президент сайлауында қызылордалықтардың 81,6 проценті сайлауға қатысып, 75,3 проценті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап дауыс бергенін айтты.
– Бұл – ауызбіршілігі мен ынтымағынан айнымаған Сыр халқының елдің болашағы айқындалатын сәтте Тұңғыш Президент-Елбасының сарабдал саясатын жалғастырушы Қасым-Жомарт Кемелұлына артқан зор сенімі. Бұл – республика бойынша Алматы облысынан кейінгі екінші көрсеткіш, – деді облыс әкімі.
Ақпан айында Елбасының қатысуымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралған еді.
– Қашанда Сыр еліне көңілі ерекше Елбасы бұл жолы да халықтың талап-тілегіне, біздің ұсынысымызға өз қолдауын білдірді. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, Тұңғыш Президентімізге аймаққа жасаған айрықша қамқорлығы үшін облыс жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз және нәтижелі еңбекпен лайықты жауап береміз, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы зор міндеттер мен ауқымды жұмыстарды атқаруды жүктейтінін мәлімдеп, бұл міндеттерді жүзеге асыруға әлеуетеміз бен мүмкіндіктердің жететінін және оған қажетті алғышарттардың да бар екенін атап өтті.
– Кеңес отырысының нәтижесімен Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары әзірленіп, Үкімет бұл қаулыны бекітіп, аймақтың дамуына келесі 3 жылға қосымша 219 млрд теңге қаржы бөлінді, – деді облыс әкімі.
Сайлауалды науқан кезінде 10 қоғамдық штаб құрылып, онда 1000-нан астам сенімді өкіл, 10 мобильді үгіт тобы жұмыс істеді. Штаб үгіт-насихат кезеңінде аудандар мен елді мекендерді қоспағанда республикалық және облыстық деңгейде 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырып, 140 мыңға жуық сайлаушымен кездескен. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова сайлау науқаны барысындағы ерекшеліктерге тоқталды.
– Сайлау науқаны жұмыстарындағы ерекшелік ретінде Президенттің жеке ұсынысы бойынша тұрғындардың толғандырған мәселелері мен ұсыныстарын қабылдауға және мәселені бірлесіп шешуге бағытталған «Вirge» акциясын, штабтар жанында жұмыс істеген «Team Qazaqstan» белсенді жастар қозғалысы жұмысын атап өтуге болады, – деді ол.
«Вirge» акциясы аясында өңірде 32 мыңнан астам анкета жинақталған. Оның ауқымды бөлігі – кандидатты қолдау хаттары, ұсыныстар мен проблемалық мәселелер де қамтылған.
– Талдау нәтижесі көрсеткендей, ұсыныстардың 15,7%-і әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, 9,4%-і білім, 7%-і тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 5,1%-і денсаулық сақтау жүйесіне қатысты. Өңірлік деңгейде жедел әрекет етуді талап ететіндерін сайлау науқаны барысында тиісті мекемелер шешті. Ал, стратегиялық, аймақтық және республикалық пакет мәселелері сарапталып тиісті органдарға жолданады, – деді А.Әлназарова.
Облыс әкімі тұрғындардан келіп түскен сұрақтардың мұқият қаралуын және орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдарды жергілікті атқарушы органдар тыңғылықты қарап, оның орындалуын және мәселенің шешілуін қатаң бақылауға алсын. Арыз-шағымдардың орындалу барысы туралы тоқсан сайын талдау жасап, қорытындысын баяндап отырыңыздар, – деді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы лауазымды тұлғалардың өтініштерді қарау мәселесінде жауапкершілік танытуларын ерекше атап өтті.
– Сырғытпа жауаптар мен сөзбұйдалыққа салған қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі, қажет болса партиядан шығару және қызметтен босату мәселесіне дейін қаралатынын қатаң ескертемін! – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Президенттің экономикалық дамумен қатар өткір әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламасына тоқталды. Көп мәселелердің шешімі қарастырылған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарын, аймақтағы тұрғын үй құрылысының қарқыны, жан басына шаққанда әлеуметтік салаға бөлетін қаражат бойынша республикада көшбасшылық позицияда тұрақтағаны туралы атап өтті. Баяндамашының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың өсуінің қоғамға теріс әсер еткен тұстары да бар.
– Әлеуметтік көмек алу үшін әдейі ажырасу, жұмыстан өз еркімен шығу, табысын жасыру, отбасының табысы бар мүшелерін әдейі тіркеуден шығару еңбекке жарамды халық арасында масылдық көңіл-күйді қалыптастыруда. Бұл халқымызға тән отбасылық құндылықтардың жоғалуына әсер етеді, – деді ол.
Облыс басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын, оның ішінде көпбалалы отбасыларды қолдауды партиялық бақылауға алуды тапсырды.
– Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдерімен бірлесіп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау шараларын ұсыну үшін 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік Әлеуметтік жол картасын жүзеге асыру қамтамасыз етілсін және атқарылуына партиялық бақылау күшейтілсін, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде заңсыз төленген қаржы анықталса, бюджетке қайтару жөнінде шаралар қабылдауды және аз қамтылған отбасылардың балаларына ыстық тамақ пен қоғамдық көліктерде тегін жол жүрулерін ұйымдастыруды тапсырды.
– Облыстық білім басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесе отырып, аз қамтылған отбасы балаларын тегін ыстық тамақпен және қалаішілік қоғамдық көліктерде тегін жүруін ұйымдастыруды тапсырамын. Сонымен қатар, мектептегі асханаларды талапқа сәйкестендіру, тамақтану сапасын көтеру бойынша жұмысты жеделдету қажет, – деп атап өтті.
Партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов Президенттің саяси тұғырнамасының негізгі бағыттарының басында қарастырылған сыбайлас жемқорлықты жою мәселесіне тоқталды.
– Президент қыркүйек айына дейін жемқорлықты барынша төмендететін реформалар топтамасын дайындауды тапсырды. Өзіне тікелей бағынатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін құрып нақты шаралар қолға алынып жатыр. Олардың қатарында бағыныштылары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа барған жағдайда бірінші басшылардың орнынан түсу институтын іске асыру тетігі қосылатынын айтты, – деді ол.
Облыс әкімі қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық әрекеттері үшін басшының тікелей жауап беретіні туралы еске салды.
– Президент қарамағындағы қызметкер сыбайлас жемқорлықпен айыпталып, қылмысы дәлелденетін болса, оған тікелей басшы жауап беретінін айтты. Осы ұдайы естеріңізде болсын! – деді облыс әкімі саяси кеңестің кеңейтілген отырысында.
Осыған байланысты аймақ басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресті барынша күшейтуге бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізуді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес жұмысын жандандыру мақсатында қосымша ұсыныстар беруді жүктеді.
Президент Елбасы бастамаларын одан әрі дамытып, саяси сабақтастық дәстүрін жалғастыруды мақсат етті. Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры Ибадулла Құттықожаев қоғамды толғандыратын өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді қалыптасқан сабақтастық қағидаты бойынша шешу туралы ой қозғады.
– Еліміздің жетекші партиясына үлкен жауапкершілік жүктелген. Мәслихаттағы фракция мүшелері сайлаушылар алдындағы аманаттарын орындауда белсенділік танытуы тиіс. Фракцияның алдағы отырысында індеттерді тағы бір рет пысықтаймыз, – деді ол.
Мемлекет басшысы билік пен қоғамның алдында тұрған ең негізгі мақсаттардың қатарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастыруды атады. Сыр өңірі – бұл бағдарламаға алғашқы болып үн қосып, өз алдына орталық құрып, іргелі іс бастаған облыс. Отырыста саяси кеңес мүшесі, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев ұлттық рухты ояту, жаңғырту тұрғысындағы ұсыныстарын ортаға салды. (Баяндаманың толық мәтіні осы нөмірде жарияланып отыр).
Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын айтты. Халық пен билік арасындағы алтын көпір болатын кеңестің жұмыс тәртібі нақтылануда. М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледж директоры Бақытжан Сайлыбаевтың айтуынша, сайлаудан кейінгі толқулар екі араға диалог орнау керек екенін айқындап берді. Ұлттық сенім кеңесіне азаматтық коғам өкілдері мен жастар тартылмақ.
– Бұл қазіргі қоғамдағы наразылықтардың алдын алуға, халық пен билік арасына сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға жол ашады. Қоғамда өзара сенім мен тұрақтылық болғанда ғана елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады, – деді ол.
Аймақ басшысы қоғамда масылдыққа жол берілмеуі маңызды мәселе екенін атап өтті.
– Өкінішке орай, қоғамдағы мына бір келеңсіз көрініс туралы да айтқым келеді. Бүгінде ұсынылған жұмыстан бас тартып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жайып күн көруді әдет қылған адамдардың қатары азаймай тұр. Бұдан бөлек, өзі несие алып, қарызын қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатын да азаматтар бар. Бұл – барып тұрған масылдық психология! Мұндай ойды түбегейлі өзгерту керек, – деді аймақ басшысы.
Өңір басшысы қоғам, ел дамуына кері әсер ететін кері көзқарастан арылып, ерен еңбек, тынымсыз тіршілік арқылы мемлекеттің өсіп-өркендеуіне атсалысу әрбір азаматтың адал борышы екенін айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы билік органдарының қызметіне бақылау жасаудағы партияның шешуші рөлін атап өтті.
– Билік партиясы, ең бірінші, биліктің қызметіне сын көзбен қарауы тиіс, уақытылы ескертіп, қажет болса тиісті шаралар қабылдауға мұрындық болуы керек! – деп нақтылады.
Жиында қоғам қайраткері Нұрмұрат Ерманов елдегі саяси өзгерістерге орай пікір білдірді.
Саяси кеңес отырысында облыс әкімі әрбір ұсынысқа мән беріп, тиісті орган басшыларына жұмысты жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |