Ұрпақ жалғастығының алтын көпірі

Мемлекеттің басты құндылығы адам десек, адамның бас­ты байлығы денсаулығы екені белгілі. Яғни, дені сау, он екі мүшесі аман адам ғана елінің ертеңі, ұлтының болашағы бола алмақ. Осы орайда елімізде, оның ішінде біздің облысымызда тұрғындар саулығын сақтауға баса көңіл бөлініп келеді. 

Әсіресе, ана мен бала денсау­лығын қорғау басты назарда. Бұл бағытта қыруар жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, бірқатар медициналық нысан салынып, олар бүгінде ел игілігіне қызмет жасап отыр. Солардың бірі – облыстық перинаталдық орталығы.

Ана мен бала мекені

«100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған нысан 2014 жылы пайдалануға берілді. 350 төсекке арналған орталық аймақтағы жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге арналған ІІІ деңгейлі стационар болып табылады. Онда балалар мен ересектер реанимациясы, босанғаннан кейінгі акушерлік бөлімшелер, босану блогы, 6 операциялық блок, жүкті әйелдер және жаңа туған нәрестелер патологиясы бар. Сондай-ақ, ­диагностикалық палатасы бар қабылдау бөлімшесі, гинекология, оңалту, күндізгі стационары бар консультациялық диагностикалық бөлімшелер мен медициналық генетикалық орталық та келушілерге қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, қосалқы қызметтің әртүрлі бөлімшелері де жұмыс істейді. Атап айтқанда, клиникалық, биохимиялық, бактериологиялық, ИФТ зертханалар, УДЗ, рентген, аудиометрия каби­неттері, психолог, генетика, офтальмолог, КТГ секілді, тағы басқа бірқатар бөлімше бар. Орталық бас дәрігері Гүлнар Жұмашеваның айтуынша, бөлім­шенің барлығы заманауи үлгіде жарақтандырылған.

– Орталықтағы барлық бө­лімше заманауи үлгіде жабдықталған. Мәселен, босану блогында бүгінгі күні 22 жеке бөлме бар. Әрбір босану залында босанған әйел мен жаңа туған нәрестеге шұғыл көмек көрсету үшін бірреттік төсеніш қолданылады.  Қандай да бір қауіппен туылған нәрестенің жағдайын тұрақтандыру үшін шұғыл түрде көмек көрсету жолға қойылған. Ол үшін 2 палата ашылып, олар қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды және неонатолог дәрігер мен балалар медбикесі бар жаңа туған нәрестелерді реа­ни­мациялау командасы құрылды. 

Ал қабылдау бөлмесі үй-жайы стандартына сәйкес келтіріліп, қайта жаңартылды. Бұл бөлімде сонымен бірге 4 төсектік диагностикалық палата құрылды. Осы палатада бақылауда болған науқастардың 70 процентін әрі қарай емдеуге жатқызу қажет етілмейді, тек 30 проценті ғана емдеуге жатқызылады. Барлық бөлім бірреттік медициналық бұйымдармен, дәрілік заттармен қамтамасыз етілген,– дейді бас дәрігер.

Мұндағы медико-генетикалық орталық іштегі шарананың туа бітті ақауын алдын ала анықтауға мол мүмкіндік беруде. Оған сезімталдығы, анықтау қабілеті жоғары заманауи құрылғылар септігін тигізуде. Яғни, бұл орталық сәбилердің туа бітті ақауын дер кезінде анықтап, нақты шешім қабылдау­ға жағдай жасайды.

 

Заманауи құрылғы – 

нәтижелі қызмет негізі

Орталықтағы әр бөлімнің атқарар өзіне тән қызметі, жауапкершілігі бар. Ал қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуы көп жағдайда оларда орналасқан құрал-жабдықтардың мүмкіндігіне де байланысты. Ана мен бала орталығы материалдық-техникалық базасы жағынан көпке үлгі боларлық. Ресей, Германия, Жапония секілді елдердің соңғы үлгідегі заманауи техникалары мұндағы жұмыстың нәтижелі болуына жағдай жасауда.

– Мекеме ашылған соң талапқа сәйкес материалдық-техникалық базаны жақсарту мақ­сатында көптеген соңғы үл­гідегі құрылғылар сатып алын­ды. Былтырдың өзінде бұ­­рын-соңды болмаған жаңа құ­рал-жабдықтарға қол жеткіздік. Жалпы озық үлгідегі құралдармен қамтамасыз етілуі жағынан біздің орталық республикада екінші орыннан көрініп келеді,– дейді Гүлнар Хамзақызы.

Атап айтқанда, жаңа туыл­ған нәрестелерді анасының еріп жүруімен ауыстыруға арналған жылжымалы кереует ем-шаралар жасауда таптырмас құралдардың бірі болса, рециркулятор медициналық мекемедегі ауаны дезинфекциялауға арналған. Ал ламинарлық шкаф жаңа туған шақалаққа арналған инфузиялық ерітінділерді дайындау кезінде шаңсыз бактерияға қарсы ауа ортасын құруға пайдаланылады. Яғни, ол жұмыс аймағында инфузиялық ерітінділерді сыртқы ластанудан қорғайды. Осылайша ол нәрестеге жұқпалардың жұғуына жол бермейді.

Орталықта орналасқан ұрық­­­тың КТГ (кардиотокография) мо­ниторинг станциясы маман­дардың мәлімдеуінше, босану кезінде шарананың жүрек соғуын тұрақты бақылауға және босану барысының уақы­тылы тактикасын таң­дауға арналған. Орталықтандырылған станцияға жеке перзентхана залдарынан 13 КТГ аппараты қосылған. Бұл қызметкерлерге палатадан тыс та шарананың құрсақішілік жағдайын бақылау­ға мүмкіндік береді.

«Моно және биполярлық резектоскопия мүмкіндігімен гинекологияға арналған Карл Шторц эндоскопиялық бағанда лапароскопиялық және гистероскопиялық оталар жасалуда. Ол аппаратты қолдану үшін дәрігерлеріміз шетелде білім алып, операциялық медбикелер оқытылды. Сондай-ақ, диагностика, хирургиялық емдеу мен оқыту мақсатында заманауи интеграцияланған Ori NEO телекоммуникациялық-опе­ра­ция­лық операторы іске қосылды. Ол операциялық өрісті визуализациялау, ота барысында науқас туралы барлық қажетті клиникалық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жұмыс барысын қашықтықтан бақылау­ға тиімді» деп атап айтты бас дәрігер.

Жан сақтау бөлімінде қолданысқа енген германиялық мультифильтрат құрылғысы қанның экстра корпоралдық детоксикациясының жоғары шараларын жүргізуде қолданылады. Яғни, ол артық сұйықтықты, уытты заттарды жоюға, электролит балансын түзетуге арналған. 

Жаңа туылған нәрестелердің өмірін сақтап қалуға арналған соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар қатары да жыл сайын артуда. Солардың бірі шала туған шақалақтың көру қабілетін дер кезінде диагностикалауға арналған  «RetcamShuttle» кең жиекті цифрлы ретиналды камерасы. Ол облыс әкімдігінің қолдауымен лизинг арқылы алынған. Бұл құрылғы арқылы шала туған нәрестенің көз ақауын, яғни, көз түбірі, көз тамырлары суретке түсіріліп, диагностика жасалып, көз патологияларын анықтауға мүмкіншілік береді. Бас дәрігердің айтуынша, бұл құрылғы еліміз бойынша 5-6 медициналық мекемеде ғана бар. Ретиналды камера қызметін пайдалану мақсатында неонатолог мамандары арнайы оқытылған. Биылғы қаңтар-ақпан айларының өзінде 3 нәрестеден осы аппараттың арқасында көз ақауы нақтыланып, олар ота жасату үшін Алматыға жіберілген.

Оған қоса былтырғы жылдың аяғында салмағы аз балаларды күтумен және қарқынды терапиямен айналысатын заманауи құрал алынды. «PHOENIX CIC101» аппараты сәулелі жылу блогы арқылы нәрестені жылытады. Құрылғыда шала туған нәрестенің қауіпсіздігі үшін бар жағдай жасалған.  Өткен жылы сонымен бірге бір эксперт, бір премиум класты УДЗ және флюро аппараты алынған.

Айта берсек, орталықта ана мен баланың саулығын сақтауға қажетті соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар баршылық. Олармен жұмыс жасайтын мамандарды уақытылы даярлау – бас дәрігердің алға қойған бас­ты мақсаты.

