« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Биыл Отанымыздың жүрегі Астана қаласы 16 жасқа толғалы отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын осы қысқа мерзім ішінде қазақ елінің бүгінгі бас қаласы – Астана өз атын жас тәуелсіз мемлекетіміздің шежіресіне алтын әріптермен жазып үлгірді.
Тарихқа көз жіберсек, әрбір мемлекеттің орталық қалалары халық тағдырында ерекше маңызға ие болып келгенін байқаймыз. Қысқа мерзімде қасиетті қазақ жерінің қақ ортасында бой көтеріп, Алаш жұртының бағын жандырған Астана қаласының дамуы жас мемлекетіміздің тарихымен тығыз байланысты.
Сарыарқа төсіндегі өзендер бойы бірнеше өркениет тоғысқан киелі аймақ болып саналады. Арқа жерінде қала мәдениеті ежелден жоғары деңгейде дамыған. Қазіргі Қазақстанның солтүстік бөлігі 1831 жылы Ресей империясының қарамағына кіргені белгілі. Осындай мәдениет ошағы болған Қараөткел тұсындағы ежелгі Бозоқ қаласы маңынан 1832 жылы әсери бекініс ретінде Ақмола қаласының іргетасы қаланады. Араға 166 жыл салып ел астанасы Алаштың қасиетті Арқа даласына көшірілді.
Үш жүз жылға жуық отарлық езгіні бастан өткізген, одан жетпіс жылдан астам қызыл империяның қысымында болған жас мемлекетіміздің астанасын ауыстыру, расында да тарихи шешім еді.
Өздеріңізге белгілі, 1994 жылы 6 шілде күні Жоғарғы Кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алатау баурайынан Сарыарқа төсіне көшіру жөнінде ой айтқан-ды. Мұндай саяси шешімнің қаншалықты қажеттігін ол кезде көпшілік түсінбеді.
Тұңғыш Президентіміз: «Бұл мен үшін емес, бұл ел үшін керек, мұның мәнін қазіргі адамдар ұғар-ұқпас, бірақ болашақ ұрпақтарымыз ұғатын болады», деген көшелі ойын жария еткен-ді сол кезде. Ал, кейін ұлы көш басталар тұста: «Біз Алатаудың бауырындағы Алматыға сыя алмағаннан емес, Алматыны қия алмай кетіп барамыз» деген бір ауыз жүрекжарды сөзі ел мен жер тағдырын арқалаған үлкен жауапкершілік болды.
Бас-аяғы 10 жылдың ішінде Елбасының ұстанымы расқа шықты. Астана қаласы өткен жылдар ішінде адам танымастай өзгеріп, жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір қайталанбас «Ғасыр жобасына» айналды. Осылайша, Астананың басқа қалаға ауысуымен ұлт тарихының жаңа парағы ашылды.
Былтырғы өткен 15 жылдық мерейтой қарсаңында ару қала Астананың ажарына ажар қосатын қаншама стратегиялық маңызды нысандар пайдалануға берілді. Бүгінде келешекке қол созған Елордамыздың картасында бірегей сәулеттік құрылыс нысандары пайда болды.
«Ақорда» ҚР Президентінің Резиденциясы, Президенттік мәдени орталығы, Ислам мәдени орталығы, еркіндік пен елдіктің символына айналған «Бәйтерек» кешені, «Атамекен» этномемориалдық паркі, «Думан» және «Хан шатыры» ойын-сауық орталығы, цирк ғимараты мен «Сарыарқа» велотрек кешені, ұлтаралық ынтымағымызды әйгілейтін Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттері, «Астана-Арена» стадионы, «Сарыарқа» велотрек кешені, Ұлттық академиялық кітапхана мен Ұлттық мұрағат, Парламент және Үкімет үйлері – бәрі-бәрі елордамыз бен Отанымыздың символына айналды.
Мұнда ғасырда бір-ақ салынатын алып құрылыстар әлі де тоқтаусыз бой көтеруде. Соның ішінде 88 қабаттан тұратын Абу-Даби кешенін ерекше атап өтуге болады. Осы бір биік нысан Қазақстан мен Орта Азиядағы бірегей ғимарат болғалы тұр.
Жас мемлекетіміздің аз уақыт ішінде әлемдегі озық архитектуралық ой-жобалар негізінде сәнді де салтанатты қала тұрғызуы – әлем халықтарының жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Сондықтан да әсем Астана – әрбір қазақстандықтың ортақ мақтанышы, ғылым мен білімнің орталығы!
Бүгінде Астана еліміздің экономикалық, саяси-мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды. Соңғы 10 жылдан бері әлемдік деңгейдегі түрлі басқосулар ару қала Астанада өтіп келеді. Ұлы тарихтың осы бір жүгін лайықты көтере білген Елордамыздың бүгінгі күні айдай әлем алдындағы жүзі жарқын, мерейі үстем, абыройы асқақ екендігі тағы бар. Қазірде жиі айтылып жүрген «Астана – Елбасының ерлігі» деген баға өте орынды. Астана қаласымен аспандаған дүние алдындағы абыройымыз және де осы бір жарқын да үстем мерейіміз үшін біз ең әуелі бір адамға – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымызды айтар едік. Өйткені, XXІ ғасырдағы қазақ елін, ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізді, бүгінгі Астанасыз көз алдыңызға елестету қиын.
«Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз» деп Елбасы атап өткендей, тәуекелге бел буып, өз қайығын тәуелсіздік атты мұхитқа салып, кемел келешекті бетке алып айдынға шыққан бүгінгі Қазақстанның орталығы Астана – өзінің сәні мен салтанаты келіскен, сәулеті мен дәулеті асқан ару қала! Әлемнің үмітті астанасы!
Ендеше, бабалар рухын қастерлеудің үлгісіндей, баянды болашақтың ордасындай Сарыарқаның төрінде орын тепкен ару қала Астанамыздың туған күні құтты болсын, мәртебесі биіктей берсін!
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |