Қарапайым заттар экономикасы: Біздің аймақ алдыңғы қатарда

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссия отырысы болып өтті.

Комиссия жұмысы басталмас бұрын кадрлық тағайындау таныстырылды. «Қазақ инвест» АҚ-ның өңірлік директоры болып Рүстем Тойынбекұлы тағайындалды.

Өңдеу өнеркәсібі саласында импорт алмастырушы кәсіп­орындар үлесін арттыру және ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асуда. Бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыру мақсатында Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, өнер­кәсіп өнімін шығаратын кәсіп­орындарға жеңілдетілген шарт­тармен 600 млрд теңге бө­лініп, қаржыландыру бас­талды.

– Биылғы 13 мау­сымдағы жағдай бойынша жо­балық кеңсе жұмысында жалпы құны 12,5 млрд теңгені құрайтын 114 жоба қамтылды. Оның ішінде құны 801 млн тең­ге болатын 8 жобаны банктер мақұлдады. Құны 2,0 млрд теңгені құрайтын 21 жоба өтінімі қа­ралуда. Республика бойынша жо­балық кеңседе қамтылған жобалардың саны жағынан облыс екінші орында,– деген аймақ басшысы алдағы уақытта бұл көрсеткіштен де жоғары деңгейде жұмыс істеу қажеттігін атап айтты.

Бұл орайда аудан әкімдері мен тиісті сала басшылары белсенділік танытуы тиіс. Бағ­дар­ламаны жүзеге асыру барысы жайлы әр апта сайын тиісті сала басшылары есеп беріп, мәселені талқылап отыруы қажеттігі аймақ басшысы тарапынан тапсырма ретінде айтылды. Сонымен қатар, бұл жұмысқа екінші деңгейлі банктердің оң көзқарасы қажет. Себебі, кейбір банктер маңызды мемлекеттік шарадан қалыс қалып отырғаны атап айтылды. Отырыста кәсіпкер құжатының банкте айлап жатып қалатыны, тиісті жеңілдіктер банк тарапынан түсіндірілмейтіні де ортаға салынды. Екінші деңгейлі банк­тер арқылы жеңілдік түрлері мен шарттарын насихаттау тапсырылды.

Мәжілісте бағдарлама шарттарына бірнеше өзгерістер ен­гі­зілгені белгілі болды. Мәселен, бизнеске түсетін несие ставкасының ауыртпалығын төмен­дету, жаңа кәсіпорын ашқан кәсіпкерлер үшін жеңіл­детілген несиелік кезеңнің бекі­тілуі және несиелендіру үшін қосымша 43 қызмет түрінің ен­гізілуі өңірлерде кәсіпті дамы­тудың жаңа мүмкіндігі екендігі даусыз.

Жобалық кеңсенің атқарған жұмысын баяндаған облыстық кә­сіпкерлер палатасының ди­рек­торы Ғалымбек Жақ­сылықов бағдарламаға кәсіп­кер­лер қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Дегенмен, бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы мәселелер кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныс-тілек те жеткізілді. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктер тарапынан несиенің қысқа мерзімге берілуі, старт-ап жобаларды банктердің қабылдамауы және елді мекендерде қам кесек­тен салынған үйлерді банк­тердің кепілдікке алмауы, ауыл­шаруашылық бағытында айналым қаражатының субсидиясын көтеру өзекті екендігі және бұл мәселелер орталық жобалық кеңсеге ұсынылғанын айтты.

Бағдарламаны жүзеге асыруда мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту үлесі бо­йынша тиісті сала басшылары баяндады. Сонымен қатар бұл жұмыстардың аудандарда жүзеге асу барысы туралы барлық аудан әкімдері селекторлық режимде ақпарат берді.

Аймақ басшысы мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамтудың үлесі көңіл көншітпейтінін атап айтты. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда көш соңында қалмау үшін жұмысты ширату қажеттігін тапсырды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 маусым 2019 г. 578 0