 

Білікті маман – беделің

Маман демекші, орталықта 776 қызметкер жұмыс жасайды. Олардың ішінде дәрігер саны – 128. Орта буын қызметкері 376-ны құрайды. Г.Хамзақызының айтуынша, мекемені кадр­мен қамтуда айтарлықтай мә­селе жоқ. Акушер-гинеколог, неонатологтармен қамтылу 75-80 процентке жеткен. Тек анес­тезиолог, реаниматолог ма­мандарының жетіспеушілігі ба­рын бас дәрігер айтып өтті. Орталықта мамандар біліктілігін көтеру, қайта даярлау жолға қойылған. Дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерін үздіксіз оқыту үшін былтыр мекемеден арнайы оқу орталығы ашылған. Семинар мен тренингтер өткізу үшін қызметкерлер арасында жаттықтырушылар тағайындалған. Алыс-жақын шетелден іс-тәжірибеден өтіп, біліктілігін көтерген мамандар қатары да баршылық. Орталықта отыз жылдан астам еңбек етіп, өзінің адал қызметімен, біліктілігімен көптің алғысын арқалаған, бүгінде жастарға ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген білікті мамандар қашанда мекеме мақтанышы. Ондай ақ халаттылар қатары көп мұнда. Атап айтсақ, жоғары санатты дәрігер, 30 жылға жуық еңбек өтілі бар маман Сәуле Жақанова, 33 жылға жуық орталықта еңбек етуші дәрігер неонатолог Шынар Ахметова, 29 жылға жуық осы салада қызмет атқарып, талай баланың өмірге келуіне себепкер болған акушер-гинеколог Манат Бодықова, 33 жылдық тәжірибесі бар акушер Ләззат Күздеубаева, жоғары санатты мейірбике, 33 жыл осы салаға өмірін арнаған маман Жанар Жүрінбаева, 25 жылға жуық тәжірибесі бар мейірбике Нұргүл Исабекова, 9 жылға жуық еңбек өтілі бар аға мейірбике Ақмарал Жолма­ханова сынды көптеген қызметкерлер орталықтағы жас әріптес­теріне үлгі болуда.

Цифрлы технология – өнімді еңбек

Орталықты цифрландыру барысында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде мұнда интернет байланысы бар 200-ге жуық компьютер жұмыс жасайды. Оларға халықаралық стандарттарға және технологияларды өңдеудің тиімді тактикасына сәйкес бағдарлама енгізілген. Облыста алғаш болып 2015 жылы «МИС Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесі енгізілген болатын. Қазіргі уақытта «КМИС» бағдарламасы бойынша деректер базасы статистикалық кабинет пен жергілікті желімен қосылған. Бұл босанудың электрондық тарихын, жаңа туған нәрестенің даму тарихын, стационарлық науқастың медициналық картасын, зерттеулер, талдаулар және басқа да ем-шаралар жүргізуге қолайлы.

«Азаматтарға арналған Үкі­мет» «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп пилоттық жобаны іске қосты. Енді жаңа туған сәбилерді тіркеу­ге өтініш беру автоматты түрде жүргізіледі. Бала туғаннан кейін ата-анаға құттықтау, сондай-ақ, баланың тууын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті алу ұсынысымен SMS-хабарлама келіп түседі. Электрондық үкімет порталы барлық мәліметтерді түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен тартады, ал жетпейтін болса қызмет алушыдан хабарлама арқылы сұратады. Осылайша өтініш берушіге дайын туу туралы куәлікті алу немесе оны үйге жеткізуге тапсырыс беру ғана қалады.

 

Тынымсыз тірлік жетістікке жетелейді

 

Осындай тынымсыз әрі сапалы жұмыстардың нәтижесі болар, облыстық перинаталдық орталығы жетістіктерге жетіп, өңіріміз ғана емес, республика көлемінде де үздіктер қатарынан көрініп келеді. Мәселен, 1992 жылдан бастап ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің «Ана мен балаға достық қарым-қатынас ауруханасы» сертификатын иеленсе, тәуелсіз ұлттық бизнес-рейтинг нәтижелері бойынша ҚР ірі кәсіпорындары арасындағы перинаталдық орталық «Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеушісіне» сәйкес өткізілген статистикалық саралау нәтижелері бойынша үздік 15-тің қатарына еніп, «2014 жылдың мемлекеттік кәсіпорны» сертификатын алды. Сондай-ақ, 2017 жылы аккредитация нәтижесінде 1 санатқа ие болды.

