Қызылордалық тұрғын тасбақа өсіреді

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің тұрғыны Гүлфаризат Данабек тасбақа асырайды. Жануарлар дүниесіне ерекше қызығушылық танытатын ол соңғы үш жылдан бері осы істің қыр-сырына қанығып келеді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Экзотикалық жаратылыс иесін асырардан бұрын ол қоян, тотықұс, атжалман және аквариуимдегі балықтарды өсірген. Тағы бірде оның ойына тасбақа асырау идеясы келді. Тәуекелге бел буды. Соңғы үш жылдан бері сирек кездесетін аталмыш іспен айналысып келеді. Екі тасбақаға Арчи мен Хэппи деген есімдер берді.
Гүлфаризаттың айтуынша, үш жыл бұрын тасбақалар өте кішкентай болған екен. Бүгінгі күні олар біршама өсіп қалғаны байқалады.
«Мен оларды танысымнан сұрап алдым. Алғаш көргеннен ерекше қызығушылығым туды. Ғылыми деректерге сүйенсек, бұлар қызылқұлақты тасбақалар тобына жатқызылады. Байқап көрсеңіз, басының екі жағында қызыл жолақтарды байқауға болады. Білуімше, тасбақалар 60-65 жыл өмір сүреді», - дейді Гүлфаризат.
Бүгінде тасбақалар төрт жасқа толған. Аталмыш бауырымен жорғалаушылар негізінен аквариумде тіршілік етеді. Гүлфаризат аквариумге үй температурасындағы суды пайдаланады. Ондағы су екі күн сайын жаңартылып отырады. Тасбақалар тәулігіне екі сағат құрғақ жерде жүре алады. Оларға берілетін күнделікті қорегі бар. Сондықтан тасбақаларға арнайы уақыт бөліп отыру маңызды. Сондай-ақ, бұл бауырымен жорғалаушылар алма, қырыққабат сынды жемістер мен көкөністерді қорек етеді. Десе де олардың өз талғамы да бар. Мәселен, Хэппи есімді аналығы мұздатқышта қатырылған өнімдері қорек еткенді жақсы көреді. Азығы ретінде көбінесе малдың жүрегі мен бүйрегінен арнайы жасалған дәмдер.
Арчи есімді аталығының салмағы 700 грамм. Ал Хэппидің салмағы одан жеңілдеу, шамамен 500 грамм шамасында. Олардың бойы 15-18 сантиметр. Әзірге олар жұмыртқалаған жоқ. Әл де 3-4 жыл қажет екен. Қызығы, тасбақалар адамның еркелеткенін сезетін көрінеді. Гүлфаризаттың айтуынша, тасбақалар шапшаң қозғалып, өздеріне тән дыбыс шығаратыны аңғарылады. Тамағын сипап көрсең, мойнын соза түседі. Кейде судың бетіне қалқып жатып күнге қыздырынатыны тағы бар. Олар түрлі қылықтар жасайды. Бұл тіршілік жаратылысының да өзіне тән әлемі бар екенін аңғару қиын емес.  
«Балаларым тасбақаларды ермек көреді. Олардың әрбір әрекетіне көз салып жүретінін байқаймын. Сырттан келген адамдарды бірден аңғарады. Ол сәтте мойындарын сауытының ішіне тығып алады», - дейді Гүлфаризат.
Жұмыстан келген сәтте Гүлфаризат оларға қарап демалып қалғандай болады. Сондықтан оларға қамқорлығын аямайды. Бүгінде қос тасбақа 60 литрлік аквариумде тіршілік етіп жүр. Оларды көбірек азықтандырса, тезірек өседі. Айта кетерлігі, олар өскен сайын сауытының да түсі өзгеріп кетеді. Сондықтан табиғат жанашыры алдағы уақытта аквариумді ауыстыруды жоспарлап жүр.
Әлемде тасбақаға байланысты түрлі наным-сенімдер бар. Бірде оларды ұзақ өмірдің символы ретінде бағаласа, енді бірде байлық шақыратын жаратылыс деп санайды. Қытай мен Үндістанда олардан тағам, дәрі-дәрмек және косметика әзірлейді. Тіпті, үнділерді соғыс кезінде олардың сауыттарын қалқан ретінде пайдаланған деген деректер де кездеседі.
Бұған байланысты біздің халқымызда да түрлі таным-түсініктер қалыптасқан. Қыс басталар сәтте олар ұйқыға кетеді. Көктемде өзге де жан-жануарлар тәрізді оянады. Дегенмен олар бірден табиғат құбылысына бейімделіп кете алмайды. Сондықтан табиғаттың өзі дауыл тұрғызады. Тылсым күштің арқасында олар қоршаған орта құбылысына бейімделіп кете алады екен. Оны ел ішінде «Тасбақаның дауылы» деп жатады. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тасбақаның шөбі» деген әңгімесінде қарт ұстаның теріс аунап жатқан тасбақаны оң қаратып, оның аузында тістеген шөбін көреді. Содан кейін қарияның жолы болып, ісі оңға басып жүрген екен.
Дүниежүзінде тасбақаның 250-ге тарта түрі бар. Біздің елімізде олардың 2-і түрі мекен етеді. Олардың қатарының сиреуіне байланысты «Қызыл кітапқа» енгізілген. Десе де мамандар оларды үй жағдайында аквариум мен террариумда асырауға болатынын айтады. Сол арқылы тұқымын көбейтуге және сақтап қалуға болады.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 маусым 2019 г. 496 0