Тәуелсіздік жылнамасындағы тарихи күн

 Бүгін Тәуелсіз еліміздің жылнамасында тағы бір тарихи сәтті бастан өткердік. Қазақстан Президентін ұлық­тау рәсімі 9 маусымдағы сайлау нәтижесінде жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне ресми түрде кіріскенін айқындайды.
Ұлықтау рәсімінде Президент өз бағдарламасын жария етті. Бірқатар маңызды мәселелер қамтылған бағ­дарламаны бүкіл ел тыңдады. Мемлекет басшысы атап өткен 10 бағыттың ең басында халықтың табысын арттыру мәселесінің тұруы азамат­тарымыздың өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеуіне жол ашады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес, әділеттілік, қоғамдағы әртүрлі көзқарастарды сыйлай отырып, ортақ ұстанымға шақырудың маңызы зор. Президент «Енді біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Оның шешу жолдарын білеміз», – деді.
Азаматтардың барлық жерде әділдік орнауын қалауы –  қалыпты жағдай. Президент халықтың табыс көлемінің азаюына халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы кері әсер еткенін атап өтті.
– Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың ара­сын­дағы алшақтық –  біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құ­былыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан, дәл осы өткір әлеуметтік-эконо­микалық және саяси мәселені шешу үшін орта­мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет, – деді Президент.
Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажеттігін алға тартып отыр. Жаңа Эко­логиялық кодекс қабылдау, әр үйге таза ауыз су жеткізу, жол­дардың сапасы, қолжетімді бас­пана сияқты өмірлік маңызы бар бастамалар халықтың көңі­лінен шықты деп ойлаймын.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы
 төрағасының
орынбасары.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 маусым 2019 г. 452 0