Голливуд жұлдыздары өз перзенттерінің Лос-Анджелес­тегі №6 Cedars-Sinai Medical Center-де дүниеге келуін қалайды екен. Себебі мұнда жас босанған анаға кең сарайдай апартаменттер, мейрамхана мә­зірі, жеке күтуші ұсынылады. Ақпарат агенттіктері ондағы дәрі­герлердің күлімсіреумен шек­телмей, ән шырқап, би билеп, бала туу процесін мейрамға айналдыратынын жазады. Дәл осы деңгейге жетпегенімен, біздің елімізде де «бес жұлдыз­ды» перзентханалардың пайда болғанын Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтау­ды дамыту республикалық ор­­та­лығы медициналық ұйым­дардың рейтингін жариялау барысында айтып өтті. Рейтинг нәтижесінде «клиникалық қызметі бойынша» 17 облыстық перинаталдық орталықтың 6-ы бес жұлдызға ие болған. Солардың қатарында Қызылорда облыс­тық перинаталдық орталығы барлық сынақты «беске» тапсырып, бар жұлдызды жинағаны белгілі болды. Бұл орталық ұжы­мының тынымсыз еңбегі, үздіксіз ізденісінің бірден-бір нәтижесі екені сөзсіз. Ал осы жетістіктерге жетуде жұмыс ба­ры­сын қиыннан қиыстырып ұйымдастыра білген, оған қоса ұжымды осы істерге жұдырық­тай жұмылдырып отырған бас дәрігердің өлшеусіз еңбегі жат­қа­нын айтпай кетуге болмас.

Гүлнар Жұмашева  30 жылдан астам уақытты қамтитын дәрігерлік қызметінде денсаулық сақтау саласындағы талай өзгерістерді бастан өткеріп, қиын­дықтарды еңсеріп келеді. Әсі­ресе, ана мен баланың сау­лығына жауапты болудың ауырт­­палығын одан артық сезінетін жан жоқ шығар. Ақтөбе медициналық институтында оқып жүргенде Қызылордаға келін болып түскен Гүлнар Хамза­қызы жоғары оқу орнын 1988 жылы бітірген бойда жолдамамен Сыр өңіріне келді. Оның еңбек жолы емханада басталды.  Аймақтық дәрігер, кейін бас дәрігердің орын­басары болып тоғыз жылдай емханада еңбек еткен ол одан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасында қызмет істеді. 2003 жылдан бастап қалалық перзентхананың бас дәрігері болып тағайындалып, күні бү­гінге дейін осы лауазымды абы­роймен атқаруда.

– Менің ата-анамның екеуі де мұғалім болған кісілер. Отбасында 9 бала тәрбиелендік. Ол кісілер бізді сеніп тапсырылған жұмысты жауапкерші­лік­пен атқаруға, қызметке адал болуға, қай жерде жүрсек те ата-ана атына кір келтірмеуге тәрбиеледі. Бала кезден бо­йымызға сіңген сол тәрбие әлі күнге дейін жадымызда тұрады. Қай қызметті атқарсақ та адал, ыждағаттылықпен еңбек етіп, сол кісілердің атына сөз келтірмеуді мақсат тұттық. Денсаулық сақтаудың өзге салаларында бір адамға ғана жауапты болсаң, бізде екі адамның өміріне бірдей жауаптымыз. Сондықтан бізде жауапкершілік жүгі екі есе ауыр,– дейді бас дәрігер. 

Ата-анадан берілген тәрбие, бойындағы талапшылдық, ізде­німпаздық, еңбекқорлық, жа­ңа­шылдыққа ұмтылу, кі­ші­пейіл­дік қасиеті Гүлнар Хам­зақызының қай қызметті атқарса да көпшілік ықыласына бөлеп, абырой биігінен көрсетсе, жүрек қалауымен таңдап алған дәрігерлік мамандығында ақ желеңіне кір жұқтыр­май келеді.


Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 маусым 2019 г. 576 0