Әріптес мерейі

Жұматали Әбдіраман – тек Сыр өңіріне ғана емес, респуб­лика көлемінде де кеңінен танымал журналист. Еңбек жолын Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған қаламгер осы басылымның жауапты хатшысы қызметін атқарып, одан кейін облыстық телерадиокомпанияда  редактор, телекомментатор, бас редактор болып жалғастырды.

Оның ұйымдастырушылық қа­білеті Арал аудандық «Тол­қын» газеті баспасының бас редактор-директоры қызметін атқарған кезеңде жаңа қырынан көрінгенін әріптестері жақсы біледі. Осыдан кейін облыс орта­лығында «Қызылорда» га­­зетінде редакторлық етті. Бұдан соң тәжірибесі толысқан, қарымды журналист аймақтың ата басылымы «Сыр бойында өз қолтаңбасымен көрінді. Кә­сіби журналист ретінде қоғам­дағы қайшылықтарды, әлеу­метті толғандырған өзге де өзекті тақырыптарды көтеріп, айқын көзқарасымен танылды. Әсіресе жанына жақын Арал тақырыбын тереңдете жазып, оның өткені мен бүгінін, қайта оралған теңіз тынысын халыққа жеткізуге асықты. «Сыр бо­йында» бөлім меңгерушісі, бас редактордың коммерция жөніндегі орынбасары қыз­мет­терін атқарған ол газеттің бас редакторы болып тағайын­далғаннан кейін бұл қызметте де абырой биігінде болды. Ба­сылымда алдыңғы толқын қалыптастырып кеткен жақсы дәстүрлер  сабақтастықпен жалғасын тапты.

Баспасөз саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін ҚР Ақпарат министрлігінің, Қазақстан Журналистер одағының, облыстың Құрмет грамоталарымен марапатталып, «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды. Міне, енді осы марапаттар қатары тағы да толысқаны туралы жақсы жаңалық жетіп отыр.

Жуырда қарымды қалам иесі Ж.Әбдіраман Қоғамдық марапаттар жөніндегі рес­пуб­­ликалық кеңестің ше­ші­мімен баспасөзге сіңір­ген ең­бегі үшін «Қазақ жур­­налис­ти­ка­сы­ның қай­рат­кері» ме­да­лімен ма­ра­­патталды.


«СБ» ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 маусым 2019 г. 1 071 0